Қайнар білімнің құтханасы

950

0

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» дейді бұрынғылар. Жұмырбасты пенденің көкірек көзін ашуда осынау киелі орынның зор септігі тигені шүбәсіз.

Әр төбесін түртіп қалсаң, тұмса тарихы қазыналы көмбедей болып жататын Қазалы ауданындағы алғашқы кітапхананың да шежіресі қатпарлы. Өткенімізге зер салсақ, Қазақстан мен Орта Азияның табиғаты мен тарихын зерттеген орыс саяхатшылары қалдырған мәдениет ошақтары көптеп кездеседі. Соның бір мысалы 1901 жылы Қазалы қаласында салынған ең алғашқы кітапхана құрылысы деуге толық негіз бар. Оның іргетасын сол заманда тағдыр­дың тезімен қазақ даласына жер аударылып келген орыс зиялылары қалаған. Олар кітап­хана қорына қолда бар әдебиеттерін беріп, қазақ жастарының ұйым­дасып ойын-сауық қоюы­на, одан түскен қаржыға кітаптар сатып алуына мұрындық болды. Кітапхананың білім көзі екенін түсінген қазақ зиялылары оның қорын толықтыруға өзіндік үлестерін қоса бастады. Сөйтіп, алғашқы жылы 437 дана кітап қорымен Қазалы қаласында өз оқырмандарын қабылдады. Сол жылдары кітапхананың тұрақты 113 оқырманы болды.

Кейінгі жылдары Арал теңізін зерттеуге келген академик А.С.Берг осы кітапханаға арнайы соғып, бірнеше ғылыми әдебиет қосты. Орта Азияға сапар шеккен атақты саяхатшы П.П.Семенов-Тянь-Шанский де Қазалы қаласында болып кітапхана жұмысын жақсарту туралы кітапханашыларға ақыл-кеңес берген. Кейін өзінің жеке кітапханасынан 200-ге тарта кітапты қолтаңбасымен сыйға тартқан. Бұл кітаптар әлі күнге қалалық кітапхананың жанынан ұйым­дастырылған «Алтын қор» мұражайында сақтаулы.

Осылайша Сыр бойында  ең алғаш ашылған оқырмандар ордасында кітап қоры жылдан-жылға көбейе түсті. 1905-1907 жылдардағы орыс революциясы кезінде кітапхана қызметкерлері белсенділік танытып, патша үкіметі тыйым салған әдебиеттер мен газет-журналдарды жинас­тырып, тығып ұстады. Сол тұстары кітапхана алдыңғы қатарлы жастар мен зиялы қауым өкілдерінің бас қосатын сүйік­ті мекеніне айналған. Сондай жастар қатарында Орта Азия мен Қазақстан жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев, большевиктер ­секретарьларының бірі Вали Семенеев, халық ағарту ісінің үздігі Бердікен Мергенбаев, көп жылдар бо­йы Ташкент университетінің профессоры болған Фатых Бакиров және басқалар болды.

Ұлан-ғайыр игілікті іс­тер­дің басында кітапхананың ең алғашқы кітапханашысы, 1900-1917 жылдарда еңбек еткен Надежда Шалаева жүрді. Кітапхана алғашқы кездері орыс және татар бөлімінен тұрды.

Қазалы қаласындағы қайнар білім ордасының 1917-1956 жылдардағы меңгерушісі болған Уәли Адамовтың еңбегі ерекше. Кітапты сүйген ғажайып жанның арқасында оқырман мен кітапхана арасындағы байланыс жақсарды, кітап пен оқырман саны, мәдени-көпшілік жұмыс­тар көбейе бастады. Ол ерінбей-жалықпай іздене отырып, кітапхананы жаңа белес­ке көтере білді. Уәли Адамов – Қазалы ауданындағы кітапханатану ісіндегі көшбасшы.

«Толқыннан толқын туады» демекші, мұнан кейінгі 1951-1980 жылдар аралығында кітапханада Сейілхан Төлегенов, Жәкеш Төлепова еңбек етсе, 1963-1970 жылдар аралығында Жәрмедет Хайруллаев халыққа кітапханалық қызметінің озық үлгілерін ұсынды.

Тәуелсіздік алған бүгінгі уақытта да ілім-ғылымның құтханасы халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Замана көшінен бір сәтке де қалыс қалған емес. Тарихы тәлімді, қызметі жүйелі кітапхананың қазір 56602 кітап қоры, 3107 тұрақты оқырманы бар. 2010 жылдан бастап Гүлнар Пірімбетова бастаған кітапханашылар халыққа үздіксіз қызмет жасап келеді.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<