Сенім жүгін арқалаған жастар

1085

0

«Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан

Биыл отыз жылдық мерейлі межесіне жеткен тәуелсіздік – әу баста ата-баба тілеуінің, өрлігі мен ерлігінің, осы еңсе көтерген елде өмір сүріп жатқан халық бірлігінің жетістігі. Осы уақыт аралығында Қазақстан әлемде жеке-дара ел екенін дәлелдеді. Өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар егеменді, зайырлы елге айналды.

Тарих ағымында бұл аз мерзім болғанымен, халық санасында оқиғаға бай, жетпіс жыл бойы қалыптасқан бір құрылымнан екіншісіне өту жолымен, бірінің артынан бірі орын алған үлкен өзгерістер тізбегімен есте қалары сөзсіз. Солардың бірқатары білім беру саласында орын алған еді. Жалпы, бұл жаңа өмір ағымына ілесуге мұқтаждық халық санасын түбегейлі өзгертті.

Сол қиын-қыстау заманда енді мектеп бітіріп, ұядан ұшқан жастарымыз алғашқы сынақтан елмен бірге өтіп жатқан еді. Түлектердің бірқатары «қиналып отырмыз, бармай-ақ қойшы» деген ата-ана сөзін жерге тастамай, бірден шаруаға араласып кетті, сөйтіп бірден өмір университетінен өтіп жатты. Енді бірсыпырасы тәуекел етіп, білім жолына аттанды. Кеше ғана өзекті болған, жарқын болашақ сыйлайды деп үміт күтіп жүрген мамандықтар көзден бұл-бұл ұшты. Алғашында бала арманмен таңдап, оқып алған диплом сандық түбінде жатпасына кім кепіл?

Нарықтық экономикаға көшкенде экономист, заңгер мамандықтарының  ерекше танымал болуы сол кездегі құрылымдық өзгерістердің алғышарты – құқықтық базаны қалыптастыру болғандықтан да шығар. Қиын таңдау жүгін өз мойнына алып жастарымыз оқу орнына түсіп жатты. Таршылық тауқыметін елмен бірге көрді, оқу мен жұмысты қатар алып жүріп шыңдалды. Сол заманда студент болған аға буын ел басқару ісіне үлес қосып, жаңа даму кезеңін жүзеге асырып жатты.

2000 жылдардағы студенттер айтарлықтай жаймашуақ кезеңді бастан кешірді. Кешегі студентіміз енді өмірге нық сеніммен қарайтын болды. Мемлекеттік деңгейде білім беру үрдісі нақты жолға қойылды, қандай мамандықтарға сұраныс жоғары екені анықталып, мемлекеттік грант көбейе бастады. Үлкен қалаларға барып оқуға мүмкіндігі жоқ жастарға жол ашылып, жергілікті оқу орындар саны көбейді. Жас маманның нарық талабына сай білім алуына көңіл бөлініп, әлемдік білім алу ресурстарына жол ашылды. Сонымен қатар, дарынды жастарымыз шетелде білім алу мүмкіндігіне ие болды. Ғылым саласы да қайнаған өмір ағымымен ілесе жүрді, талантты жастар ел дамуына, ғылым жағына да үлес қоса бастады.

Тағы он жылды артқа тастап, келесі буын студенттерімен танысайық. Мектеп қабырғасынан заманауи техниканы меңгерген түлектер студенттік өмірге бірден ілесіп, сонымен қатар қоғамдық жұмысқа белсене қатысатын болды. Жалындаған жастар әлеуметтік, саяси, азаматтық көзқарасын белсенді білдіріп, қоғамдық ұйымдар мен жұмысты қатар алып жүретін болды. Ақпараттық технологиялардың дамуымен кең етек алған бейнебақылау жүйесі оқуға түскенде де, оқып жатқан кезде де парақорлық деңгейін айтарлықтай төмендетті. Сонымен қатар, студент алмасу бағдарламасы арқылы шетелде білім алу мүмкіндігіне ие болған ЖОО саны артты. Студентіміздің өзіне, қоғамға деген сенімі, ел мүддесіне қызмет етуге құлшынысы арта түсті.

Келесі кезеңді пандемия ерекшелендірді. Студенттер ғана емес, оқытушылар да қашықтан оқудың қыр-сырын меңгеріп, негізгі бағдарламадан тыс қосымша сервистерге де қол жеткізе алатын болды. Ендігі жолы үйден шықпай-ақ отандық және шетелдік ресурстарды кеңінен пайдаланатын болдық.

Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметтеріне жүгінсек, болашақта керек 10 дағдының арасында «soft skills» – икемді дағдылар басым болып отыр. Ал бұл дағдыларды тек кәсіпкерлік білім арқылы игеретіндіктен, либералды университет студенттерге мамандық қана емес, сонымен қатар белгілі бір дүниетанымға негізделген өмірлік бағыт береді. Өз мамандығы бойынша кәсіби білім алып шыққан ЖОО түлегіне сол қабілеттерін кәсіпкерлік біліммен қуаттауына жағдай жасау үшін мемлекет арнайы курстар ұйымдастырады. Мектеп оқушыларынан бастап, зейнеттегі қарияларымызға дейін қосымша білім алып, өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік беретін оқу платформалары кеңінен таралып келеді.

Иә, студентіміз әлі де оқумен қатар жұмыс жасап жүр. Бірақ кеше ол жүк тасу, даяшы, күзет қызметтерін ұсынса, бүгін орнықты оқуға көбірек уақыт қалдыра отырып, кәсіпкерлік дағдыларын дамытып, жеке қызметтерін ұсынуға, сол арқылы ертеңгі күні мамандығы бойынша сенімді әрекет етуіне мүмкіндік алды.

Кеше тұлғаның миы, басы, ақылы, интеллекті бірінші орында еді, ал бүгінде адамды бағалап, бірінші кезекте, оның ішкі дүниесін, рухани ахуалын, адамгершілік қасиеттерін ескереміз. Абайдың «Адам бол» деген рухани қағидасы бүгінде білім игеру жүйесінің басты бағдарына айналып отыр. Осылайша, өз мүдделерін діттеген индивидтер тобы емес, Отанының адал ұлдары мен қыздары, ортақ мақсаттары бар, ата дәстүрі мен заманауи құндылықтарды біріктіре отырып, биік армандарға қол жеткізе алатын жалындаған жастар қауымдастығын қалыптастыру үрдісіне жоғары оқу орындары белсенді атсалысады. Отыз жылда көп жетістікке жеттік. Алар белестеріміз одан да зор екеніне сенімім мол. Кешегі өткен Мағжан атамыз сенгені сияқты, мен де жастарға сенемін.

Ләззат СПАНОВА,

экономика ғылымдарының магистрі, Қызылорда «Болашақ» университетінің аға оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<