Тәуелсіздік – фотокамера нысанасында

876

0

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ұйымдастырылған «Менің халқым. Менің Отаным» атты фотобайқау нәтижелері белгілі болды. Егемен елдің көркем табиғатын фотокамера нысанасына алған 12-сынып оқушысы Гүлнұр Мейрамханованың фотосуреттері үздік деп танылды.


Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шығармашылық байқауға 100-ге жуық сурет келіп түсті. Жас фотографтар туған жердің сұлулығын, халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрін, еліміздің өткені мен бүгінін шығармашылық жұмыстары арқылы көрсеткен.


– Байқау ережесіне сәйкес қатысушылар 3 фотосуреттен жіберуі тиіс болатын. Үздіктерін таңдау барысында идеяның креативтілігі мен ерекшелігіне аса мән берілді», – дейді фотоүйірменің жетекшісі Пак Денис.
Байқауда мектеп ұстаздары мен кәсіби фотосуретшілерден құралған тәуелсіз топ әділ-қазылық етіп, жоғары бағаларын берді.


– Фототүсіру өнерінің алғашқы алғышарттарымен жақсы таныс екенін байқадым. Фототүсіру заңдылықтарын ұстанып, табиғи жарықпен жұмыс жасап, қызықты нысандарды кадрға орналастыруда керемет идеяларын көрсете білді, – дейді Қызылорда облысында танымал фотограф Рамиль Магдеев.


Байқау қорытындысы бойынша жүлделі 3-орынды 9-сынып оқушысы Айзере Дастанова иеленсе, 2-орынды 8-сынып оқушысы Алмас Аскербаев қанжығалады. Ал ерекше композициямен және фото түсіруде жоғары шеберлігімен ерекшеленген Гүлнұр Мейрамханова 1-орынмен марапатталды.


Үздік жұмыстардың авторлары естелік сыйлықтармен марапатталып, барлық қатысушылар сертификаттарға ие болды. Сонымен қатар фотоөнерінің кәсіби маманы Рамиль Магдеевтің шеберлік-сағатына қатысып, шығармашылықтарын арттыра түсті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<