Үшінші тоқсан: қандай өзгерістер болмақ?

660

0

Биылғы жыл білім саласында ерекше кезең болды. Пандемияға байланысты білім жүйесі онлайн форматқа ауысты. Балалар, ұстаздар мен ата-аналар үшін жаңа жоба әзірленіп, қашықтан оқыту жүйесі қолданысқа енді. Жаңа режимде жұмыс істеу педагогтер үшін де оңай болмады. Дегенмен, оқушылар екінші оқу тоқсанын да тәмамдап қалды. Нәтиже қандай? Үшінші тоқсан да онлайн  оқытыла ма? Кезекші топтар жұмысы қалай жалғасады деген сауалдар туындап отыр. Жауап іздеп көрелік.

 Облыста  300 мектеп бар. Онда 170034 бала білім алады. Оның ішінде 293-і мемлекеттік және 7-і жеке мектеп. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай дәстүрлі оқу жүйесіне көшу кезең-кезеңімен іске асырылуда. Бірінші оқу тоқсанында 37436, екінші тоқсанда 53568 бала мектепте оқыды. Ал, үшінші тоқсанда 71589 бала мектепке барады.

Бүгінгі күні оқушылар жиынтық бағалау жұмысын тапсыруда. Оқу тоқсаны 30 желтоқсан күні аяқталады. Олар 11 күн демалып, 11 қаңтар күні сабақ бастайды. Осы ретте министрлік бекіткен алгоритмге сай үшінші тоқсанда  1-5  сыныптар үшін кезекші топтар жұмыс істейді. Оқушы саны 300-ден аспайтын мектептерде оқу жүйесі дәстүрлі форматта жалғасады. Сонымен қатар 9-11 сынып оқушылары карантин талаптарын сақтай отырып, дәстүрлі түрде мектепте білім алады. Бүгінгі күні 9 сыныпта 13252, 11 сыныпта 7004 оқушы оқиды. Бұл сыныптарда балалар қорытынды емтихан мен ұлттық бірыңғай тестілеу кезіндегі міндетті пәндерді өтеді. Нақты айтар болсақ, үшінші оқу тоқсанында 120 мектепте 19170 оқушы дәстүрлі форматта оқыса, 180 мектептегі 98445 оқушы қашықтан оқытылады.

Бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының өтініші бойынша, ахуал жақсарған жағдайға дейін, қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, кезекші сыныптардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі. Өйткені биыл мыңдаған бала мектеп табалдырығын алғаш аттады.  Үшінші тоқсанда 1-5 сынып аралығындағы  2296 кезекші топта 34398 бала білім алатын болса, 9-11 сыныпта 18021 оқушы дәстүрлі форматта  оқытылады. Үшінші оқу тоқсанында дәстүрлі оқитындар саны 10 процентке артады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова айтып берді.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов   «Біз сыни пікірлерді естіп те, көріп те отырмыз. Дегенмен, қашықтан білім беруге көшу – коронавирустық инфекцияның таралуын азайтуға бағытталған шаралар аясында жүзеге асып жатқанын барлығы түсінгені жөн. Өкінішке қарай, басқа таңдау жоқ. Оқу процесі тоқтатылмауы тиіс. Ал қашықтан оқытуға келетін болсақ, біз оны онлайн-оқытумен шатастырмауымыз керек. Қашықтық форматының ұғымы әлдеқайда ауқымды және бірден бірнеше әдістерді пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндай формат сабақты геймификациялауға (ойын түрінде өткізуге), өзін-өзі ширату деңгейін арттыруға, ең бастысы, оқытуды дербестендіруге мүмкіндік береді. Бұл – біз қол жеткізуге ұмтылып отырған қажетті, әрі тиімді оқыту жүйесі» деген болатын.

Оқушылардың қашықтан оқу барысында жасалуы тиіс бағдарламаларды одан әрі толықтыру мақсатында 5 адамнан аспайтын топтарда кеңес беру жұмыстары ұйымдастырылады.

Қашықтан оқу үшін интернет пен құрылғылар жеткілікті болуы маңызды. Осы ретте балаларға компьютерлік техникалар берілді. Мектеп меншігіндегі 14 мың компьютер үлестірілді. Республикалық қаржы есебінен 22870 электронды құрылғы алынып, көпбалалы, арнайы санаттағы отбасының балаларына берілсе, жергілікті бюджет арқылы 2492 планшет алынды. Бұл істе жаны жомарт жандар да қарап қалмады. Демеушілер тарапынан 1518 оқушыға ноутбук пен планшет тапсырылды. Ал, құрылғысы жоқ мұғалімдерге қайтарымсыз 306 ноутбук сыйға тартылды.

Биыл білім саласында жаңа платформалар енгізілді. «Дарын онлайн», «Онлайн мектеп» арқылы оқушылар білім материалдарын игеруде.  Соңғы жылдары педагогтарға қолдау артып келеді. Мәселен, «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданды. Еңбекақысы 25 процентке, шеберлігі үшін жалақыға 30 бен 50 процент аралығында қосымша ақы төленуде. Облыстағы мұғалімдердің 55 проценті қосымша үстемақы алды. Мектептерде тәлімгерлік, магистрлік дәрежесіне қосымша төленсе, жетекші мен дәптер тексеру үшін төлемдер екі есеге артты. Биыл 6060 мектеп түлегінің 83,5 проценті ҰБТ-ға қатысып, 77 проценті жоғары оқу орнының грантын иемденді. Білікті ұстаздар еңбегі еленді. «Білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» арнайы төсбелгісі тағайындалды. 10 ұстазға 833 мың теңге қаржылай сыйақы беріледі. Бұл шара облыс әкімінің қатысуымен 30 желтоқсан күні өтеді.

Өңірдегі білім ошақтары қаншалықты  талапқа сай жабдықталып отыр? Қанша мектеп күрделі жөндеуден өтеді? Басқарма басшысы Ақзира Қасымованың айтуынша, бұл шаралар жүйелі іске асырылуда. 55 білім беру нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қызылорда қаласы мен Жалағаш ауданынан 3 мектеп пайдалануға берілді. Тағы 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Биыл 58 қалалық мектеп жан басына қаржыландыру тетігін енгізді. Келер жылдың қаңтар айынан бастап  саланы қаржыландыру облыстық деңгейде өтеді. Барлық білім беру ұйымдары  басқарманың тікелей вертикалды басқару жүйесіне көшеді. Осы жылы облыстық бюджет есебінен 236 жаңа модификациялық пәндік кабинет алынып, 42 мектеп «3Д модельдеу» жабдықтарымен толықты. Инклюзивті жағдайда білім алатын балалар үшін облыста 47 балабақша логопедиялық пункттер және 44 мектепте инклюзивтік кабинет ашылған.

Қосымша білім беру орталықтары көбейіп отыр. Арал ауданында 250 орынға арналған Оқушылар үйі пайдалануға берілді. 2021 жылы 550 орынға арналған қосымша білім беру ұйымы салынады. Облыста 3 пен 6 жастағы балалар 100 процент балабақшамен қамтылған. Жекеменшік балабақша үлесі 72,1 процентті құрайды. Кәсіптік-техникалық бағыттағы білім беруде «Жас маман» жобасы қабылданды. 4 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Келер жылы 5 колледждің базасы  заманауи құрал-жабдықтармен толығатын болады. Биыл 400 орынды жатақхана берілсе, 2021 жылы 200 орынды жатақхана құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Республикалық ­деңгейдегі «Мың бала» олимпиадасына облыс­тан 18 мыңнан астам оқушы қатысып, оның 75-і жеңімпаз атанған. «Ел үміті» жобасынан  62 оқушы жақсы нәтиже көрсетті.

Бір сөзбен айтқанда, білім беру саласы бұрын-соңды болмаған сындарлы кезеңнен өтіп келеді. Бұл, әрине, ұстаз, оқушы, ата-ана арасындағы жауапкершілікті ширата түсуге үндейтіні сөзсіз. Өйткені, әлемдегі кеселдің әлегі әлі де басылған жоқ.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз