«Індетті бір рет жұқтырған адам енді мүлде ауырмайды» деген пікір – қате

861

0

Қазір ел арасында «пандемия әсерінен бір рет науқастанған адам, енді мүлде ауырмайды» деген көзқарас бар. Бірақ мамандар «сырқаттанған адамның дерті қайталанбауына ешкім кепілдік бере алмайды» дейді.

– COVID-19 коронавирусты инфекциясының алдын алу шаралары маска тағу, қолды жиі жуу секілді қарапайым гигиеналық талаптарды сақтаудан басталады. Осындай санитарлық ережені қатаң сақтау нәтижесінде әрбір адам өзін және отбасын қорғай алады. Пандемия кезінде эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты науқастар саны күрт артты. Адамдарда «бір рет ауырып, жазылдық. Ағзада антидене қалыптасты. Енді ешқашан ауырмаймыз» деген пікір туындауы мүмкін. Эпидемиологиялық тұрғыдан алғанда бұл қате көзқарас. Негізі инфекция 5 жасқа дейінгі балалар, аяғы ауыр әйелдер, Д есепте тұратын науқастар, 65 жастан асқан қарт кісілер, әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдар үшін аса қауіпті. Пандемия әлем бойынша әлі тоқтаған жоқ. Босаңсуға әлі ерте. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуге шақырамын, – деді №3 қалалық емхананың эпидемиолог дәрігері Гүлнұр Ильясова.

Медицина мамандарының алдын ала болжауы бойынша індеттің екінші толқыны келуі де мүмкін. Дәрігер егер жағдай қайталанса «коронавируспен сырқаттанғандар көрсеткішін түсіру үшін жұмыс жасаймыз, ең бастысы науқастар өз-өзіне күтім жасап, иммунитетті нығайту керек» дейді.

– Өкпені вирус зақымдағандықтан қалпына келу процесі ұзағырақ болады. Бұрын пневмонияның қоздырғышы бактерия болса, енді вирус. Сондықтан өкпенің қалпына келу процесі 2-3 айға созылады. Ол ағзаға да байланысты. Ағза әлсіз болса ентігу, әлсіздік, тершеңдік сақталады, – деді эпидемиолог.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<