Перзент сүймей адамның мейірі қанбас

1015

0

Бала – адам өмірінің мәні мен сәні. Оның әр қылығы шаршағаныңды басып, көңіліңе жылылық ұялатады, үмітіңді еселейді. Сондықтан әрбір отбасында баланың былдыры мен шат күлкісі естіліп жатқанға не жетсін?! Бірақ мұндай қуаныш, бақыт кейбір отбасына бұйыра бермейтіні өкінішті. Бір перзентке зар болып, пұшайман күй кешіп жүрген отбасы аз емес қоғамда. Мұны күнделікті ақпарат көздерінен білуге болады.

Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, жаңадан бас құраған жұбайлардың 15-20 проценті бала сүю бақытына қол жеткізе алмайды. Ал елімізде әрбір алтыншы отбасының балалы болуға мүмкіндігі жоқ. Нақтырақ айтқанда, ресми тіркелген бедеу жұптардың ұзын саны 15 мыңға жуықтаса, соның 10 мыңдайы экстракорпоральді ұрықтандыруға мұқтаж.

Медицинаның елеулі жетістігі

Табиғи жолмен бала көтеруге қауқарсыз жандарға көмектесу үшін ғалымдар өткен ғасырдың қырқыншы жылдарынан бастап жатырдан тыс, яғни, жасанды жолмен ұрықтандыру әдісін сынап көре бастады. Алғашқы сынақтар кеміргіштерге жүргізілді. Ғалымдар аналық жасушаның ұрықтану уақытын, оның жатырға дейінгі өмір сүру ұзақтығын, сақтау әдісін ұзақ зерттеді. Одан кейін Кембридж университетінің зерттеушісі, белгілі дәрігер-гинеколог Роберт Эдвардс адам ұрығын зертханалық жағдайда өсіру мәселесін қолға алды. Аналық және аталық жасушаны жатырдан тыс ұрықтандырып, пайда болған эмбрионды жатырға салу әдістерін игеру үшін ғалымдарға 10 жылдай еңбек етуге тура келді. Әрине, басында қоғам бұл әдісті қабылдай қоймады. Діни көзқарас тұрғысынан да талай сынға іліккеніне қарамастан зерттеушілер 1975 жылы денеден тыс ұрықтандыру әдісін адамға қолданып көрді. Алайда алғашқы талпыныс сәтсіз аяқталды. Араға екі жыл салып, Роберт Эдвардс пен эмбриолог Патрик Степто тағы бір тәуекелге барды. Осылайша, 1978 жылдың жазында әлемдегі ең алғашқы «құтыдағы сәби» Луиза Браун дүниеге келіп, тоғыз жыл бойы бала сүйе алмаған британдық Джон мен Лесли Браундардың отбасына үлкен қуаныш сыйлады. Браундар бір баламен шектелген жоқ, төрт жылдан кейін тағы да ЭКҰ әдісіне жүгініп, екінші сәби – Наталиді дүниеге әкелді. Профессор Р.Эдвардс болса, адамзатқа пайдалы істің негізін қалағаны үшін Нобель сыйлығымен марапатталды.

Қазір денеден тыс ұрықтандыру әдісі медицина саласында қалыпты құбылысқа айналды.   Халықаралық комитеттің хабарлауынша, аталған әдіс енгізілген осынша жыл ішінде әлем бойынша экстракорпоральді ұрықтандыру арқылы 8 миллион адам дүниеге келген. Репродуктивті технологияларға байланысты мониторинг жүргізетін халықаралық комитеттің баяндамасына сүйенсек,  ЭКҰ арқылы келген сәбилер саны артып жатқанымен, бұрынғыдай егіздер мен үшемдердің туу көрсеткіші айтарлықтай төмендеген. Аталған комитет бұл баяндаманы Испанияның Барселона қаласында өткен Еуропалық адам репродукциясы және эмбриология қауымдастығының 34-кездесуінде көпшілік назарына ұсынды.

Бұл қауымдастық негізін 1985 жылы ЭКҰ әдісін енгізген Кембридж университетінің репродуктивті биологы Роберт Эдвардс қалаған. Ұйымның хабарлауынша, жыл сайын ЭКҰ арқылы бала сүйгісі келген 2 миллион адам ем қабылдағанымен, 500 мың бала дүниеге келеді екен. Сондай-ақ, қауымдастық 1997-2015 жылдар аралығындағы репродуктивті технологиялар туралы ұлттық реестр мәліметтерін жинақтаған. Оның ішінде жасанды ұрықтандыруға Испания халқы көп жүгінетіні анықталды. Жыл сайын бұл мемлекетте 119 875 емдеу циклі жүргізіледі екен. Одан кейінгі орында Ресей (110 723 цикл), Германия (96 512), Франция (93 918) тұр. Ал Ұлыбританияда жылына 60 мың емдік шара жүргізіледі.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, әлемде жасанды жолмен дүниеге келген сәбилер саны 8 млн-нан асады. Ал Қазақстанда денеден тыс ұрықтандыру әдісі алғаш рет 1995 жылы енгізілгенін, оны елімізге алып келген белгілі ғалым, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова екенін жұртшылық жақсы біледі. Дәл осы жылы Салтанат Берденқызының бастамасымен Алматыдағы «Экомед» адам ұрпағын өрбіту орталығында тұңғыш рет ЭКҰ жасалып, бір жылдан кейін еліміздегі алғашқы «құтыдағы сәби» дүниеге келді. 1996 жылдың шілдесінде туған қыз бала бүгінде 25 жаста, Англияда тұрады. Мәліметтерге сүйенсек, бүгінде елімізде аталған әдіспен туған балалар саны 20 мыңға жуық.  2010 жылдан бастап экстракорпоральді ұрықтандыруға квота бөлінеді. Ал оған дейін мұқтаж жандар өз қаржысымен жасатып келді. Статистикаға сүйенсек, квота арқылы елімізде осы уақытқа дейін жеті мыңға жуық ЭКҰ жасалыпты, нәтижесінде 3 000 бала туған. Ол кездері республика бойынша жылына тек 1000 квота берілетін болған. Былтыр 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке биылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды тапсырды. ЭКҰ бағдарламалары арқылы квота санын жеті мыңға дейін көбейтуді міндеттеді.

Бедеулік белең алуда

Жуырда Қызылорда қаласында Салтанат Байқошқарованың қатысуымен дәрігерлерге арналған конференция өтті. Онда бедеулік, квота мәселесі, емдеу тәсілдері талқыланды. Осы шарада Салтанат Берденқызымен сұхбаттасудың  сәті түсті.

– Мен Еуропа елдерінде көп боламын. Жуырда ғана Германия, Италия, Швеция және Францияда болып, көптеген ақпарат жинап келдім. Бедеулік – қазіргі кезде үлкен мәселе. Оның себебі көп және ол көбіне  қолдан жасалады.  Табиғаттан берілетін бедеулік өте  сирек, яғни, әйелдерде  аналық ұрықтың, жатырдың, ер кісіде аталық ұрықтың  болмауы 3-5 процент ғана кездеседі. Қалған 95 проценті – қолдан жасалған бедеулік. Нақтырақ айтқанда, өмір сүру салтымен тікелей байланысты. Қазіргі кезде экологиялық факторлардан бөлек, жасанды тағамдарды қолдану, түрлі алкогольді ішімдіктерге әуестік, жасанды түсік жасатудың жиілеуі, сонымен қатар смартфонға тәуелділік те бедеуліктің белең алуына әсер етуде. Әсіресе, бүгінде смартфонның зияны шаш етектен екенін ғалымдар дәлелдеп берді. Онан шығатын радиация адамның генетикалық ауытқуына әкеп соғады. Сондай-ақ, қазір адамдар дәрі-дәрмекті көп қабылдайды. Түрлі фирмалардың БАД-тарын, яғни, биологиялық белсенді қоспаларды да жиі қолданады. Осының бәрі организмде химиялық өзгеріс тудырады да аналық, аталық ұрықты әлсіретеді. Біздің елімізде шетелмен салыстырғанда жағдай нашар. Өйткені біз өз денсаулығына көңіл бөлмейтін халықпыз, – дейді Салтанат Байқошқарова.

Ғалымның айтуынша, экстракорпоральді ұрықтандыруды қолға алған уақытпен салыстырғанда қазіргі кезде ерлердің денсаулығы анағұрлым  нашар әрі бедеулік жасарып барады.

– Осы салада жүргеніме 33 жыл болды. Сол кездегі ер адамдардың денсаулығын қазіргі ерлермен салыстырғанда жер мен көктей айырмашылық бар екенін байқаймыз, яғни, қазір ерлер  ұрығының сапасы 3 есе төмен. Әйелдікі де солай деген сөз. Бұл біздің елге ғана тән жағдай емес, өзге мемлекеттерде де ахуал осындай, – дейді ол.

Сондай-ақ, маман табиғи азық-түліктің орнын жасанды тағамдар, қол еңбегін автоматты техникалар алмастырған мына заманда бедеуліктің де белең алатыны заңдылық екенін айтады.

«Құтыдағы бақыттың»

құны қанша?

43 жылдық тарихы бар экстракорпоральді  ұрықтандыру – өздігінен бала көтеруге денсаулығы жарамайтын, бірақ, сәби сүйгісі келетін жанның үлкен үміті. Десек те, ол – өте күрделі процесс. Бағасы қымбат екені өз алдына, қиындықтары да баршылық.

– Биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында елімізде ЭКҰ жасатуға 7 мың квота берілді. Осы 7 мыңнан орташа есеппен 2,5 мың бала дүниеге келеді деп болжап отырмыз. Себебі әйелдің бәрі бірден жүкті бола салмайды. Табиғи жолмен екіқабат болғанның өзінде баланың өмірге келуі оңай емес. Ал жасанды жолмен тіпті қиын. Мұны көпшілік түсіне бермейді. Әр әйелдің организмі әртүрлі. Бірі  жасалған емшаралардан кейін ұрықты салғанда екіқабат болып жатса, екінші бірінде ұрық жатырға бекімеуі мүмкін. Еуропа елдерінде 2018 жылдың қорытындысын енді шығарып жатыр, ал біз тек статистика, көрсеткіш қууды білеміз. ЭКҰ-дан кейін 100 процент балалы боласың деген кепілдікті ешкім бере алмайды. Табиғат бермегенге біз қалай 100 процент кепілдік береміз? Дегенмен қазір бұрынғыдай емес, технология өзгерді, ұрықтандырудың әдіс-тәсілі де басқаша. Осыдан 25 жыл бұрын жасанды ұрықтандыру арқылы бала көтеру көрсеткіші бір жасағанда 10-15 процент болса, қазір 30-дан жоғары, яғни, 40, 50 кейде 70 процентке жетуде. Бұған негізінен қазіргі қолданып жүрген әдіс-тәсіліміз септігін тигізуде. Мәселен, бұрын ұрықты алып, оны бірден әйелдің жатырына қайта салатынбыз. Көп жағдайда түрлі асқынулар болып, жүктілік нәтижесі төмен болатын. Кейінгі кезде криоконсервация – ұрықты мұздатып қою әдісі қолданылады. Әйелден ұрықты алған соң оны бір-екі ай мұздатып қоямыз. Ол аралықта әйелдің организмі де демалып қалады. Сосын қайта саламыз. Нәтижесі де жақсы болуда. Сондай-ақ, циклдарды бөліп жасау және генетикалық диагностиканың көмегі көп. Бірақ бұл әдістер квотаға кірмейді. Квота тек ЭКҰ жасатуға ғана беріледі. Ал нәтиже беретін әлгіндей әдістерге пациент өз қалтасынан төлейді, – дейді Салтанат Берденқызы.

Сондықтан мамандар Денсаулық сақтау министрлігіне криоконсервация жасатуға көмек берілсе деген ұсыныс жасауда. Маманның мәлімдеуінше, ЭКҰ-ға 1 адамға орташа 900 мың теңге бөлінеді. Соның 600 мың теңгесі дәрі-дәрмекке, яғни, емделуге кетеді екен. Сонда ЭКҰ-ға тек 300 мың теңге жұмсалады.

– Жасанды ұрықтандыруды бірден жасай салмаймыз. Алдымен ол әйелдің ауруын емдейміз. Ресейде емдеуге кететін дәрілер бізге қарағанда екі есе арзан. Өйткені ол үлкен ел, халық та көп, сұраныс та жоғары. Сондықтан оларға арзанға түседі. Мұны көпшілік түсіне бермейді. ЭКҰ-ға миллион жұмсадық деп айтады. Нәтиже беру үшін алдымен әйелдің ауруларын емдеуіміз қажет. Әйтпесе еңбек еш кетеді, – деп атап өтті ол.

Облыста 600-ден астам әйел квота кезегінде тұр. 2018-2019 жылдары 38-ден, былтыр 44 квота бөлінген. Биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 281 квота берілген. Қазір игерілуде.

Жалпы ЭКҰ – балалы болудың баламалы жолы, басқа амалы болмағанда ғана қолданылатын тәсіл екені белгілі. Ең дұрысы – бедеулік пен белсіздіктің алдын алып, өз денсаулығымызға дер кезінде көңіл бөлу, саламатты өмір салтын ұстану. «Перзент сүймей адамның мейірі қанбас» деп ұлы Абай айтқандай, бұл әлемде баланың тәтті қылығына ештеңе тең келмесі анық.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<