Симптомды және симптомсыз: мамандар не дейді?

744

0

Елімізде коронавирус инфекциясын тіркеудің жаңа тәртібі маусым айынан бастап енгізілді. Жаңа тәртіпке сәйкес науқастардың жағдайы симптомды және симптомсыз деп тіркелуде.


Байқауымызша, көпшілік арасында осыны түсінбеушілік бар. Мамандардың айтуынша, симптомды және симптомсыз, яғни, ауру белгілері бар және клиникалық белгісі жоқ деп тіркеу халықаралық тәжірибеде, түрлі елдерде қолданылып келеді.

Ауру белгілері бар және клиникалық белгілері жоқ деп бөлу алдымен ауру белгілері бар науқастарға уақытты ұтымды пайдаланып, дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін жасалып отыр. Ал клиникалық белгілері жоқ адамдарды аумақтық емханалар үй карантиніндегі жағдайда қашықтан бақылайды. Бұл жөнінде еліміздің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағанбетова арнайы брифингте айтып өтті.


«Симптомсыз және симптомы бар науқастарға эпидемиологиялық тұрғыдан тактиканың өзгеруі клиникалық бел­гілері айқын адамдарға көп көңіл бөлу керектігін көрсетеді. Себебі, халық­аралық және қазақстандық тәжірибе көрсеткендей, коронавирустың симп­томдары айқын байқалатын науқастар айналасындағыларға аса қауіпті» – дейді бас санитарлық дәрігер.


Оның айтуынша, клиникалық бел­гілері бар науқас орташа есеппен 3 адамға ауру жұқтырады екен. Алайда, симптомсыз науқастардың да қараусыз қалмайтынын, дерек бойынша, үш симптомсыз науқастан тек бір адамға ғана індет жұғуы мүмкін екенін жеткізеді бас санитар.


Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 жөніндегі техни­калық менеджері Мария Ван Керкхове коронавирустың клиникалық белгілері жоқ тасымалдаушылардан басқа адамға жұғуы өте сирек кездесетінін айтады.


«Біздің деректерімізге сүйенсек, ауру белгілері жоқ тасымалдаушының инфекцияны басқа біреуге жұқтыруы екіталай. Ондай жағдай өте сирек кездеседі» – дейді ол.

Сондай-ақ, індет белгілері жоқ тасымалдаушыларда ауру­дың барлық кезеңінде ешқандай симп­томдар болмайтынын айтады.


ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде тестілеу кезінде күн сайын анықталып жатқан деректердің 60 процентке жуығы инфекцияны симп­томсыз тасымалдаушылар көрінеді.

А.СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<