Абзал үздік төрттікке енді

661

0

Бейжің Олимпиадасында шорт-тректен 500 метрге жүгіруден ерлер арасындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Финалдық сында қазақстандық Абзал Әжіғалиев та өнер көрсеткен болатын. Ақтық бәсекеде Абзал мәре сызығын төртінші болып кесіп, жүлдеге сынық сүйем жерден тоқтады. Аталған қашықтықта алтын жүлдені Венгрия, күмісті Ресей, қоланы Канада спортшылары иеленген.

Абзал Әжіғалиев қысқа қашықтықтарға жүгіруден әлем кубогінің жеңімпазы әрі бірнеше дүркін жүлдегері. Ол Сочи және Пхенчхан Олимпиадаларына қатысып, А финалына алғаш рет Бейжің ойындарында шыққан болатын. Әзірге Абзал қазақстандық шорт-трекшілердің Олимпиададағы ең ірі жетістігін тіркеп отыр. Бұған дейін отандық шорт- трек шеберлері Олимпиадада төрттікке енген емес.

Сондай-ақ, осыған дейін Әділ Ғалиахметов 1500 метрге жарысудан финалда бақ сынап, сегізінші орын алған болатын.

Абзал Әжіғалиев жарыстан соң берген сұхбатта финалда бар күшін салғанын айтты.

«Олимпиадаға іріктеу мен үшін қиын өтті. Себебі, осының алдындағы маусымды денсаулығыма байланысты дұрыс өткізе алмаған едім. Менің спорттағы ең үлкен арманым – шорт-тректі дамыту еді. Қазақ балалары қысқы спортта әлсіз деген стереотипті бұзғым келді. Біздің де коньки теуіп, сырғанай алатынымызды көрсеткім келді. Әлемде алғашқы ондыққа енеміз. Бұл дәстүр одан әрі жалғасарына сенемін»,  – деді Абзал.

Команда бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков «Абзал медальға қол созым жерден тоқтады. Біздің жігіттеріміз үшін  500 метр ең ыңғайлы қашықтық еді. Финалда қарсыластарын күтіп қалды деп ойлаймын. Егер бірден үшінші орынға шығып алғанда, сол орнын сақтап қалатын мүмкіндігі болатын. Бесінші орыннан қуып жету қиынға түсті, оның үстіне италиялық та біраз кедергі келтірді» деді.

Ұлттық құраманың алғашқы жеңісі

Футболдан Қазақстан құрамасы еліміздің легионерлер құрамасымен жолдастық кездесу өткізді. Нәтижесінде биылғы жылғы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Ойын барысында ұлттық құрама қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті. Олардың қатарынан Асхат Тағыберген (5-минутта) және Оралхан Өміртаев (21-минутта) мергендігімен танылды. Оған легионерлер сапынан Кирилл Сидоренко 60-минутта жалғыз голмен жауап қайырды.

Айта кетсек, Қазақстан құрамасы 24 және 29 наурызда Ұлттар лигасында өтпелі кездесуін Молдоваға қарсы өткізеді. Алдымен қарсыластар алаңында шеберлік байқасса, одан кейін елордада тағы кездесу болады. Жеңімпаз құрама алдағы маусымда С лигасындағы орнын сақтап қалады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<