Әлем чемпионына құрмет

807

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Рахат Бекболатпен кездесті. Жүздесуге облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, облыстық ауыр атлетика федерациясының президенті Темірхан Кенжебаев, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Нұржан Смаханов және спорттың аталған түрінен 4 дүркін әлем чемпионы Илья Ильин қатысты.

Сауд Арабиясының Джидда қаласында өткен турнирде 17 жастағы жерлесіміз 102 келіге дейінгі салмақта топ жарды. Ол қоссайыстың нәтижесінде 355 келі салмақты еңсеріп, жеңіс тұғырынан көрінді. Рахат мұнан бұрын жасөспірімдер арасында Ташкентте өткен әлемдік додада алтыннан алқа таққан болатын.

– Кезекті жеңісің құтты болсын! Бұл – біздің өңіріміз үшін ғана емес, ел үшін үлкен жетістік. Әрине, жеңіс еңбексіз келмейді. Спортшыларымыздың үздіксіз жалықпай жаттығып, жарысқа жауаптылықпен қарауы мен жаттықтырушылардың дайындық процесін дұрыс ұйымдастыра білуінің арқасында осындай зор жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Сыр елінің абыройын асқақ еткен Қамшыбек Қоңқабаевтан кейінгі сенің бұл жеңісің – Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдық мерейлі белесіндегі жүлде тайқазанына тарлан рухты сырбойылықтардың атынан салған олжалы сый болды. Сол үшін де жерлестерің өзіңе риза! Сені осындай мерейлі жеңісіңмен құттықтаймын, – деді облыс әкімі.

Жүздесуде Рахат Бекболат жарыс кезіндегі ерекше сәттерімен бөлісті. Қолдау көрсеткен жанкүйерлеріне алғыс білдіріп, ел мәртебесін одан әрі асыруға дайын екендігін жеткізді.

Облыстық ауыр атлетика федерациясының президенті Темірхан Кенжебаев спорттың бұл түрін дамыту бағытында ой-пікірін білдірсе, Илья Ильин қызылордалық жастардың алдағы уақытта жоғары белестерді бағындыратынына сенім білдірді.

Облыс әкімі Рахат Бекболатқа жеңісі үшін Сыр жұртының атынан сый-сияпат ретінде демеушілер есебінен 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады.

Жүздесуден кейін ауыр атлет журналистермен жүздесіп, алдағы мақсаттары жайында әңгімелеп берді.

– Әлем чемпионаты оңайға түскен жоқ. Әрбір мүмкіндігімді мүлт жібермеуге тырыстым. Жоспарлаған салмақты бағындырдым. Енді мен ересектер арасында бақ сынаймын. Алдағы айларда Ташкент қаласында әлем чемпионаты болады. Алдағы бір-екі күннің ішінде оған Алматы қаласында дайындық басталады, – деді ол.

Айта кетейік, Рахат Бекболат өткен жылы Перудің Лима қаласында онлайн форматта өткен Әлем кубогында жеңімпаз атанған болатын.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<