Ауыр атлетиканың жас алыптары

693

0

Шиелі ауданында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир мәресіне жетті. Спорттық шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты диқан Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтойына орайластырылды.

Жарыстың ашылу салтанатында аудандық мәслихат хатшысы Тұрмағанбет Жағыпбаров спортшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ауыр атлетикадан әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин, Ы.Жақаевтың ұлы Сейітбек Жақаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, Шиелі ауданының құрметті азаматы Пердәлі Архабаев, аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов қатысты.

Республикалық турнирде 23 жасқа дейінгі жастар бақ сынады. Ұлдар  және  қыздар арасында 10 салмақ дәрежесі бойынша 100-ден астам спортшылар жүлделі орындарға таласты.

Турнирде Қырғызстаннан және еліміздің Алматы, Шымкент қалалары, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Шиелі ауданынан ауыр атлеттер жарыс көрігін қыздырды. Олардың арасында ең жасы – 15 жастағы қызылордалық Қайырбек Сұлтанбек. Ол жұлқа көтеруде 83, серпе көтеруде 90 келіні еңсерді.

Ұлдар арасында жұлқа көтеруде 130 келі зілтемірді бағындырған қызылордалық Мейрамбек Әбдіқалық көш бастаса,  Алматы облысынан келген Әли Нұрбай 121, қызылордалық Есенкелді Сапи 120 келі салмақты еншісіне жазды. Қырғыз зілтеміршілерінің де көрсеткіштері жаман емес. Мәселен, жұлқа көтеруде Нурсултан Тарманов 115, Ырыскелді Алишеров 97 келіні бағындыра алды.

Сонымен қатар, жерлесіміз Асылжан Бектай 89 келіде қоссайыс нәтижесі бойынша 320 келіні бағындырып, жеңімпаз атанды.

Жарыс қорытындысында ұлдар арасында барлық төрт салмақта қызылордалық спортшылар чемпион атанды. Олар: Мақсат Қуантқан (55 келі), Ерасыл Ергенбай (67 келі), Есенкелді Сәпи (81 келі), Асылжан Бектай (89 келі) және Арыстанбек Жақанша (89 келіден жоғары).

Ал қыздарда алматылық Шынар Жапар (55 келі), Аружан Көлбай (71 келі) алтыннан алқа тақса, қалған салмақтарда Таисия Алексеева (59 келі), Алтынай Тәңірбергенова (64 келі), Динара Қыпшақбай (71 келіден жоғары) сынды қызылордалық ауыр атлеттер жеңімпаз тұғырынан көрінді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<