Ауыр атлеттер – Қызылордада

991

0

Осы аптаның дүйсенбісінде Қызылорда қаласындағы «Еуразия» спорт кешенінде ауыр атлетикадан ел біріншілігі жалауын көтерді. Дүбірлі додаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарынан 220-ға жуық спортшы келді. Олардың арасында еліміздің атынан халықаралық бәсекелерде бақ сынап жүрген Айзада Мүптілда, Зульфия Чиншанло, Арли Чонтей секілді тәжірибелі ауыр атлеттер бар.

Алты күн бойы спортшылар 20 салмақ бойынша жеңімпаздарды анықтады. Аталған жарыста ерлер 55, 61, 67, 73, 81, 89, 96 келі салмақта жүлделерді сарапқа салуда. Ал әйелдер 45, 49, 55, 59, 67, 71, 76, 81, 87, 87 келіден жоғары салмақта бақ сынауда.

Ауыр атлетикадан төрт дүркін Әлем чемпионы Илья Ильин ел біріншілігінде жастардың өздерін жақсы қырынан көрсетуіне мүмкіндігі зор екенін айтады. Биылғы бәсекеге жиналған сайыскерлер арасынан алдағы уақытта дүниежүзілік додаларда бақ сынайтын үздіктер анықталады.

– Айта кетсек, спорттың аталған түрінен жерлестеріміз әрдайым алдыңғы қатарда келеді. Биыл да сол биіктен көрінеді деген ойдамыз. Бұған дейін біздің өңірден тәжірибелі спортшылар шықты. Олардың арасында Әлем, Олимпиада және құрлықтық додаларда жеңімпаз тұғырынан көрінгендер аз емес. Айта кетерлігі, қазір де сол саңлақтардың ізбасарлары көптеп шығуда. Бұл бізді қуантады. Ел біріншілігінде жерлестеріміздің жүлдесі марқайтады қатарынан көрінуде. Білікті мамандар олардың қабілет-қарымына назар аударады деген ойдамыз, – дейді И.Ильин.

Жарыстың алғашқы күнінде қызылордалық спортшылар қатарынан Салтанат Қыпшақбай 49 келі салмақта үздік үштіктен көрінді. Аталған салмақта қарағандылық Дарья Балабанюк пен ақмолалық Айым Мұхаметжанова өзара бөлісті.

Ал жарыстың екінші күнінде тағы бір жерлесіміз Алтынай Тәңірбергенова 59 келіде белгілі ауыр атлет Зульфия Чиншанломен бәсекеге түсті. Зульфия бұған дейін 2020 жылы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері болса, үш дүркін әлем чемпионы атағын жеңіп алды.

Зульфия бұл жолы да сыр берген жоқ. Ол Қазақстанның төрт рекордына (жұлқа көтеруден екі, серпе көтеруден бір және қоссайыс қорытындысында) қол жеткізді.

Сондай-ақ, 81 келіде қыздар арасында облыс құрамасынан Динара Қыпшақбай мен Асылзат Дөненбаева екінші және үшінші орын алды. Аталған салмақта алматылық Арай Нұрлыбекова чемпион атанды.

Ал ерлер арасында 73 келіде жерлесіміз Бексұлтан Айтбай қола жүлдегер болды. Осы салмақта елордалық Едіге Емберді мен Шығыс Қазақстан облысынан келген Владимир Васильев алғашқы екі орынды өзара бөлісті.

Ел біріншілігі 24 сәуірде мәресіне жетеді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<