Бас жүлде кімге бұйырады?

691

0

Футболдан Еуропа чемпионаты мәресіне жақындап келеді. Қазір ширек финалға жеткен сегіз құрама толықтай белгілі.

Әлем жанкүйерлері 26-29 маусым күндері 1/8 финал ойындарын тамашалады. Алғашқы кездесуде Уэльсті 4:0 есебімен ойсырата жеңген Дания енді ширек финалда бақ сынайды. Ал Италия мен Австрия кездесуінде негізгі кезеңде гол соғылған жоқ.  Овертаймда қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірген италиялық футболшылар әлі де бас жүлдеден үміткер.

Тағы бір кездесуде Нидерланды мен Чехия шеберлік байқасты. Жасыл алаң төрінде жұлдыздай жарқырап жүрген жампоздар жиналған нидерландылық құрама қарсыласына 0:2 есебімен есебі жіберіп, жарыс жолынан ертерек шығып қалды. Дүбірлі доданың 1/8 финалындағы төртінші кездесуде Бельгия Португалияны 1:0 есебімен жеңіп кетті.

Хорватия мен Испания кездесуі аса тартысты өтті. Жанкүйерлер қос құраманың әлеуетін жақсы біледі. Жоғары жетістігімен көзге түсіп жүрген футболшылар жанкүйерлерге қызықты ойын тарту етті. Негізгі кезеңде 3:3 есебі тіркелді. Овертаймда испандар екі гол соғып, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Дүбірлі додаға көз тіккен көпшілік Франция мен Швейцария ойынында алдын ала жеңіс 2018 жылғы әлем чемпиондарына бұйырады деп ойлағаны рас. Десе де, тартысты бәсеке басқаша өрбіді. Кездесудің бітуіне он минуттай қалғанда Франция 3:1 есебімен алда тұрған болатын. Соңғы сәтте Швейцария таразы басын теңестіріп, ойын овертаймға ұласты. Ол кезеңде де жеңімпаз анықталған жоқ. Пенальтиде белгілі футболшы Килиан Мбаппе тепкен допты швейцариялық қақпашы кері қайтарып үлгерді. Осылайша Франция еліне ертерек қайтуға мәжбүр болды. 

Әлемнің үздің құрамалары Англия мен Германияның да жолы жарыстың аталған сатысында түйісті. Топтық кезеңде де сүреңсіз ойынымен 1/8 финалға жолдамаға қолы әрең жеткен Германия аталған қарсыласына қауқар көрсете алған жоқ. Нәтижесінде аталған кездесуде ағылшындар 2:0 есебімен басым түсті.

Ширек финалға шыққан құра­ма­лардың қарсыластары нақты­ланды. Енді 2 шілдеде Швейцария мен Испания, Бельгия мен Италия кездессе, 3 шілдеде Чехия мен Дания, Англия мен Украина шеберлік байқасады. Ал жартылай финал 6, 7 шілдеге белгіленсе, финал 11 шілдеде болады.

Қазір жанкүйерлер арасында бас жүлде кімге бұйырады деген сауалға пікірталас бар. Әрине, алтын медаль ендігі кезекте Испания, Италия, Англия, Бельгияның біреуінің еншісінде кетеді деген болжам жасалуда. Десе де, әзірге нақты тұжырым жасауға ертерек секілді. Тіпті, ешкім күтпеген жеңімпаз шығуы да ғажап емес. Өйткені, кейбір құрамалардың бұрын жоғары табыстарға қол жеткізбесе де, биылғы додаға тас-түйін дайындықпен келгені аңғарылып тұр.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<