Бастама жақсы

576

0

Сербия астанасы – Белград қаласында 25 қазанда бокстан әлем чемпионаты жалауын көтерді. Биыл дүбірлі додаға жер-жаһандағы 100-ден астам елден 650-ге жуық спортшы келді.

Қазірге дейін ел құрамасынан төрт боксшы алғашқы жекпе-жегін өткізіп үлгерді. Қазақстандықтар қатарынан шаршы алаңға 57 келідегі Серік Теміржанов бірінші болып шықты. Ол 1/32 финалда моңғолиялық Энх-Амар Хархуумен қолғап түйістірді. 1998 жылы дүниеге келген Серік бұған дейін 2020 жылғы Токио Олимпиадасында бақ сынады. Десе де, әзірге толағай табысымен елді қуанта қойған жоқ. Қарсыласы – талай бәсеке көрігін қыздырған тәжірибелі боксшы. Соған қарамастан Серік қарсыласын қапы қалдырып, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Тағы бір жекпе-жекте Абылайхан Жүсіпов (67 келі) Тайбэйден келген Ю Линьнен басым түсті. Қазірге дейін Абылайхан біршама жетістікке қол жеткізіп үлгерді. 24 жастағы спортшы 2017, 2019 жылдарда әлем чемпионатында қола жүлдегер атанса, 2017 жылы Азия чемпионатында күміс алды. Ол биылғы әлем чемпионатында ұлттық құраманың капитаны міндетін атқарады.

Жарыстың екінші күнінде ел құрамасынан Сәкен Бибосынов (51 келі) 1/16 финалда өзбек боксшысы Хасанбой Дусматовпен қолғап түйістірді. Қарсыласы – 2016 жылы Рио Олимпиадасында алтыннан алқа таққан тәжірибелі спортшы. Сәкен осы жолы қарымта қайтарып, төрешілер шешімімен жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ, қазақстандық Нұрқанат Райыс 75 келіде 1/32 финалда черногориялық Стефан Савковичтің осал тұсын тапты.

Жарысқа Олимпиада чемпиондары, Азия, Еуропа жүлдегерлері, әлем чемпиондары да қатысады деп күтілуде. Айта кетейік, әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры – 2,6 млн доллар. Жеңімпаз 100000 доллар алса, күміс жүлдегер 50000, қола жүлдегер 25000 доллар иеленеді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<