Бесінші күн көрсеткіші

578

0

Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының бесінші жарыс күні мәресіне жетті. Әзірге екі қазақстандық жарыс жолынан шығып қалды. Қалғаны қарсыластарының осал тұсын тауып, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Кеше Махмуд Сабырхан 54 келі салмақта Оңтүстік Кореядан келген Ин Кю Киммен қолғап түйістірген еді. Жекпе-жек барысында 20 жастағы Махмуд сенімді ойын көрсетті. Төрешілер бірауыздан оның жеңісіне қолдау көрсетті. Нәтижесінде ол 1/8 финалға жолдама алды.

Одан кейін Айбек Оралбай 92 келі салмақта 1/16 финалда польшалық Матеуш Березницкиден басым түсті. Жекпе-жек барысында қазақстандық спортшы қарсыласына соққыны көбірек жұмсады.

Сондай-ақ, кеше кешкісін Саматәли Төлтаев (60 келі) таиландтық Хунатип Пиднучтен басым түсті.

Ал бейсенбіде Абылайхан Жүсіпов жарыстың келесі сатысына шықты. Ол 1/16 финалда венесуэлалық Кристиан Паласионы қапы қалдырып, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Одан бұрын Серік Теміржанов (57 келі) 1/16 финалда жапониялық Реито Цуцумиді жеңді. Екінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберіп, төрешілер қазақстандық боксшының жеңгенін мойындады. 

Өкінішке қарай, ел құрамасынан екі боксшы жарыс жолынан шығып қалды. Атап айтқанда, Бек Нұрмағамбет (86 келі) 1/16 финалда бразилиялық Кено Мачадоға есе жіберсе, Нұрлан Сапарбай 92 келіден жоғары салмақта испаниялық Аюб Гадфа Дриссиге жол берді.

Әлем чемпионаты 6 қарашада мәресіне жетеді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<