Білекті балуандар белдесуі

791

0

Бейсенбіде Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде грек-рим, еркін және әйелдер күресінен 17-23 жасқа дейінгі жасөспірімдер және жастар арасындағы ел біріншілігі салтанатты ашылды. Аталған іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, Азия құрлығының және ҚР Біріккен күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында Қайрат Нұртай балуандарға сәттілік тіледі. Сыр төрінде осындай жоғары деңгейдегі жарыстың өтуіне атсалысқан барша азаматтарға ризашылығын білдіріп, жиналған жұртшылыққа облыс басшылығының құттықтауын жеткізді.

– Бұл бәсеке жастарға берілген мүмкіндік деп білемін. Бабы келіскен балуандар бапкерлер тарапынан жоғары бағаланып, ұлттық құрамаға қабылдануына жол ашылады. Жоғары жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін. Жарысқа қатысушылардың барлығына сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Салтанатты шарада Азия құрлығының және еліміздің Біріккен күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов тілектестігін білдірді.

– Алда балуандарды көптеген сайыс күтіп тұр. Сол сындарда үміт күткен үздіктеріміз топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінгенін қалаймыз. Мұндай бәсекелер әр жас балуанның шыңдалуына оң әсер етеді. Ел біріншілігінде бақ сынаған спортшылар арасынан мықты жастардың шығып келе жатқаны қуантты. Біз олардың алдағы уақытта ересектер арасында топ жаруына барлық мүмкіндікті жасаймыз, – деді ол.

Дәулет Болатұлы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайға спортқа жанашырлық білдіріп, қолдау көрсеткені үшін «Алғыс хат» табыстады.

Ел біріншілігіне 17-23 жас аралығында екі санат бойынша 10 салмақ дәрежесінде еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және 14 облысынан барлығы 1300-ге жуық спортшы қатысуда.

Жарыстың алғашқы күнінде еркін күрес шеберлері өз салмақтарында жеңімпаздарды анықтады. Ел біріншілігі 16 сәуірге дейін жалғасады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<