Бокстан әлем чемпионаты басталады.

537

0

Бүгін Сербия астанасы Белград қаласында бокстан әлем чемпионаты басталады.

Жарыстың алғашқы күнінде қазақстандық екі боксшы шаршы алаңға шығады.
Серік Теміржанов 1/32 финалда моңғолиялық Энх-Амар Хархуумен қолғап түйістіреді. С.Теміржанов 1998 жылы дүниеге келген. Бұған дейін 2020 жылғы Токио Олимпиадасында бақ сынады.
Тағы бір жекпе-жекте Абылайхан Жүсіпов (67 келі) Тайбэйден келген Ю Линьмен шеберлік байқасады. А.Жүсіпов 1997 жылы дүниеге келген. 2017, 2019 жылдарда әлем чемпионатында қола жүлдегер атанса, 2017 жылы Азия чемпионатында күміс алды. Ол биылғы әлем чемпионатында ұлттық құраманың капитаны міндетін атқарады.

Еске салсақ, ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов дүбірлі додада олардан басқа Теміртас Жүсіпов (48 келі), Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмуд Сабырхан (54 келі), Саматали Төлтаев (60 келі), Санатали Төлтаев (63,5 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрқанат Райс (75 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Бек Нұрмағамбет (86 келі), Айбек Оралбай (92 келі) мен Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) сынды спортшыларға сенім артты.
Жекпе-жектер елорда уақытымен 22.00-де «Qazsport» телеарнасы арқылы тікелей эфирде көрсетіледі.

Дүниежүзілік дода 1974 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылады. Қазақстан құрамасы бүгінге дейін 12 алтын, 13 күміс, 21 қола жүлде алды.
Биыл әлем чемпионатына 100-ден астам елден 650-ге жуық спортшы келеді. Жарысқа Олимпиада чемпиондары, Азия, Еуропа жүлдегерлері, әлем чемпиондары да қатысады деп күтілуде.
Айта кетейік, әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 2,6 млн АҚШ доллар. Жеңімпаз 100 000 доллар алса, күміс жүлдегер 50 000, қола жүлдегер 25 000 доллар алады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<