Бокстан әлем чемпионатында қазақстандыққа қатысты жанжал шықты

932

0

Белградта (Сербия) өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы өкіліне қатысты жанжал шықты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.

48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 1/8 финалда Теміртас Жүсіповтің Өмер Аметовичке қарсы жекпе-жегі наразылық тудырған. Жекпе-жекте төрешілердің басым бөлігінің шешімі бойынша, қазақстандық жеңіске жеткен.

Сербияның бокс одағы бұл шешімді «ұят» деп атап, төрешілерді ұрланған жеңіске айыптады.

«Төрешілердің тікелей шешімі біздің боксшымызға қарсы болды», – деді одақ президенті Слободан Джурич.

«Серб боксшыларының бірінші, үшінші және төртінші жекпе-жектерінде осындай болды, төрешілер бәрінің көз алдында қарсыластарына алғашқы раундты берді, дегенмен бұл раундтар боксшыларымыздың таза жеңісі еді», – деді ол.

Функционер жекпе-жектің нәтижелеріне шағымданғанын айтты.

Жүсіпов бокстан әлем чемпионатының ширек финалына шыққан. Келесі жекпе-жекте жеңіске жетсе, қазақстандықтың әлем чемпионаты медаліне үміті бар.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтың Өзбекстаннан келген Олимпиада чемпионын жеңуі өзбек тарапының мәлімдемесінен кейін жанжал тудырған болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<