Ер есімі еленбей қалмайды

702

0

Сенбіде «Евразия» спорт кешенінде шағын футболдан табиғат қорғау саласында қызмет атқарып жүріп, ерлікпен қаза тапқан Әділ Кенжеғұловты еске алуға арналған облыстық турнир өтті. Жарысқа сегіз команда қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет ардақты азамат жайында жылы лебізін білдірді. Әділ Кенжеғұлов полиция және табиғат қорғау саласында жемісті еңбек етті. Қай қызметінде де өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, абырой биігінен көрінді. Қоршаған орта байлығын қорғау барысында екі жыл бұрын 25 қазанда кенеттен көз жұмған болатын. Ерлік үлгісін көрсеткен азамат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен үшінші дәрежелі «Айбын» орденіне лайық деп танылды.

Турнир биыл алғаш мәрте жалауын көтерді. Алдағы уақытта республикалық деңгейге көтеру ойластырылып отыр. Турнирдің өткізілуіне ауылдастары мен достары қаржылай қолдау көрсетті. Ә.Кенжеғұловпен мектепте бір сыныпта оқыған белгілі айтыс ақыны Мұхтар Ниязов алдағы уақытта турнирге демеушілер тартуға назар аударылатынын жеткізді.

Турнирде «АDAM» командасы бірінші орын алды. Одан кейінгі орындарды КГЭК және «Абай-Дәулет» командалары бөлісті. Оларға 100-200 мың теңге аралығында қаржылай сыйақы берілді.

Сондай-ақ, турнирде қақпашы Диас Уәлихан, қорғаушы Нұржаубай Бостанов, шабуылшы Досымхан Қуаныш, Мұхтар Көштай және Нұрдәулет Бөрібайұлы үздіктер сапынан табылды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<