Футболдан әлем чемпионаты: Еуропадағы он үздік құрама анықталды

799

0

Бүгін футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатына Еуропадан тікелей жолдама алған құрамалар толықтай белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еуропа құрлығында 16 қарашада әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің топтық сатысы мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы бақ сынаған D тобында сырт алаңда Франция Финляндияны, Украина Босния және Герцоговинаны 2:0 есебімен басым түсті. Аталған топта Франция 15 ұпай еншілесе, Украинада 12 ұпай бар. Ал Финляндия 12, Босния және Герцоговина 7 ұпайды місе тұтса, Қазақстан 3 ұпай алды.

Ал Е тобында Бельгия Уэльспен 1:1 есебімен тең түссе, Чехия Латвияны 2:0 есебімен жеңді. Сондай-ақ, G тобында Нидерланды Норвегияны 2:0, Түркия Черногорияны 2:1 есебімен тізе бүктірді. Алғашқы екі орын Нидерланд пен Түркияға бұйырды. Жарыс ережесі бойынша әрбір топтан бірінші орын алған құрамалар дүбірлі додаға тікелей жолдама алды. Айта кетерлігі, Германия мен Дания мұндай мүмкіндікке қазан айында қол жеткізіп қойған болатын.

Ал қараша айында олардың қатарына Франция, Бельгия, Хорватия, Испания, Сербия, Англия, Швейцария қосылды. Олардың қатарын ең соңынан Нидерланд толықтырды. Сондай-ақ, әлем чемпионаты финалдық сатысында алаң қожайыны – Қатар елі бақ сынайды. Ал Оңтүстік Америкадан Бразилия бірнеше тур бұрын дүбірлі додаға қатысатыны белгілі болды. Еуропа құрлығында әрбір топта екінші орын алған және Ұлттар лигасында үздік көрсеткішке ие болған екі құрама қосымша үш жолдаманы сарапқа салады.

Қазір мұндай мүмкіндікке іріктеу кезеңінде өз топтарында екінші орын алған Португалия, Швеция, Италия, Украина, Уэльс, Шотландия, Түркия, Ресей, Польша, Солтүстік Македония мен Ұлттар лигасынан Аустрия мен Чехия қол жеткізді. Жарыстың аталған сатысының жеребесі биылғы жылдың 26 қарашасында тартылады. Әрбір топтың жеңімпазы әлем чемпионаты финалдық сатысына жолдама алады.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<