Мұз айдынындағы мереке

868

0

Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасы кубогының бірінші кезеңі өткізілуде. Беделді бәсекеде еліміздің Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалалары және Қызылорда, Алматы, Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе және Атырау облыстарынан 63 спортшы бақ сынайды.

Жарыстың ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Асылжан Жаманқұл қатысушыларға жоғары жетістікке жетуіне тілектестігін білдірді. Ол мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан кубогы Сыр өңірінде алғаш рет өтіп жатқанын атап өтті.

– Бүгінде облыста спортты дамытуға барынша қамқорлық жасалып келеді. Қазір халыққа 2350-ден астам спорт нысаны қызмет көрсетеді, – деді А.Жаманқұл көпшілік алдында. – Сегіз жылдай бұрын пайдалануға берілген «Мұз айдыны» кешені қазір қысқы спорттың бірнеше түрін дамытуға ерекше серпін беруде. Нәтижесінде ол мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, шорт-трекпен айналысатын жас өрендер санын арттыруға оң ықпал жасады. Бұл бағытта қол жеткен табыстар баршылық. Жерлесіміз Элизабет Тұрсынбаева 2016 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасы және 2017 жылғы Қысқы Азия ойындарында қола жүлде алды. Ал қысқы Универсиада мен 2019 жылғы ересектер арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, болды. Сондай-ақ, қызылордалық хоккейшілер және шорт-трекшілер республикалық және халықаралық жарыстарда түрлі номинациядағы медальдарды жеңіп алуда.

Мамандардың айтуынша, бәсекенің алғашқы күнінде спорт шеберіне үміткер, бірінші және екінші разряд бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Атап айтқанда, қыздар арасында қарағандылық Александра Староверова үздік болса, екінші нәтижені оның жерлесі Елизавета Апретова, үшінші орынды шымкенттік Айым Темірхан көрсетті.

Ұлдар арасында Станислав Коршиков (Қарағанды облысы) 38,05 ұпаймен ерекшеленді. Қызылордалық Темірлан Якиев жеңімпаздан біршама жеңіліп қалды (37,92 ұпай). Ал Даниил Шпулинг (Нұр-Сұлтан) үздік үштікті түйіндеді.

Мәнерлеп сырғанаудан облыстың аға жаттықтырушысы Андрей Симаковичтің айтуынша, жарысқа қызылордалық бес спортшы – ұлдар арасында Артур Смағұлов пен Темірлан Яхия, қыздар арасында Диана Жармұхамедова, Аянат Қасымова және Інжу Бақтияр қатысуда. Біздің спортшыларды жаттықтырушы Алиса Лозко мен балетмейстер Надежда Миронова дайындайды.

Бәсеке ертең, 27 ақпанда мәресіне жетеді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<