Нұрлан Әбуов: «Біз әлі күнге дейін футболдың бизнес екенін түсінбей жүрміз»

983

0

Жергілікті жанкүйерлер 2000 жылдарға дейін қызылордалық «Қайсар» командасында ойнаған Нұрлан Әбуовтің есімін жақсы біледі. Тасқамал қақпашы ретінде танылған ол беріде аталған клубта басшылық қызметтер атқарды. Жанкүйерлер тарапынан «Әбуов қазір қайда жүр?» деген сауал жиі қойылады. Белгілі қақпашы өзі жаны сүйетін футболдан алысқа ұзап кеткен жоқ екен. Жасөспірімдерге спорттың қыр-сырын үйретіп, бапкерлік қызмет атқарып жүргенін білдік. Жүздесу барысында футболды дамыту, оған балалар мен жасөспірімдерді баулу, инфрақұрылымды жақсарту жайында ой қозғалды.

Балалар спортының бәсі жоғары

– Алғашқы сұрақ. Қазір қандай қызмет атқарып жүрсіз?

 – Әлемде футбол спорты қашанда биік тұғырынан төмендеген емес. Біз де бала кезімізден оған өте құмар болып өстік. «Қайсардың» құрамында ұзақ жылдар бойы доп тебу маңдайымызға жазылған екен. Өзің білесің, одан кейін де футболдан алысқа ұзаған жоқпын. Қазір бірқатар жігіттер ойласып, қалада осындай үйірме ашу жөнінде ұйғарымға келдік. Негізгі мақсат – талантты жастарды табу, оларға дұрыс бағыт беру. Әрине, қазір бізден тәлім алып жүрген өрендердің барлығы кәсіпқой футболға бет бұра қоймауы мүмкін. Олардың түрлі жат қылықтардан аулақ болуына қол ұшын созудың өзі көздеген мақсаттың бір парасы орындалғаны.

– Елімізде балалар футболын дамыту жағдайы қалай? Кезінде қазақстандық командалар жергілікті түлектерге арқа сүйейтін еді. Қазір кейбірі сырттан келгендерге сенім артатын болды.

– Талап бойынша әрбір команда жанында балалар футболына арналған орталық бар. Сол орталықта тәлім алған шәкірттер кейіннен кәсіби тұрғыда қайта шыңдалады. Өкініштісі, барлығы біз ойлағандай емес. Оның бірнеше себебі бар. Алдымен бапкерлердің біліктілік деңгейіне назар аударылуы тиіс.

Әлемде жоғары деңгейде дамыған балалар футболы орталықтары бар. Олар талай талантты жасқа жол ашты. Мәселен, Балқан түбегіндегі Сербия, Хорватия, Черногория өрендері қазір азулы клубтарда ойын көрсетеді. Осылайша игі іс өз деңгейінде жүзеге асты. Алдымен бапкерлердің біліктілігіне назар аударылып, футболдың дамуы бойынша озық елдерге тәжірибе алмасуға жіберді. Ойлағандары жүзеге асты. Білімі мен біліктілігі шыңдалған мамандар өз елінде жас өрендерді тәрбиелеп шығаруға құлшына кірісті. Ендігі кезекте беделді клубтар сол шәкірттерге көз тігіп, оларға қыруар қаржы жұмсауға мүдделі болып отыр. Осылайша балалардың футбол орталықтары қаржы тауып отыр.

Өркениетті елдерде футбол – бизнес көзі. Футбол орталықтарында қызмет жасайтын мамандар мықты ойыншы шығарса, өзінің еңбегіне лайықты ақша алады. Өкініштісі, қазақстандық клубтарда әзірге ондай серпіліс жоқ. Шетелден келген легионерлерге үміт артатыны сондықтан.

Әйтпесе, бізде де талантты жастар бар. Оларға қамқорлық қажет. Елдің арасынан оларды іздеп табуымыз тиіс. Бұл бір-екі күндік шаруа емес. Аталған жобалар ұзақ мерзімдерге белгіленуі қажет. Дегенмен, бізде әлі күнге дейін осы жағы кемшін түсіп тұр. Футболды дамытамыз десек, осындай мәселелерге көңіл бөлінгені орынды. 

Бапкерлер біліктілігі қандай?

– Енді әңгіме ауанын «Қайсарға» ойыстырсақ. Кейінгі жылдарда команданың ойыны ала-құла. Көңіл көншітпейді. Биыл бірінші лигада доп тебуге мәжбүр. Команда құрамында жергілікті түлектердің саны аз. Кезінде қызылордалық жастар команданың негізгі бөлігін құрайтын еді. Бұл тығырықтан қалай шығуға болады? Кәсіби маман ретінде сіздің ойыңыз қалай?

– Бұдан бұрын айтқанымыздай, балалар футболы өз деңгейінде дамымай, мұндай түйткілдің шешімін табу мүмкін емес. Рас, кезінде команда құрамының негізгі бөлігін жергілікті жастар құрады. Олар намыс үшін ойнады. Ешкімнің ығына жығылмайтын. Жанкүйерлер қолдауы ерекше болды. Қазір «Қайсардың» ойынына барсаң, негізінен сырттан келгендерге үміт артатынын аңғару қиын емес. Өзіміздің жігіттер қосалқы құрамада отырады. Бұл да – жанкүйерлер көңілінде жүрген жағдай. Мұндай олқылыққа жол бермеудің жолын қарастырайық.

Кезінде Қызылордада тәжірибелі бапкерлер көп еді. Олардың қатарында Владимир Ольшанский, Валерий Алексеев, Сәрсенбек Қиятбаев сынды мамандар бар. Команда құрылғаннан бергі жарты ғасырдан астам уақытта талай талантты жастар түлеп ұшты. Тіпті, олардың арасынан Кеңес одағы жастар құрамасына шақыру алған Телеухан Тұрмағанбетов секілді түлектер кездеседі. Бүгінде сол дәстүрді Мақсат Байжанов, Асхат Тағыберген, Думан Нәрзілдаев секілді жігіттер жалғастыруда. Иә, кейінгі он жылда бірді-екілі жастар ғана команда құрамына қосылды. Дегенмен олардың өзі «Қайсардың» көшбасшы ойыншысына айнала қойған жоқ. Әзірге тәжірибе жетіспейтін секілді.

Команда жанындағы балалар футболына арналған орталықта қандай талантты жастар шығып жатыр? Оны бақылап жүрген кім бар? Аудандарда қандай жастар көзге түсіп жүр? Бұрын мамандар осының барлығына көңіл бөлетін. Нәтижесінде «Қайсардың» құрамында ауылдың қарадомалақ балалары да доп тебуге мүмкіндік алды. Қазір негізінен шетелдік немесе өзге өңірлерден келген ойыншыларға иек артамыз. Өзіміздің жігіттер тасада қалып қойып жатқанын байқаймыз.

– Қызылордада балаларға арналған футбол алаңдары жетісе бермейді деген сөз жиі айтылады. Бұл жөнінде ойыңыз қандай?

– Осыдан 20-30 жыл бұрын Қызылордада мұндай алаңдар мүлдем жоқ болатын. Орталық стадионның алаңы «Қайсардың» өзінен артылмайтын. Ал «Локомотив» стадионы мүлдем талапқа сай келмейтін. Одан бері қаншама шағын алаңдар пайдалануға берілді. Балалардың ойнауына мүмкіндік жасалды. Дегенмен олардың санын әлі де көбейткеніміз артық емес. Облыс орталығында  қысқы мезгілде дайындық жүргізетін жабық манеж жоқ. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан немесе демеушілер көмегімен осындай орындарды ашқанымыз жөн. Нәтижесінде бапкерлер жыл бойына балалармен тиімді жұмыс жасай алады.

Мұндай жобаларға ниет білдіріп жүрген инвесторлар бар. Оған жергілікті басшылық тарапынан қызығушылық болса, игілікті істі бастап кетуге дайын. Мұндай жағдайда қалада төбесі жабық футбол манежі мен барлық талапқа сай жасыл алаңдар пайда болады.

Сыр өңірі таланттарға кенде емес

– Өзіңіз кезінде «Қайсарда» басшылық қызметте болдыңыз. Сол уақытта команда құрамында жергілікті жастардың саны басым еді. Аталған құраммен талай мықты клубтармен терезесі тең дәрежеде ойын болғанын ұмыта қойған жоқпыз. Сол жылдары бапкерлерге қандай талаптар қойылатын еді?

– Сыр өңірі таланттан кенде емес қой. Оларды іздеп табуымыз қажет. Облыстың барлық ауданында футбол үйірмесі бар. Онда қаншама бала тәрбиеленуде. Арасынан таланттысы шығады. Мұндай шәкірттер тасада қалып қоймағаны жөн. Біз осындай жағдайға баса назар аудардық. Жыл сайын футболдан облыстық турнир болады. Сол кезде шеберлігі шыңдалған балалардың келгенін байқаймыз. Оларды көзден таса етпеуге көңіл бөлдік. Көптеген жастар «Қайсардың» құрамына қосылды. Мәселен, Ахмет Алайдаров, Дәуренбек Тәжімбетов, Бектас Ертаев, Дархан Бекішев, Жасұлан Молдақараев сынды түлектер – осындай оң жұмыстың нәтижесі.

Бас бапкер қызметіне келген әрбір маманмен команданың болашағы жөнінде ой бөлісеміз. Олар өзінің жоспарын айтады. Біз де ұсыныс білдіреміз. Алдағы ойындарға жергілікті футбол түлектерін қосу жөнінде талап қоямыз. Ол өзінің жемісін берді. Бүгінде жанкүйерлер жақсы білетін Мақсат Байжанов, Асхат Тағыберген, Думан Нәрзілдаев, Елжас Алтынбеков сынды жігіттер сол кезде шықты. Өкінішке орай, қазір ондай талап жоқ секілді. Әйтпесе, әрбір ойында жергілікті түлектер жасыл алаңнан көрінетін еді. Көбірек шыңдалмаса, олар тәжірибесін қалай арттырады? Бұл – ойланатын мәселе.

– Сөзіңізді бөлейін. Қазір «Ордабасы» мен «Тараз» командалары негізінен жергілікті түлектерге үміт артады. Премьер-лигада ойнайтын екі команда турнир кестесінде жоғары орындарда келеді. Олар мұндай жетістікке қалай қол жеткізді? Кәсіби маман ретінде көзқарасыңыз қандай?

– Қай кезде де Шымкент, Тараз футбол мектебі жоғары бағаланады. Сол тұғырдан әлі төмендеген жоқ. Кезінде қолға алынған жобаларды жүйелі жалғастырды. Аталған өңірлерде команда жанындағы орталықтар бар. Оған қоса футболға лайықталған балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс істейді. Жергілікті басшылық пен кәсіпкерлердің қолдауымен Премьер-лига және бірінші лигада кәсіби деңгейде бірнеше команда құрылған. Осылайша талантты жастар тасада қалып жатқан жоқ. Кейіннен аталған командаларда ойын көрсетуге мүмкіндік алады.

Әрбір орталық жастарды іріктей алады. Еліміздің өзге клубтары оларға қызығушылық танытса, футболшының ақысын төлейді. Бұл орталықтардың қаржылық жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Өкінішке орай, бізде осы жағы кемшін түсіп жатыр. Негізгі басымдық «Қайсарға» бағытталған. Талантты жастарды соған тартамыз.

«Байқоңырды» жеке команда есебінде дамытайық»

– Жергілікті жастарды қолдауға бағытталған «Байқоңыр» командасына байланысты ойыңыз қандай?

– Рас, осыдан бірнеше жыл бұрын «Байқоңыр» командасы құрылды. Оны жақсы жоба ретінде бағалаймыз. Десе де, әзірге ол облыстың екінші командасы ретінде саналады. Тәуір ойыншылар болса, оларды «Қайсардың» құрамына тартады. Осының салдарынан «Байқоңыр» ала-құла ойнайды. Өйткені, бір команданы құрудың өзіне қаншама уақыт жұмсалады. Футболшылар бір-бірімен өзара түсіністік танытады. Шеберлік деңгейін таразылайды. Бір-бірін толық түсінгеннен кейін ойын да өз деңгейінде жүреді.

Менің ойымша, «Байқоңыр» да «Қайсар» секілді жеке құрылым болуы тиіс. Облыс орталығында «Локомотив» стадионында футболға арналған балалар мен жасөспірімдер мектебі бар. Биыл «Байқоңыр»  командасын қала әкімдігі қаржыландырып отыр. Сол ақшаны біріктіріп, жаңа жобаны жүзеге асыруға болады. «Байқоңырды» «Қайсарға» бәсеке ретінде дамытуға мүмкіндік бар.

– Мұндай игі іс көршілес Түркістан облысында жақсы байқалады. Тіпті, аудандарда командалар бар. Олардың алды Премьер-лигада ойын көрсетеді. Бізде де сол істі неге қолға алмасқа? Кейбір аудандардың оған мүмкіндігі бар емес пе?

– Ашығын айтқанда, Түркістан. Шымкент аймағында бұл жағы жақсы дамып келеді. Қазір Премьер-лигада «Ордабасы» мен «Тұраннан» өзге «Мақтарал» да бар. Олардан бірінші лигада да төменгі команда ойнайды.  Команданың көп болғанының артықтығы жоқ.

Жылма-жыл футбол орталықтарында қаншама түлек шеберлігін шыңдап шығады. Енді олар кәсіби деңгейде өздерін көрсетуі тиіс қой. Мәселен, бір облыста үш-төрт команда болса, жастар сол ұжымдарда ойнайды. Нәтижесінде олардың арасынан таланттысын таңдап алуға әбден болады.

Әлемнің көптеген елдерінде бұл әдіс жолға қойылған. Нидерландының «Аякс» командасын алайықшы. Онда футболшы дайындау жоғары деңгейде дамыған. Дүниежүзіндегі белгілі клубтардың барлығы сол орталықта тәрбие алған футболшыларға үміт артады. Қымбат бағасына сатып алудан да кет әрі емес.

Қысқасы, біз әлі күнге дейін футболдың бизнес екенін түсінбей жүрген секілдіміз. Қаншама қаржы жұмсалғаннан кейін оның жемісін де көруіміз қажет емес пе?

Менің ойымша, «Қайсар» мен «Байқоңырды» жеке орталықтар ретінде дамытсақ, одан еш ұтылмаймыз. Әрқайсысы өз түлегін дайындауға тырысады. Бұған жергілікті басшылық тарапынан көмек жасалғаны дұрыс.

Қазақстандық футболшылар деңгейін төмен деп айта алмаймын. Бәлкім, олардың арасында өзге елдерден шақырту алып жатқаны бар да шығар. Дегенмен, сол жастардың көбісі басқа жақта доп тебуге құлықсыз. Оның бірнеше себебі бар. Кейбір елдерде жалақы бізден төмен. Жастар сыртта ойнау арқылы тәжірибе жинайды. Сондықтан елімізде балалар футболын дамыту басты мақсаттың бірі болуы тиіс. Өкінішке орай, әзірге бізде осы жағынан олқылық бар.

Алысқа бармай-ақ қоялық, көршілес Өзбекстанда футбол орталықтары жоғары деңгейде дамып келеді. Кезінде Ілияс Зейтуллаев итальяндық клубтарда доп тепсе, қазір Элдор Шомуродов «Рома» жейдесін киіп жүр. Барлығы өзіміздің қолымызда екенін де ұмытпайық. Қазақстанда дарынды ұландар өсіп келеді. Тек біз оларды тауып, шеберлік деңгейін арттыруға қолдау көрсетсек, соның өзі жетістік.

– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<