Қазақстан төртінші орын алды

921

0

Футзалдан Әлем чемпионаты мәресіне жетті. Литва жерінде өткен дүбірлі додада қазақстандық футзалшылар тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетті. Топтық кезеңнен іркілмей өтіп, үздік төрттікке ілікті. Бұл – жоғары көрсеткіш.

Қазақстан құрамасы әлемдік додада үшінші мәрте бақ сынады. Талай азулы қарсыласымен тепе-тең ойын көрсетті. Кейбірін жарыс жолынан шығарды. Тіпті, дүние жүзіндегі беделді құрамалардың өзін көп күш жұмсауға мәжбүр етті. Сәттілік серік болғанда бас жүлдеге қол созуы да әбден мүмкін еді. Десе де, жер-жаһандағы жанкүйерлер біздің жігіттердің жігерлі ойынын бас бармақпен бағалап, алаң төріндегі тайталасына зор қошеметпен қол соқты.

Қазақстан құрамасы 3 қазанда үшінші орын үшін сайыста Бразилия құрамасына қарсы ойнады. Қарсыласымыз бұдан бұрын бес мәрте алтыннан алқа таққан тәжірибелі құрама екені белгілі. Айта кетерлігі, бұл кездесу де өте тартысты өтті. 

Кездесудің 12-минутында қазақстандық футзалшылар бразилиялық қақпашы Гиттаны қателесуге мәжбүр етіп, ол автогол авторы атанды. Осылайша бірінші кезеңнен кейін біздің жігіттер 1:0 есебімен басым түсті. Екінші кезеңнің 25-минутында қазақстандық құрамадан Тайнан ойламаған жерден өзінің қақпасына гол соғып алды. Ол 31-минутта қарсыластар қақпасынан саңылау тауып, қайтадан Қазақстан құрамасы алға шықты. Дегенмен одан кейін бразилиялықтар қатарынан Родриго 32, Феррао 34, Ле 35-минуттарда көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Бас жүлдеге талас Аргентина мен Португалия арасында болды. Бірінші кезеңде португалиялық Пани 15-минутта мергендік танытса,  28-минутта екінші мәрте көзге түсті. Көп ұзамай аргентиналық Анхель Клаудино есеп айырмасын қысқартты. Кездесуде Португалия 2:1 есебімен басым түсіп, өзінің тарихында тұңғыш рет Әлем чемпионы атанды.

Айта кетсек, бұған дейін Бразилия 5 (1989, 1992, 1996, 2008, 2012) мәрте чемпион атанды. Ал Испания 2 (2000, 2004) мәрте жеңімпаз тұғырына көтерілсе, Аргентина 1 (2016) мәрте алтыннан алқа тақты.

Дүбірлі додада барлығы 24 құрама бақ сынады. Қазақстандық футзалшылар А тобында сынға түсті. Қарсыластары – Литва, Венесуэла, Коста-Рика.

ФИФА Қазақстан құрамасына Әлем чемпионатында әділ ойын (fair play) көрсеткені үшін арнайы жүлдені табыс етті. 

Сондай-ақ, марапаттау рәсімінде Әлем чемпионатындағы үздік ойыншылар анықталды. Турнир қорытындысы бойынша «Қола доп» Қазақстан құрамасындағы Дугласқа бұйырды. Ал португалиялық Рикардиньо «Алтын доп» иегері болса, оның отандасы Пани Варела «Күміс доп» алды. 

Қазақстан құрамасының үздік бомбардирі Тайнан доп додасында алты гол соғып, «Қола бутса» алды. Қарсыластар қақпасын тоғыз мәрте дәл көздеген бразилиялық Феррао «Алтын бутса», сегіз гол соққан  тағы бір бразилиялық Пани Варела «Күміс бутсаға» лайық деп танылды.

Айта кетейік, қазақстандық құрама 1/8 финалда Таиландтан 7:0 есебімен басым түсіп, ширек финалда Иранды 3:2 есебімен сүріндірді. Ал жартылай финалда Португалиямен овертаймда 2:2 есебімен тең түсіп, пенальти тебуде қарсыласына жол берген еді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<