Құрама қайратқа міне бастады

533

0

Футболдан Қазақстан құ­ра­масы жанкүйерлер сені­мінен шығуға барынша күш салып келеді. Құрама тізгінін отандық маман Талғат Байсуфинов ұстағаннан бастап ойын өрнегі түрленіп сала берді. Жасыл алаң төрінде жарқырап көрінген жастарымыз көбейді. Қарсыластан қаймығатын деңгейден өткен секілдіміз. Алғашқы минуттан ойын соңына дейін допқа таласып, ұрымтал сәттерде қанжығамызды майлап жүрген жайымыз бар.

Сейсенбіде өткен Босния және Герцоговинамен кездесу алдында жанкүйерлер түрлі ойға берілгені рас. Ойыннан бұрын түрлі себептерге байланысты негізгі құрамдағы бірқатар футболшылардың жасыл алаңға шықпайтыны белгілі болды. Қолдағы мүмкіндікті қарастыра отырып, Талғат ­Байсуфинов алғашқы минуттан төмендегі ойыншыларға үміт артты. Қақпаға Игорь Шацкий иелік етсе, қорғаныс шебінде Юрий Логвиненко, Сергей Малый, Александр Марочкин, Марат Быстров, Роман Вороговский сап түзеді. Жартылай қорғаныста Асхат Тағыберген, Исламбек Қуат, Георгий Жуков, Владислав Васильев болды,  шабуылда Артур Шушеначев ойнады.

Айта кетсек, бұған дейін екі құрама бірде-бір мәрте кездес­кен жоқ. Сондықтан алғашқы ойынның екеуі де маңызды еді. Алаң иелері тізгінді бірден өз қолына алуға тырысты. Дегенмен, бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ. Екінші кезеңнің 51-минутында қазақстандық жартылай қорғаушы ­Исламбек Қуат бұрыштамадан әуелете берілген допты қақпа торында тулатты. Ал 74-минутта Қазақстан құрамасының қақпасына белгіленген пенальтиден босниялық Миралем Пьянич мүлт кеткен жоқ. Оның әріптесі Лука Менало 85-минутта өз құрамасын алға шығарды. Ал 94-минутта Бактиёр Зайнутдинов таразы басын теңестіріп,  қос құрама 2:2 есебіне қанағат білдірді. Екі голдың да соғылуына Қызылорда футболының түлегі Асхат Тағыберген үлкен үлес қосты.

– Біздің құрама жас, енді жасақталуда. Әлі де өсуіміз керек. Жаттығу жұмыстарында комбинациялық футбол ой­науға әрекет етіп жатырмыз. Босния секілді мықты қарсыласпен ойнап, тағы біраз тәжірибе жинаймыз. Бірақ тек қорғанып жатпаймыз. Біз лайықты қарсылық білдіргіміз келеді, – дейді бас бапкер журналистермен жүздесуінде.

Қазақстандық құрама ірік­теу сатысында D тобында сынға түседі. Қарсыластары – Франция, Украина, Босния және Герцоговина, Финляндия.

Енді алдағы ойын 9 қа­занда жалғасады. Бұл күні Қазақстан құрамасы өз ала­ңында Босния және Герцоговинамен кездеседі.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<