Рекордтарды жаңартқан спортшы

1333

2

Серік Құлмырзаев – қарапайым зейнеткер. Облыс орталығына қарасты Ақсуат ауылдық округінде тұрады. Қырық жылдан астам еңбек жолының тең жартысын мемлекеттік қызметке арнаған. Жас кезінен күреске қызығып, кейін де бос уақытында спорттан қол үзбеген. Бірақ кәсіби түрде айналыспаған. Ал, зейнет жасында екі мәрте әлемдік рекорд жаңартып, тарихта қалуына кішкентай немересімен әңгіме себеп болыпты.

– Бір күні теледидар қарап отырсақ, теміржолшыларды марапаттау рәсімі болып жатыр екен. Немерем маған қарап: «Ата, сізде қандай медаль бар?» деп сұрады. Мен ойланып қалдым. Еңбек жолым, еткен қызметім, барлығы өзім үшін ғана екен ғой. Кейінгіге, балаларым еске алып отыратындай артыма не қалдырсам екен деп ойладым, – дейді ол.

Осылайша ол спортта жетістікке жету жолдарын іздей бастаған. Ақыры гир тасын көтеру спортына тоқталған. Ол бойынша өтетін халықаралық, ТМД көлеміндегі сайыстар туралы сұрастырады. Ақыры ғаламтор арқылы сондай жарысқа өтінім беріп, дайындыққа кіріседі. Бұл 2013 жылдың шілде айы еді. Ол кезде әлі зейнетке шыға қоймаған, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет ететін. Жұмыс арасында сарайда тұрған гир тасын екі қолмен кезек-кезек алғашқыда 10 реттен, келесі аптада 15 реттен, үшінші аптада 20 реттен көтеріп жүрді. Осылайша жарысқа аттанам дегенше 27-28 рет көтеретін болды.

Бір ай, он күн дегенде Минск қаласындағы Әлем чемпионаты да басталды. 62 жастағы аудан әкімінің орынбасары әлемнің атпал денелі үздік атлеттерімен додаға түсті. Барған бойдан жарыстың ережелерін сұрастырып біліп алды. Қазақстан атынан бірге барған спортшылар Халықаралық гир триатлоны федерациясының президенті Анатолий Ежовқа «бұл кісі ауданда әкім» деп таныстырыпты. Ежов «онда бұл кісі бізше айтқанда губернатор болды ғой» деп жылы әзілмен амандасқан екен.

– Кезегім келіп, ортаға шыққан кезде судья көпшілікке «Серік Құлмырзаев, Қазақстаннан келген атлет, біздің жарыс тарихында тұңғыш рет губернатор гир тасын көтермекші» деп хабарлады. Ортаға қалай шыққанымды білмеймін. Өзім жүрексініп тұрмын. Алғашқы 25 секундта оң қолыммен отыз рет көтердім де, дереу гирді сол қолыма ауыстырып, әрекетімді жалғастырдым. Менде тек алдымда шыққан спортшылардан қалмауым керек деген ой ғана болды. Сәлден кейін судья «Серік Құлмырзаев – Әлем чемпионы. Бір минутта 58 рет көтерді» деп хабарлады. Жұрт қол шапалақтап, қошемет көрсетіп жатыр, – деп еске алады ардагер.

Сол жарыста уақыт айырмашылығына қарай бірнеше сайысқа қатысқан Серік Құлмырзаев екі минутта 16 келі гир тасын 94 рет көтерген. Гир тасының салмағы жас мөлшеріне қарай берілетін болған соң, 60-64 жас аралығында бірнеше мәрте жеңімпаз атанған. Дәлірек айтсақ, Серік Құлмырзаев төрт дүркін Әлем біріншілігінің, Еуропа, Азия, Еуразия, Беларусь және Ресей чемпионаттарының, Ф.Ушаков пен М.Ломоносов атындағы халықаралық жарыстардың жеңімпазы, 11 алтын медальдың иегері атанды. Сонымен қатар, гир тасын көтеру спортының шебері атағына ие болды.

– Мен бұған дейін кәсіби тұрғыда спортпен айналысқан емеспін. Қызметтік жолым мемлекеттік жұмыспен тығыз байланысты болды. Зейнет жасына жақындағанда алдағы уақытты қалай тиімді өткізу керектігі туралы жиі ойланатынмын. Сөйтіп, көкейдегі ойды спортпен байланыстырамын деген шешімге келдім. Халықтың денсаулығын жақсартып, салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі шарты бұқаралық спортты дамытумен байланысты екенін Елбасымыз да, Мемлекет басшысы да Жолдауларында айтып келеді. Осы орайда спортты жаныма серік ете отырып, өскелең ұрпаққа үлгі көрсетсем деймін, – дейді Серік Құлмырзаев.

Мемлекеттік қызметші 2014 жылы 8 тамызда зейнеткерлікке шыққан бойда жарысқа аттанып, 13-16 тамыз аралығында Беларусь мемлекетінің Витебск қаласында гир тасын көтеруден екінші Дүниежүзілік Олимпиада, Беларусь мемлекетінің тәуелсіздік күніне арналған халықаралық турнир және ардагерлер арасында гир көтеруден Әлем чемпионатына қатысты. Дүбірлі додаға Қазақстан атынан қатысқан сегіз спортшының бірі, 63 жастағы ардагер 16 келілік гир тасын 2 минутта жұлқа 78 рет, серпе 94 рет көтерді. Сондай-ақ, 3 минутта 75 рет жұлқа көтеріп, қарсыластарын артта қалдырды. Топтық нормативтік жаттығуларда үздік нәтиже көрсеткені үшін Гиннестің рекордтар кітабында тіркелген көрсеткішті жаңартты.

Бұдан бөлек, «310 спартандықтар» жобасы бойынша Гиннесс кітабына ену үшін 400-дей спортшы жарты сағат бойы гир жаттығуларын жасаған. Осылайша жаппай жаттығу орындау барысында Серік Құлмырзаевтың есімі Гиннестің рекордтар кітабына екінші рет жазылды. Жаңа рекорд жасауға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша, Германия, Латвия және Литваның спортшылары үміткер болды.

Ал, 2017 жылдың жазында Петропавл қаласында өткен әлемдік біріншілікте Ресей, Беларусь, Украина және еліміздің мықтыларымен сынға түсті. Сайыста гир триатлонынан Әлем чемпионаты, Еуразия чемпионаты және Қазақстанның бірінші ашық чемпионаты қатар өтіп, бірнеше кезең бойынша спортшылардың шеберліктері сыналды. Дүбірлі додада ардагер спортшы жұлқа көтеру сайысы бойынша 10 келілік гир тасын 5 минут ішінде 190 рет көтеріп, жетінші рет Әлем чемпионы атағына лайық деп танылды. Сонымен бірге, 2 минут ішінде 89 мәрте жұлқа көтеру арқылы Қазақстан чемпионы деген атаққа ие болды. Чемпионат қорытындысы бойынша «Алтын гир көтеруші» орденімен марапатталып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленді.

Қоғам қайраткері Серік Құлмырзаев БҰҰ және ЮНЕСКО жанындағы Адам құқығы халықаралық федерациясы мен ғылыми институттары Еуропалық қауымдастығының және халықаралық аттестациялық Кеңесінің халықаралық «Қанатты арыстан» орденімен марапатталған.

Жаны жас адамның рухани өркендеуінде шек болмайтынын ісімен дәлелдеп, әдемі қартаюдың үлгісін көрсетіп жүрген ардагер спортшы бүгінде 75 жаста. Көңіл ауанына қарай әлі де гир тасын көтеріп, жаттығып тұрады.

– Жалпы, адамзат баласы үнемі ізденіс үстінде жүруі керек. Сондықтан, дене шынықтырып, спортпен шұғылданумен қатар рухани әлемімізді байыту жолындағы ізденіске басымдық беруді де жөн санаймын. Өйткені, адамның рухани дүниесі бай болса, оның алмайтын қамалы болмайды, – дейді спортшы.

Б.САҒЫНДЫҚ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<