Шағын футбол турнирі

884

0

Н.Ергешбаев атындағы №172 орта мектепте білікті ұстаз Оразбек Ешеновті еске алуға арналған шағын футбол турнирі өтті. Турнирде Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мектеп, №3  ІТ-мектеп, №№11, 15, 23, 264 мектеп-лицейлер, №144 орта мектеп, №212 мектеп-гимназиясы командалары бақ сынады.

Турнирді қалалық білім бөлімі мен Ә.Тыныбаев атындағы №11 мектеп-лицей ұжымы ұйымдастырған. Іс-шараның мақсаты – білім қызметкерлерінің спортқа деген бейімін шыңдау, өзара тәжірибе алмасу, спортты дамыту және насихаттау.

Еске алу шарасына қалалық білім бөлімі кәсіподақ ұйымының төрағасы Орынша Әлімбетова, марқұмның әріптестері, жұбайы Гүлжаһан Ешенова және балалары қатысты.

Оразбек Ешенов еңбек жолын 1979 жылы Сырдария аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде еркін күрестен жаттықтырушы болып бастаған. Әр жылдары мұғалім, М.Мәметова атындағы педагогикалық училищеде оқытушы болып еңбек еткен. Сырдария аудандық спорт мектебінде директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры секілді жауапты қызметтерді атқарған. 1988 жылдан бастап өмірінің соңына дейін №11 мектеп-лицейде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болды.

– Ұлағатты ұстаз  Оразбек Ешенов – саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған жан. Әуелде мұғалім, кейін спорт мектебінің директоры болып қызмет атқарған азамат өнегелі шәкірттер тәрбиеледі. Ол кісінің өмір жолы, рухани жан дүниесінің байлығы, адамға деген мейірімі ерекше болды. 37 жылдан астам уақыт ұстаздық жолда аянбай тер төккен ағамыз отбасының тірегі, ақылшысы, арқасүйер азаматы бола білді. Білікті ұстазды еске алып, атқарған сан салалы қызметін жас ұрпаққа үлгі ету  – біздің міндетіміз, –  деді О.Әлімбетова.

Жарыс нәтижесі бойынша 3 команда жүлделі орындарға ие болды. Атап айтсақ, 1-орынды А.Тыныбаев атындағы №11 мектеп-лицейінің командасы, 2-орынды С.Толыбеков атындағы №3 ІТ-мектеп-лицейінің мұғалімдері, жүлделі 3-орынды Ж.Қизатов атындағы №23 мектеп-лицейдің ұстаздары жеңіп алды. Турнир жеңімпаздары ауыспалы кубокпен, естелік сыйлықтармен және мақтау қағаздарымен марапатталды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<