Шымкенттік «Ордабасы» клубы Қазақстан чемпионатына қатыспайды

666

0

Шымкенттік «Ордабасы» клубы қаржы тапшылығына байланысты ел чемпионатына  қатыспайды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Vesti.kz сайтына сілтеме жасап. Бұл туралы Meta-ratings.kz сайты жариялады. Дегенмен клуб басшылығы бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.

«Клубтың салық ұйымдары алдында бірнеше айдан бері берешектері жиналып қалған. Сонымен қатар, айлық мәселесінде де қиындықтар туындап отыр. Енді шымкенттіктердің орнына қарыздарынан қысқа уақытта толық құтылғысы келетін «Оқжетпес» клубы премьер-лигада ойнауы мүмкін. «Ордабасының» орнына қызылордалық «Қайсар» да шығуы мүмкін, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, «Ордабасыдан» Түркістанның «Тұран» командасына Еркебұлан Тұңғышбаев, Абдуллай Диакате, Бекхан Шайзада және басқа ойыншылар ауысуы мүмкін деген ақпарат бар.

Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі 2022 жылғы 13 қаңтардағы жағдай бойынша «Ордабасы» ФК барлық қажет талапты орындағанға дейін қаржылық критерий бойынша сертификаттау процесіне одан ары жіберілмегенін мәлімдеді.

Алайда, «Ордабасы» басшылығы Қазақстан чемпионатының келесі маусымына команда қатыспайтыны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

«Қатыспаймыз дегенді кім жазды? Бұл ақпаратты жоққа шығарамын ба? Әрине. «Ордабасы» қатысады деп ойлаймын. Қаржы мәселесі туралы әлі ештеңе айта алмаймын.

Төлем қашан жасалады? Жақында. Команда біртіндеп Шымкентте жиналады, мұнда жаттығуға мүмкіндік бар. Жаттықтырушылар штабы демалып жатыр. Шақырамын, олар жұмыс істейді. Седнев, Смақов? Олар қалады», – деді Шымкент клубының президенті Бақтияр Даниярұлы.

Еске салайық, 2021 жылы шымкенттік клуб бесінші орынға ие болған еді. 2020 жылы да бесінші орынға тұрақтады. Ал 2014 жылдан бастап «Ордабасы» Қазақстан чемпионатында төрт рет төртінші орында және екі рет қола жүлдегер болды (2017 және 2019).