Сыр боксының саңлағы

633

0

Бокстан жастар арасындағы Азия чемпионы Нұрсұлтан Алтынбек туған жер топырағына қадам басты. Жеңіс жалауын желбіреткен жампозды жерлестері теміржол вокзалында ерекше құрметпен қарсы алды.  

Айта кетсек, Нұрсұлтан таяуда өткен құрлықтық додада 54 келі салмақта қарсылас шақ келтірмей, алтын медальға қол жеткізген еді. Ол екі жылдай бұрын жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінде күміс жүлдегер болды. Сол кеткен олқылықтың орнын толтырып, енді сарықұрлықта өз салмағында мықты атанып қайтты.

Бокстан облыстың жастар құрамасының аға бапкері Сайлаубек Өтегенов Нұрсұлтанның бұл жеңісі жоғары бағалауға тұрарлық екенін айтты. Өйткені, мұндай жоғары деңгейдегі бәсекеге барудың өзі оңай емес. Оған қатысатын спортшылар іріктеуден өткізіледі.

– Шәкіртім шаршы алаң төрінде еркін қимылдай біледі. Ол жекпе-жек барысында көптеген пайдасын алып келеді. Бұл – боксшы үшін жақсы қасиет. Шапшаң, жылдам және шымыр болу арқылы оң нәтижеге қол жеткізуге мол мүмкіндік бар. Мен Нұрсұлтаннан осындай қасиеттерді байқаймын. Сыр өңірінде осылайша Қамшыбек Қоңқабаевтың ізін басқан өрендер өсіп келе жатқаны қуантады, – деді С.Өтегенов.

Айта кетерлігі, Азия чемпионатында Нұрсұлтан барлық жекпе-жегінде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Бұл боксшының өзіне сенімділігін көрсетеді.

Нұрсұлтан бізбен әңгімесінде құрлықтық додада өзінің шеберлігін көрсете алғанына қуанышты екені жасырған жоқ. Десе де енді алда оны үлкен бәсекелер күтіп тұр. Ересектер арасында өз салмағында мықты екенін дәлелдеуі тиіс. Оның ар жағында Азия, әлем чемпионаттары, Олимпиада секілді айтулы аламандарға қатысуға болады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<