Татами төрінде – жастар

636

0

Кеше «Евразия» спорт кешенінде дзюдо және парадзюдодан жастар арасында Қармақшы ауданының құрметті азаматы Болатбек Сүлейменовті еске түсіруге арналған халықаралық турнир жалауын көтерді. Аталған турнирге еліміздің өңірлері мен Өзбекстаннан барлығы 500-ге тарта балуан келді.

Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет спорттың бұл түрі жастар арасында ерекше қызығушылық туғызып келе жатқанын атап өтті. Аймақта дзюдомен айналысып жүргендер аз емес. Олардың арасында дүниежүзілік деңгейдегі додаларда бақ сынаған жерлестеріміз де бар. Атап айтқанда, Бауыржан Жауынтаев, Мағжан Шәмшаддин сынды балуандар ел намысын абыроймен қорғап келеді.

– Осындай дарынды өрендердің шығуына жергілікті бапкерлердің қосқан үлесі зор. Олардың қатарында Өмірзақ Әбілдаев, Ишанбек Жұмабаев сынды білікті мамандар бар. Дзюдомен тұрақты түрде шұғылданып жүрген спортшылар саны арта түсті. Өңірде халықаралық және республикалық жарыстар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сондықтан мұндай спорттық бәсекелер өскелең ұрпаққа пайдалы бола бермек, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жарыстың ашылу салтанатында белгілі спорт журналисі Қыдырбек Рысбекұлы қай кезде де Сыр спортының беделі биік екеніне тоқталды. Бүгінге дейін өңірден көптеген спорт түрлерінен талантты жастар шықты. Бұл – осы салаға жасалған үлкен қолдаудың жемісі. 

Облыстық қазақ күресі федерациясының президенті Рзақұл Нұртаев өз сөзінде Болатбек Сүлейменовтің азаматтық болмысы жайында әңгімелеп берді. Б.Сүлейменов аймақтың әлеуметтік-мәдени дамуына үлкен үлес қосты. Қармақшы ауданында өткен көптеген жарыстарға қолдау білдіріп, талай талантты жастың танылуына қамқорлық көрсетті.

– Жарысқа алғашқыда Өзбекстаннан өзге Қырғызстан, Әзербайжан, Грузиядан спортшылар келуі жоспарланған еді. Пандемия салдарынан олардың бірқатары қатыса алмауда. Дегенмен турнир тартысты өтеді, – деді жарыстың бас төрешісі Қайрат Төленов.

Халықаралық турнир екі күнге созылады. Дзюдо мен парадзюдоның әрқайсысында ұлдар мен қыздар арасында жеті-жеті салмақта жеңімпаздар анықталады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<