Жәмила жарады

674

0

Қазақстандық балуан Жәмила Бақбергенова Норвегия астанасы Ослода өтіп жатқан Әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Бұл – бүгінге дейін қазақстандық қыздар арасында тұңғыш рет қол жеткізіп отырған жоғары нәтиже.

Ол 72 келіге дейінгі салмақта финалда жапониялық Масако Фуруичимен шеберлік байқасты. Қос спортшы бұған дейін өзара үш рет күш сынасты. Оның екеуінде жапониялық балуанның мерейі үстем болды. Бұл жолы да жапондық балуан жеңіске жетті.  Айта кетсек, Масако Фуруичи – 2019 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған тәжірибелі балуан.

Осылайша Ж.Бақбергенова күрес түрлерінен Ослода өтіп жатқан әлемдік додада ел құрамасы қоржынына алғашқы жүлдені салды. Мұнан бұрын ол жастар арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған еді. 

 – Күмістің өзі үлкен көрсеткіш. Жәмила финалда өз ойлағанын жүзеге асыра алған жоқ. Қарсыласы мұны сәтті пайдаланды. Осылайша жапон қызына үшінші мәрте есе жіберіп қойды. Есесіне жартылай финалда кездескен түркиялық балуаннан Бақбергенова бұрын үш рет жеңілген еді. Төртінші белдесуінде есе қайтарды. Жәмиланың жеңісі әлі алда деп есептеймін,  – деді  бапкері Нұрлан Аманқосов.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<