Қаржылық бақылаудың тың талаптары

346

0

Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің ұйымдастыруымен  «Тексеру комиссияларының қызметін жетілдірудің негізгі мәселелері» тақырыбында өткен семинар бейсенбі күні кеңейтілген ауқымда жалғасын тапты. Оның жұмысына облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова, комитет қызметкерлері мен аймақтардың тексеру комиссиялары және облыстық басқарма басшылары қатысты.

Облыс басшысы алдымен Қызылорда қаласында алғашқы көшпелі республикалық семинар ұйымдастырғаны және облыста біраз жыл  лауазымды қызмет атқарып, өңірдің әлеу­меттік-экономикалық дамуына  үлес қосқаны үшін Наталья Николаевнаға алғыс білдірді.

Мұнан кейін облыстың экономикалық даму барысы жайлы айтып берді.

– Біздің өңір тұрақты дамып келеді. Облыс экономикасына салынып жатқан инвестиция көлемі жыл сайын арта түсуде. Кәсіпкерлік қанат жайып, тұр­ғындар табысы өткен жылдармен салыстырғанда өсіп отыр.

Облыс бюджеті 2012 жыл­мен салыс­тырғанда екі есе өсті және ол әлеуметтік басымдыққа ие. Қызылорда облысы – бұрыннан аграрлы өңір.  Еліміздегі күріштің 95%-і біздің аймақта өндіріледі. Ендігі жерде облысты  индустриалды-аграрлы аймаққа айналдыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін облысты абыроймен бас­қар­ған мемлекет және қо­ғам қайраткері Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың бастамасымен көп­теген ауқымды жұмыстар ат­қа­ры­лып келді. Ендігі міндет – осы жұмыстарды әрі қарай жалғастыру, аймағымыздың одан әрі дамуына барлық күш-жігерімізді жұмсау. Осы жылдың ақпан айында Елбасы Н.Назарбаевтың төр­аға­лығымен өт­кен Қауіпсіздік Кеңесі отырысында Үкіметтің бастауымен Қызылорда облы­сының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-эконо­микалық дамуының Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Мамыр айының 28-де Кешенді жоспар да­йындалып, Үкіметте жан-жақты тал­қыланды. Оның негізгі бағыттары – өнеркәсіп, «Бай­­қоңыр» кешенінде арнайы эко­номикалық аймақ құру, агроөнеркәсіптік кешен, кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылығы, экология, су ша­руа­­шылығының ахуалы, әлеу­мет­тік сала мен Қызылорда қала­сының бас жос­пары болып белгіленді. Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде жалпыөңірлік өнім көлемі 2,062 трлн теңгеге дейін ұлғайтылатын болады. 2018 жылдың көрсеткіші 1,684 трлн теңгені құраған еді. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы айқындап берген 10 межелі міндет бар.

Қазіргі таңда осы тапсырмаларды нақты жүзеге асыру бағытында тиісті шаралар қабылданып, жұмыс жүргізілуде, – деді облыс әкімі.

Комитет төрайымы семинарға қатысушылардың Шиелі ауданында болып, жақсы әсер алғанын жеткізді.

– Онда аудандық аурухананың құрылысы аяқталуда. Тампонажды цемент зауыты жұмыс істеп тұр. Алдағы кезеңде жобалық қуаттылығына шы­ғады. Бұған дейін елімізге мұндай це­менттің жылына 300 мың тоннадайын сырттан тасымалдасақ, енді өзі­мізді қамтамасыз етіп, сыртқа да шы­ғаратын боламыз. Біз Шиеліде нағыз индустриялық аймақты өз көзі­мізбен көрдік. Қаншама жобалар жүзеге асуда. Кезінде Елбасы тап­сырмасымен жүзеге асырылған бағ­дарламалар бүгінде өз нәтижесін беруде. Республикалық және жер­гі­лікті бюджет түсімдері артып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.  Мұның – өзі тек облыс орталығы ғана емес, аудандардың да дамып келе жатқанының дәлелі, – деді Н.Годунова.

Мұнан кейін семинар тақырыбы талқыланды. Комитет төрайымының айтуынша, 2018 жыл мен 2019 жылдың алғашқы жартысында Есеп комитеті мен тексеру комиссиялары еліміз бойынша жалпы құны 530 млрд теңгенің қаржы бұзушылығын анықтаған. Ал мұндай қаржыға 88 мектеп салуға болады екен.

Н.Годунова бұған дейін тексеру комиссияларының міндеті  – бюджет қаржысының игерілуін және мақсатты жұмсалуын бақылау деген түсінік болып келгенін жеткізді. Шын мәнінде солай болып келгені рас. Енді бұл құрылымдарға жүктелетін міндеттер ауқымы арта түсуде. Олар қаржының игерілуін және мақсатты жұмсалуын бақылап қана қоймай, тиімділігіне назар аударатын болады. Комитет басшысы қаржының тиімсіз жұмсалуы және тиімсіз жобалар дайындалғаны туралы мысалдар келтіріп өтті.

Мәселен, Павлодар облысын­да 800-дей тұрғыны бар елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жалпы құны 600 млн теңгелік жоба шеңберінде  ұзындығы 16 шақырымдық құбыр жүргізіп, 400 текше метрлік резервуар салған. Ал осы облыстың 720 адам тұратын басқа елді мекеніне ауыз су жеткізу үшін 18 шақырымдық желі тартып, 1000 текше метр резервуар тұрғызады. Бұл жобаның құны 200  млн теңге. Әрине, кейбір технологиялық айыр­машылықтар болады. Бірақ, оған жұмсалатын қаржы көлеміндегі айырмашылық 20-30% шамасынан аспауы керек. Ал екі-үш есе көп қаржы жұмсау ақылға сыймайды. Демек, сметалық құн тым жоғары етіп көрсетілген.

Тағы бір мысал, Солтүстік Қазақстан облысында жалпы саны 20 мыңнан аса халық тұратын 40-қа жуық елді мекенге баратын 90 шақырымдық жолды 2010 жылы бастап, әр жыл сайын шамамен 7 шақырымын іске қосуда. Оның аяқталатын мерзімі 2025 жыл деп көрсетілген. Ол кезде алғашқы төселінген жолды қайта жөндейтін жағдай туады. Есесіне, құрылыс материалдарының бағасы қымбаттауына орай миллиардтаған қаржы жұмсалуда. Комитет төрайымы осындай тиімсіз жобалар мен бағдарламалар әкімшілері жазаға тартылатынын мәлімдеді. Бұрынғыдай жетекші немесе бас маманды кінәлі етіп итеріп салуға жол берілмейді. 

Қысқасы, осындай келеңсіздіктерге тексеру комиссиялары баса мән беруі тиіс. Әдетте, тексеру комиссиялары облыстық мәслихат алдында бір рет қана есеп беретін болса, енді тоқсан сайын есеп беруді жолға қойған жөн. Бұл – заңда жазылмаса да, бүгінгі күннің талабы. Н.Годунова семинарда Қызылорда облыстық тексеру комиссиясының атына жылы лебіз білдірді. Аталған ұжым республикада үздік жұмыстарымен танылып отыр.  

Семинарда Есеп комитетінен келген мамандар қатысушыларға жаңа стратегиялық талаптар туралы әдістемелік түсіндірмелер жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар Комитет басшысына және сөз сөйлеушілерге сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Ыдырыс Тәжіұлы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<