Несиеге тірелген түйткіл көп

984

0

Қазір банк қызметіне жүгініп, өсімақымен несие алмаған адамды табу оңай емес. Ең қиыны, біз қарызға өмір сүруге әбден бой алдырдық. Соңғы бір жылда халықтың қарыз алу қарқыны 22,1 процентке артқан. Ұлттық банктің облыстағы филиалы баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек,  жеке тұлғаларға берілген несие көлемі 22,1 процентке артып, 247,7 млрд теңгені құраған. Заңды тұлғалардың несиесі 2,1 процентке, яғни 60 млрд  теңгеге дейін өскен. Ал қысқа мерзімді несие көлемі 7 процентке, ұзақ мерзімді несие көлемі  18 процентке, яғни 288,8 млрд  теңгеге дейін артқан.

Несиеге қажеттілік болған соң алатынымыз рас. Жұртшылық басындағы баспанадан бастап, үстіндегі киім, қолындағы қымбат телефоннан бөлек, күнделікті тұтынатын азық-түлікті де несиеге рәсімдейтіні жасырын емес. Қазір барлық супермаркетте азық-түлікті банк карточкасын пайдалану арқылы бөліп төлеуге болады. Құндыз тон, соңғы үлгідегі тұрмыстық техника, телефон алып, сол үшін  жылдар бойы банкке қарыз болып жүру қалыпты жағдайға айналды. Ол аз десеңіз, шетелге барып демалу мен қымбат темір тұлпар тізгіндеуді бәсекеге ұластырдық. Ал  бұл тізбекке тойдың түр-түрін несиеге өткізетіндерді қосыңыз. Оның себебі де жоқ емес, айлығы шайлығынан ауыспайтындар, амал жоқ, банкке барып қарыз  алады. Қысқасы, тіршілікте несиеге тіреліп тұрған түйткіл көп…

Бір мысал келтірейін. Автобуста жуырда отау құрған танысымды кездестіріп қалдым. «Менің қазір бір ғана мақсатым бар. Ол – банктен алған несиені төлеу» дейді мұңайып. Ата-анасы той жасауға 3 миллион теңге алған екен. Төрт жылда оны бірнеше есе етіп қайтаруы тиіс.

– Алғашқы екі жыл бойы жалақымды түгел несиеге беріп келдім. Зайыбымның табысына өмір сүрдік. Өмір сүрдік деген аты ғана. Барлығын үнемдедік, етті тек мерекелерде ғана жеп жүрдік. Киім-кешек туралы ойламадық десе де болады. Сөйтіп жүргенде жұмыстан қысқарып қалдым. Осы аралықта сәбиіміз дүниеге келіп, келіншегім демалысқа шықты. Айтып-айтпай не керек, банкке үш айлық қарыз жиналып қалды. Олар күнде телефон шалады, қорқытып-үркітеді, қарызды төлеуді талап етеді. Қысылғанда кім ақша береді? Ата-анам зейнеткер, ағам мен інімнің банкте өздерінің несиесі бар. Қарызымды төлеу үшін жұмыс іздеп шықтым. Кез келген жұмысты істеуге әзірмін,– дейді танысым.

Иә, осылайша бір-екі күндік қызық үшін алынған  қарыз бара-бара бір шаңырақтың іргесін шайқалтып кетпесе игі.

Ұлттық валютамен қор жинайтындар көбейді

Көпшілік арасында «несиесі жоқ адам бақытты» деген тіркес пайда болды. «бақытты» адамдар мүлде жоқ деуге болмас. Олар – айлық табысынан үнемдеп, бала-шағамның болашағына деп депозитке ақша жинайтындар. Мәселен, облыстағы депозиттердің жалпы мөлшері өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,5 процентке өсіп, 159,5 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалардың салымдары 25,2 млрд теңге болса, жеке тұлғалардың салымдары 26,6 процентке дейін өсіп, 134,3 млрд теңгеге жеткен. Демек, пандемия жұртшылықты ақша жинауға үйретті десек, артық айтпаймыз. Сонымен бірге бүгінде шетелдің долларын емес, өзіміздің ұлттық валютамен қор жинайтындар қатары  көбейген. Тағы да сандарды сөйлетсек.

Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі 30,3 процентке өсіп, 119,1 млрд теңгені, шетел валютасында 4,3 проценке төмендеп, 39,9 млрд теңгені құрады. Теңгедегі депозиттер үлесі – 75, шетел валютасындағы үлесі – 25 процент.

Қарыз алуды адамзат қайдан үйренгенін кім білсін? Дегенмен, біздің елге несие алу, рәсімдеу түсінігі нарықпен кіргені анық. Алдымен мемлекет экономиканы көтеру үшін шетелдік несиені тартты. Кейіннен екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдары сырттан әкелген қаржыны азаматтарға несие ретінде үлестірді.          

Сарапшылардың есебінше, Қазақстанда азық-түлік сатып алуға деген шығын көлемі өсіп келеді. Мәселен, 2017 жылы  50,3%, 2018 жылы 52,2% артқан. Рас, тапқан-таян­ғаныңды тек тамаққа жұмсау жақсылықтың нышаны емес. Айлықтың үлкен бөлігіне азық сатып алу қалтаңның мүмкіндігін емес, елдегі қымбатшылық деңгейінің көрсеткішін білдіретіні белгілі. Мәселен, дамыған елдерде халықтың ай сайынғы кірісінің 15-20%-і азық-түлік сатып алуға кетеді екен. Ал Қазақстан тұрғындарының 11,3 проценті ғана кірісінің төрттен бірін азық-түлікке жұмсаса, жартысынан көбі табысының 50-60 процентін жаратады. Елдегі инфляция мен айлық табыстың арасы тым алшақ екені осыдан-ақ көрініп отыр.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының облыстағы департаментінің ақпаратына сәйкес,  еліміздегі жылдық инфляция 7,2 процент (аймақ бойынша 7,5%). Инфляция құрылымында азық-түлік тауарларының бағасы 9,3 процентке (аймақ бойынша 9,3%), азық-түлік емес тауарларға 6,7 процентке (аймақ бойынша  6,3%) және ақылы қызметтерге 5,1процентке  (аймақ бойынша  6,2%) өсті.

Күліп келіп, жылап қайтады

Алмақтың да салмағы бар дейді. Қарыз алдың ба, оны қайтару керек. Арғы-бергі философ, ойшыл, зиялы қауым өкілдері де, психологтар да дәулетті болу үшін ең әуелі шамадан тыс, қажетсіз шығындардан сақтану керегін айтады. Қарыз алудың соңы психологиялық тұрғыда адамға кері әсер ететіні тағы бар. «Қарыздан қашан құтыламын?» деген сұрақ­тың өзі миыңызға тыныштық бермейтіні рас.

Ағылшын жазушысы Бернард Шоу: «Қарыз деген кез келген басқа қақпанға ұқсайды, оған түсу оңай, бірақ шығу өте қиын» деп әдемі келтіреді. Қазір қаншама адам банктер мен микронесиелік ұйымдардың қақпанына оңай түсіп қалғанын өзі де білмейді. Оның соңы үлкен өкінішке апарады. Осындай қарыздың кесірі талай шаңырақты шайқалтып, отбасын ойран еткенін де жоққа шығаруға болмайды. Мұндай мысалдарды айналамыздағы адамдардың күнделікті өмірінен көріп те жүрген боларсыз. Ендеше, қарызға өмір сүрмеуді үйренсек игі. Бұлай айтуымыздың сыры Ұлттық банктің өңірдегі филалы ұсынған мынадай деректер еді. Тұтынушылық мақсатқа берілген несие көлемі 181 млрд теңге, жалпы қарыздың үлес салмағы 58,8 процентті құраған.  Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,1 процентке өскен, яғни жұртшылық баспана алу, көлік алу сияқты үлкен мақсатқа емес, күнделікті тұрмыстық қажеттіліктер үшін осынша сома қарыз алған.

Осыдан екі жыл бұрын қарызы барлар берешегі басынан асып, төлем қабілеті тө­мендеген соң мемлекет қазынасынан төлеп берген еді. Сол уақытта 507 мың адамның 105 млрд теңге берешегі бюджет есебінен төленді. Десе де, мемлекет жыл сайын халықтың қарызын жауып беріп отырмасы анық. Оның үстіне несие несібені көбейтпесіне халықтың да көзі жеткендей.

Айсәуле Қарапаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<