Дүние дүрмек

489

0

Пандемия тоқтай ма?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары коронавирустың омикрон штамы Еуропада пандемияның тоқтауына ықпал етуі мүмкін деген болжам жасады.

«Вирустың бұл нұсқасы COVID-19 инфекциясын жаңа, соңғы фазаға ауыстырды. Еуропа пандемияның соңғы кезеңіне жақындап қалуы әбден мүмкін» деді ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросының директоры Ханс Клуге. Оның пайымдауынша, омикрон штамы басылғаннан кейін Еуропада жаһандық иммунитет біраз уақытқа сақталады. Мұның себебі֪ – вакцинация мен аурудан сауыққаннан кейінгі ағзада болатын ішкі қорғаныс.

Алайда, бұл ретте, халықты иммундау қарқынын төмендетуге еш жол беруге болмайды.

Карнавал кейінге шегерілді

Жыл сайын Рио-де-Жанейрода өтетін дәстүрлі карнавал сәуірдің соңына қалды.

Оған омикрон штамының таралуы түрткі болды. Елде вирус жұқтыру көрсеткіші артып барады. Күн сайын 120 мыңға дейін адамнан қауіпті инфекция анықталады. Сондықтан қазіргі жағдай көшеде шеру өткізу мүмкіндік бермейді дейді ұйымдастырушылар.

Айта кетейік, бастапқыда әлемге әйгілі карнавал ақпанда өтуі тиіс-тін.

«Кәрілікке күлу» сәтсіз аяқталды

75 жастағы француз саяхатшысы Жан-Жак Савен мұхиттағы екінші жеке саяхатында, яғни Атлант мұхитын ескекпен кесіп өтпек болғанда қаза тапты деп хабарлайды BBC.

Савен 1 қаңтарда Португалияның Сагрешінен Атлант мұхиты арқылы екінші саяхатына шықты. Біріншісін ол үш жыл бұрын үлкен, арнайы дайындалған бөшкеде жасаған. Савен екі мәрте апат сигналын берген. Содан кейін онымен байланыс үзілген.

Ол Facebook-те қатты жел оның жолын 900 шақырымға ұзартқанын және күн панелінен қиындықтар туындағанын жазған. Бұрынғы десантшы, кейінірек жеке ұшқыш болған Савен өткен аптада 75 жасқа толған туған күнін қайығында шампан ішіп атап өтті. Ол өзінің сегіз метрлік қайығымен мұхитты шамамен үш айда кесіп өтуді жоспарлаған. Бұл әрекетін «кәрілікке күлу тәсілі» деп санаған.

Барменді алмастырған робот

Бейжіңдегі Қысқы олимпиада ойындары өтетін аумақта сусындарды адам көмегінсіз әзірлей алатын құлтемір пайда болды.

Бұдан бөлек, әлгі құрылғы небәрі бір минут ішінде, оннан астам коктейль дайындайды екен. Олимпиада ойындары ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай роботтар коронавирус жұқтыру деректерін азайтып, жарыстың мейлінше қауіпсіз өтуіне септігін тигізеді.

Ерекше жолаушы

Амстердамдағы Схипхол әуежайында жүк лайнерінің шассиінен Африканың оңтүстігінен ұшып келген жолаушы табылды. Абырой болғанда, ол аман жеткен деп хабарлайды ВВС.

«Әдетте, бұлайша тегін ұшуға тырысатындар аман қалмайды. Өйткені заманауи авиалайнерлер ұшатын биіктіктегі ауа температурасы минус елу градусты құрайды. Нидерланд полициясы мен шекара қызметінің өкілі Джоанна Хелмондстың айтуынша, аман қалған ер адам ауруханаға жіберілген. «Оның мұндай суықта және осындай биіктікте аман қалуы таңғаларлық» деп қосты Хелмондс.

Полицияның болжамына сәйкес, ол ұшаққа Йоханнесбургтен немесе Найробиден отырған, ал Йоханнесбургтен Шипхолға ұшу шамамен 11 сағатқа созылады. Табылған ер адамның жасы мен ұлты әлі хабарланған жоқ.

Түйе күрес

Түріктер түйе күрестіріп жатыр. Бұл елде осындай дәстүр бар.

Эфес қаласының маңында өткен ұлттық ойынға 160-тан астам түйе бапталған. Ереже бойынша түйелер бір-бірін мойнымен басып, ықтыруға күш салады. Егер біреуі шөгіп, болмаса тайсақтаса екіншісі жеңімпаз атанады.

Түйе күрес бұл жолы 40-рет ұйымдастырылыпты. Түркияда ертеден келе жатқан фестиваль әдетте Эгей мен Жерорта теңізінің маңында өтеді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<