4% көлік нарқына қаншалықты ықпал етеді?

772

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен айда мәжіліс отырысында Үкіметке «ӨКМ операторы» компаниясының утиль алымына иелік етуін тоқтату бойынша іс-шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Ақпанның соңына дейін кәдеге жарату алымының жаңа мөлшерлемесі ұсынылатын болды. Сондай-ақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңілдетілген автонесие бағдарламасын әзірлеуде.

Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігінің бұл жобасына қазірдің өзінде екінші деңгейлі банктерден 15 мыңнан астам өтінім түскен. Бағдарламаға кез келген қазақстандық азамат қатыса алады. Алайда олардың басқа несие­сі бар-жоғы мен қарыз­ды қайтару мүмкіндігін зерттеп, автонесие­ні беру-бермеу жөніндегі шешімді банк қабылдайды.

Бұған дейін министрліктің басқарма басшысы Руслан Хисамудинов жеңілдетілген автонесиелендіру бағдарламасына 150 млрд теңге қаржы қарастырып, оны 2022-2025 жылдар аралығында кезең-кезеңімен игеру ұсынылғанын мәлімдеген. Әзірге несие көліктің толық құнына рәсімделе ме, жоқ па, белгісіз.

Министрлік автонесие бағдарламасы аясында қолжетімді көліктер тізімін де жариялаған. Қазақстандық автосалондарда бағасы 10 млн теңге шамасында көліктің 3 маркасы мен 8 моделі бар. Бұл ретте отандық автоөндірушілер бұған дейін автокөліктерге жеңілдетілген несие аз берілгендіктен, оны алғандар аз болғанын айтуда. Бағдарлама аясында 4 проценттік жеңілдетілген несиеге көп қаржы бөлінсе, отандық көліктерге сұраныс артуы тиіс. Бүгінгі таңда осы бағдарламамен сатып алу үшін елімізде құрастырылған Hyundai, KIA, JAC, Chevrolet және LADA сияқты автомобильдер қолжетімді.

Дегенмен, тәуелсіз сарапшылар жаңа бағдарламаның іске қосылуы көлік бағасының артуына әкелуі мүмкін екенін де айтып отыр. Өйткені, құзырлы министрлік әзірге көлік құнын бірқалыпта ұстап қалу бойынша автоөндірушілермен ешқандай келіссөз жүргізбеген.

Айта кету керек, былтыр автосалондарда көлік бағасы 5 мәрте көтерілді. Мысалы, бағдарлама аясында қолжетімді Kia Rio автокөлігінің бағасы 7,4-9,5 млн теңге аралығында. 2015 жылы Kia Rio 2,9 млн теңгеден сатылған. Сондай-ақ, бұрын 3 млн теңге болған  Hyundai Accent  6,7-7,8 млн теңге аралығында бағаланған. Бұл көліктер соңғы 4-5 жылда екі еседен астам қымбаттаған. Желі қолданушылары арасында жеңілдетілген несиеге өтінім беріп, кезекке тұру барысында да көптеген кедергілер бар екені айтылуда. Оған қоса, кәдеге жарату алымының мөлшері азайса, тұрғындарға шетелден көлік сатып алу әлдеқайда тиімді болмақ.

Қоғам белсенділері тарапынан мәселеге қатысты көптеген ұсыныстар айтылып келеді. Мысалы, утиль алымының мөлшері Еуропа елдеріндегі деңгеймен шамалас болуы керегі талай айтылды. Яғни, дамыған мемлекеттердегі көлемнен аспауы, көп дегенде 200 еуро шамасында болуы керек. Ал, ең арзаны нөл еуродан басталады. Мысалы, Германияда нөл мен жүз еуро айналасында, Бельгияда – 80 мен 200 еуро, Голландияда – 80 еуро, Жапонияда – 60 еуро. Теңгеге шаққанда көп дегенде 100 мың теңгенің айналасы.

Сырттан келген көлікті алғашқы есепке қою алымының да көлемі өте жоғары, орта есеппен алғанда – 1,5 миллион теңге шамасында. Одан кейінгі үлкен кедергі – техрегламент. Оған сәйкес Еуро-4, Еуро-5 стандарттарына сәйкес сертификат алуы керек. Белсенділер мұны өзге елдер тұтынбайтын, ойға сыймайтын стандарттар деп отыр. Егер осындай кедергілер алынып тасталса, жеңіл көліктің бағасы шамамен кемінде екі есе арзандауы мүмкін. Қазір 12-13 миллион теңге тұратын көліктер әрі кеткенде 5,5-6 миллион теңгеге түседі.

Бұл ретте жыл басындағы дерек бойынша еліміздегі автокөліктердің 50%-тен көбінің қолданыста жүргеніне 20 жылдан асқанын айта кеткен жөн. Сондықтан халық үшін құны 5-7 миллион теңгеден аспайтын отандық өндірістегі жаңа автокөлікті немесе шығарылған уақыты үш жылдан аспайтын көлікті сатып алу үшін ең төменгі процентпен немесе мүлдем процентсіз мемлекеттік несиелеу бағдарламасын құру ұсынылған болатын.

Әзірге, қоғам белсенділерінің қандай ұсыныстары ескерілетіні белгісіз. Уәкілетті мемлекеттік органдар жеңілдікпен автонесиелеудің жаңа бағдарламаларының 2 нұсқасын қарас­тырып жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омарханның айтуынша, бірінші нұсқада жеңілдікті несиелеуге 4 жылға (бірінші жылға – 30 млрд) бөлінген 150 млрд теңге бағыттау қарастырылуда. Несие беру шарттарын 2015 жылдан іске қосылған ескі бағдарламалармен бірдей етіп қалдыру ұсынылған. Екінші ұсынылып отырған нұсқа халықтың әлеуметтік осал топтарына бастапқы жарнасыз несие беруді қарастырады. Бұған дейін ҚР Премьер-Министрі атап өткендей, оған «ӨКМ операторы» компаниясында жиналған қаражаттан шамамен 100 млрд теңге бөлу ұсынылады.

Сондай-ақ, бір адамға берілетін несие шегін 7 млн теңге қылу бастамасы талқыланып жатыр. Бұл ұсыныс қабылдана ма, жоқ па, ол жағы экономикалық тиімділігі мен мақсатына байланысты айқындалады.

– Қалай болғанда да, екі нұсқа да қазіргі уақытта межесіне жеткен жоқ. Олар ҚР ИИДМ ұсынған түрде қабылданбауы да мүмкін. Сондықтан нақты шешімдер туралы айтуға әлі ерте. Жалпы алғанда, 2022 жылы барлық құжаттық және заңдық процестері аяқталғанда жеңілдікпен автонесиелеудің жаңа бағдарламасы іске қосылады, – дейді министрліктің баспасөз хатшысы.

Сондай-ақ, бұған дейін бағдарлама аясында көпбалалы аналарға, күштік құрылым қызметкерлеріне, дәрігерлер мен мұғалімдерге қосымша жеңілдік жасау көзделгені хабарланған. Дегенмен, оның шарттары да нақты айтылған жоқ.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<