Цифрлы таңбалау: Сүт өнімдері қымбаттайды

763

0

Цифрлы таңбалау енгізілгеннен кейін сүт өнімдері 1,76 пайызға ғана қымбаттайды. Мұндай деректі Ұлттық статистика бюросы келтіріп отыр. Жалпы, Ресей мен Беларусьтің тәжірибесі көрсеткендей, таңбаланғаннан кейін сүт өнімдерінің бағасы айтарлықтай өзгермеген. Егемен.кз


Қазақстандағы сүт өнімдері нары­ғын­дағы көлеңкелі айналым 13 пайызды құрайды. Қазақстан сүт одағының мәліметінше, сүттің 33 пайызы стихиялық сауда жағдайында, сәйкестік сертификатынсыз, антибиотиктер мен бактерияларға қарсы тексеру жүргізілмей сатылады. Цифрлы таңбалауды енгізу тұтынушыны мер­зімі өткен тауардан қорғауға мүмкіндік бе­реді. Жарамдылық мерзімін қолдан жасау мүмкін болмайды. Яғни тауар туралы барлық мәліметтер Data Matrix кодымен қорғалмақ.

Қазіргі уақытта Қазақстанда сүт өнім­д­ерін цифрлы таңбалау бойынша қанат­қақты жоба іске асырылуда. Жобаға қа­ты­су­шы компанияларға Data Matrix кодын енгізу тетіктерін сынақтан өткізу үшін арнайы жабдықтар тегін берілген.

– Қазір сүт өнімдерін өндірушілер тарапынан таңбалауға байланысты сұрақ­тар­дың туындайтыны анық. Бұл заңдылық. Сондықтан біз нарыққа алдын ала талдау жүргіземіз. Мәселен, қанатқақты жоба басталар алдында өнімді таңбалауға ке­те­тін бизнестің шығындарын есептедік. Таңбалауға байланысты сүт өнімдері 1,76 пайыздан артық қымбаттамайды. Өйткені 1 желіге арналған жабдыққа жұмсалатын шығын 0,5 млн теңгеден 9,2 млн теңгеге дейінгі соманы құрайды. Өнімнің түпкілікті бағасындағы жабдық шығындарының үлесі әдетте 0,06 пайыздан 0,15 пайызға дейін ғана болады. Соңғы 5 жылда таңбалаусыз сүт өнімдері құнының орташа жылдық өсу қарқыны 6 пайыздан 13 пайызға дейінгі шаманы құраған. Бұл тұрақты өсу үрдісін айқындайды. Ал тауарларды таңбалау мен қадағалауды енгізу сүт өнімдерінің түпкілікті құнына айтарлықтай әсер ет­пейді, – дейді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының басқарушы директоры Нұржан Баекеев.

Сондай-ақ мемлекет тарапынан сүт өнімдерін өндірушілер үшін таңбалау жабдығына жұмсалатын шығындардың 50-80 пайызына өтемақы төлеуге мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау шаралары қолға алынбақ.

Баспа арқылы тұтынушылық қапта­ма­­ларға таңбалау кодтарын енгізу өнді­ру­ші­лердің шығынын 2,5-4 есе азайтуға мүмкіндік бермек. Бұл жағдайда таңбалау жаб­дықтарын орнатудың қажеті жоқ. Бұл өн­дірушілердің күрделі шығындарын және өндіріс желілерінің баяулау қаупін азай­тады.

– Цифрлы таңбалаудың нәтижесінде талдау және жоспарлау мүмкіндігі пайда болады. Дистрибьюторлар дүкен сөрелерінің толып кету қаупін тудырмай, оларды уақытында толтыра алады. Сондай-ақ болашақта өндірістік ақаулар азайып, тез бұзылатын тауарлар қайтарылады деп күтілуде. Бұл бастамалардың барлығы өндірістік шығындарды қысқартады әрі өндірушілердің шығындары да азаймақ, – дейді Н.Баекеев.

Еске сала кетейік, Қазақстанда темекі өнімдері мен тері бұйымдарын міндет­ті цифрлы таңбалау енгізілді. 2021 жылғы 1 қарашада аяқ киімнің міндетті цифр­лы таңбалануы енгізілмек. Сондай-ақ Қа­зақ­станда дәрілік препараттарды таң­ба­лау бойынша қанатқақты жоба аяқ­тал­ды. Қазіргі уақытта алкоголь өнімдері, жеңіл өнеркәсіп тауарлары, қапталған су және алкогольсіз сусындар бойынша қанатқақты жобалар іске асырылуда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<