Еркін елдің ерен тұлғасы

768

0

Тұңғыш Президент қиын-қыстау кезеңде әлемдік элитаның күмәнді, дүдәмал пікірлеріне қарамастан елдің Тәуелсіздігін бекітті. Алпауыт мемлекеттермен терезесі тең дәрежеде қарым-қатынас орнатты. Шекара шегенделді. Елдегі сан алуан халықтың ынтымағы сақталды. «Алдымен экономика, сонан кейін саясат» деген берік ұстаным өз нәтижесін берді. Қазақстан әлемдегі танымал мемлекеттердің қатарына қосылды. Осының барлығы – Тұңғыш Президенттің қыруар еңбегінің, білімділігі мен біліктілігінің, сарабдал саясатының игі жемісі.

Әлемнің маңдайалды саясаткерлері Елбасының еңбегін лайықты бағалады. Олардың қатарында жаһандық деңгейде ұлттар тағдырын шешіп отырған ұлы тұлғалар бар. Мысалы, Ресей президенті Владимир Путин «Нұрсұлтан Әбішұлы саясатқа ерте келген. Ол сонау кеңестік кезеңдегі биліктің өкілі. Мені таңғалдыратыны – ерте уақыттан бері саясатта жүргенімен – ол өте жаңашыл адам. Мен күні бүгінге дейін оның осы жаңашылдығына қайран қаламын. Мен жақында Нұрсұлтан Әбішұлының жаңа қасиетін таныдым. Ол даулы, шешімі қиын жағдайларда – сентименталды адам бола алады. Ол ұқыпты әрі әділ басшы. Қазақстан үшін Назарбаев – тарихи тұлға. Ол – қазақ халқы үшін тұңғыш Президент қана емес, ол қазақ мемлекетінің негізін қалаушы» деп атап көрсеткен болатын.

Нұрсұлтан Әбішұлының кезінде қабылдаған «Ядросыз әлем» жобасы әсіресе АҚШ президенттері тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Олардың қатарында Джордж Буш, сондай-ақ Барак Обама бар.

Әсіресе әлемдік саясаттағы үлкен тұлға Маргарет Тэтчердің «Қазір жаһандық саясатта 5-6 ірі саяси тұлғалар бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Мен оған қатты сенемін және оның бастамаларын қолдаймын» деп атап көрсетуі – үлкен мақтаныш.

Біріккен Ұлттар Ұйымында Елбасының жаһандық деңгейдегі қыруар еңбегі үлкен қолдауға ие болды. Еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілік саясатын БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннан ерекше атап көрсетті.

Бүгінде АҚШ-тың өзімен тайталасып, өз саясатын, ұстанымын дәлелдеп келе жатқан Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның «Аса қадірменді Президент мырза, менің аяулы бауырым! Түркиядағы Президентті ұлықтау рәсіміне сіз арнайы келіп қатыстыңыз. Мен мұны сіздің маған ғана емес, барша түрік жұртына құрметіңіз деп түсінемін. Сіз Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластықты нығайтуға аянбай тер төгіп келесіз. Мен сізді үлгі тұтатынымды жасырмаймын» деп атап көрсетуі күллі түркі жұртындағы Елбасы беделінің қаншалықты зор екеніне дәлел болса керек.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің әлемдік саясаттағы үлкен беделі қазіргі таңда белгілі саясаткерлер тарапынан лайықты бағаға ие болып отыр. Олардың қатарында әлемдік белді мемлекеттер – Ұлыбритания, Германия, Қытай, Жапония, Еуроодақ, Азия мен Африка елдерінің басшылары бар.

Бұл – Елбасының Қазақстан Тәуелсіздігін нығайту мен Мәңгілік ел мұраты жолындағы қайраткерлік қарымының айқын дәлелі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<