Сырбойылықтар Елордадағы жәрмеңкеге 400 тоннаға жуық өнім жеткізді

753

0

Бүгін Елордада Қызылорда облысының ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі басталды. Екі күн бойы астаналықтар елдің дәмін базардағы бағадан біршама арзанға ала алады.

Алтын күзде ұйымдастырылатын молшылық мерекесін елорда тұрғындары жыл сайын тағат­сыздана тосатыны белгілі. Себебі он жылдан астам уа­қыттан бері еліміздегі барлық облыс ауыл шаруашылығы өнім­дерінің жәрмеңкесін аста­нада өткізуді дәстүрге айнал­дырған. Биыл да, ең бастысы, халық сапалы әрі арзан азықпен қамтамасыз етілуде.

Жәрмеңкеге азық-түлік өнімдерінің 29 түрі 40-тан астам жүк көлігімен жеткізіледі. Сыр­бойылықтар бұл шара­ға 140 тонна күріш, 20 тонна балық, 150 тон­на бақша өнімдері, 40 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 5 тонна сүт және кондитер өнімдері әкелген.

Ауқымды шарада елордалықтар Сырдан келген ет пен балық, күріш пен қауын-қарбызды қалағанынша алуда.

Айталық жәрмеңкеде Қызылорда қаласының іргесіндегі Досан ауылындағы «Қылыш» шаруашылығының еті мен шұбатына деген сұраныс жоғары екенін байқадық.

-Жәрмеңкеге 2 тоннаға жуық қымыз бен шұбат, 1 тоннаға жуық сары май, құрт алып келдік. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан сенбілік сауда өте жоғары деңгейде өтіп жатыр, – дейді Қылыш шаруа қожалығының қызметкері Назерке Қозбақова.

Дәуіржан Елубаев,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<