Төлемдер қалай субсидияланады?

385

0

Мемлекет басшысы, «AMANAT» партиясының Төрағасы, Қ.Тоқаев  Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгілі әлеуметтік топқа кіретін отбасылардың басым бөлігі пәтер жалдап тұратынын және табысының басым бөлігін пәтер ақысына жұмсайтынын атап өткені белгілі. Осы мәселені шешу үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірлеп, пәтер ақысының 50%-ін субсидиялауды тапсырған болатын. Сәуір айында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін пәтер жалдау төлемдерін субсидиялаудың жаңа тетігі іске қосылады.

– Партия қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы – азаматтардың өтініштерін қанағаттандырумен қатар, Партия Төрағасы алға қойған негізгі міндеттерді сонымен қатар, ел игілігіне бағытталған жобалардың маңыздылығын түсіндіру, насихаттау. Келіп түсетін өтінштерді талдап қарар болсақ, баспана мәселесі алғашқы орында. Бағдарламаның тетіктерін, мүмкіндіктерін сұрастырып, партия алаңына келушілер саны да артып отыр. Шарттарды халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында «Отбасы банк» және «Халыққа қызмет көрсету орталығы» секілді сала өкілдерімен бірлесіп, Ашық есік күнін ұйымдастырып отырмыз, – дейді «AMANAT» партиясы облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Алтынбек Жарылқасынов.

Партия қалалық филиалының ғимаратында өткен Ашық есік күніне 50-ге жуық азамат келіп, өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды. Солардың бірі – Мөлдір Салықова. Бес баламен пәтер жалдап тұрады. Тұрғын үй кезегіне тіркелген. Ол бағдарлама шарттарының тиімді, тиімсіз тұстарын айтты.

– Бағдарлама, әрине біздер үшін тимді. Алайда жалға берушілер үшін тиімсіз жақтары көп секілді. Біріншіден, олар түскен қаржыдан салық төлейді. Онан бөлек, көптеген құжат жинақтайды. Кейбіреулер үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі де міндеттеледі екен. Сондықтан жалға беруші жалға алушымен келісуі екіталай. Осы мәселелер бағдарлама қолданысқа енбес бұрын ескерілсе, – дейді ол.

Атап өтейік, бұл мүмкіндікті бірыңғай республикалық электрондық базада төмендегі санаттар бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар ғана өтініш беріп пайдалана алады. Олар: І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған, жиырма тоғыз жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, сондай-ақ  «Алтын алқа», «Күміс алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар. Өтініш берушіге қойылатын негізгі талап – отбасының төмен табысы, яғни, азаматтың  соңғы 6  айдағы жиынтық табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс.

Субсидия алуға үміткер otbasybank.kz порталында «Баспана маркет» маркет плейсіне тіркелуі қажет. Оны электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен жасауға болады. Сондықтан оны алдын ала алып немесе қолданыстағы ЭЦҚ-ның жұмыс істеп тұрғанын тексеру керек. Порталда тіркелгеннен кейін субсидия алуға өтініш беруші оған төлемдер тағайындалуы үшін стандартты өтініштерді толтырып, өзіне қолайлы пәтер немесе үй табады. Жалға алу келісімшарты порталда үлгі нысаны бойынша автоматты режимде рәсімделеді. Оған платформада субсидия алуға өтініш беруші (жалға алушы) мен баспананы жалға беруші қол қояды.

– Жеке куәлік, неке немесе некені бұзу туралы куәліктер, балалардың туу туралы куәліктері, тұрғын үйдің бар-жоғы туралы анықтамалар, тіркеу және кіріс туралы мәліметтерді «Отбасы банк» мемлекеттік органдардың деректер базасымен бірігуі арқылы дербес тексереді. Субсидия алуға өтініш беруші туралы барлық деректерді тексергеннен кейін біз шот ашуға көмектесеміз. Өтініш беруші оған жалдау құнының жартысын аударуы керек. Содан кейін «Отбасы банк» қалған 50%-ін қосып, жалпы соманың 100%-ін жалға берушінің шотына аударамыз. Ескерте кететін жайт, бұл жерде жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидаларына сәйкес, жақын туыстардан және жұбайлардан, оның ішінде бұрынғы жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан тұрғын үйді жалға алуға, сондай-ақ қайта жалға өткізуге тыйым салынады, – дейді «Отбасы банк» облыстық филиалы директорының орынбасары Дастан Тасыбаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<