Дәрілік заттардың бағасы бақылауда

1153

0

Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы облыс орталығындағы бірқатар денсаулық сақтау нысандарын аралады.


Облыс әкімі мен Сенат депутаты алдымен облыстық көпбейінді ауруханаға барды. Палаталарға кіріп, сырқаттардың жағдайларын білді. Аталған ауруханада 525 төсек орны бар, одан бөлек инфекциялық науқастарға арналған қосымша 30 төсек орын әзірленген. Облыс аумағында коронавирус инфекциясымен ауырғандарды және олармен қарым-қатынаста болғандарды бақылау мақсатында эпидмаусым басында барлығы 760 төсек орын ашылған болатын.


Эпидемиологиялық ахуалға байланысты мұндағы төсек орны ұлғайтылып, 2410-ға жеткізілді. Оның ішінде инфекциялық төсек саны – 620 орынды құраса, провизорлық төсек орын саны – 1 790.
Нақты кезеңде Қызылорда облысы бойынша 64 ИВЛ аппараты жұмыс істеп тұр. Оның 6-ы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында. Алайда бұл жеткіліксіз.

Айта кетейік, таяуда кәсіпкерлер тарапынан қолдау көрсетіліп, қосымша 13 аппарат жеткізілген. Бұдан басқа, ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне 63 ИВЛ аппаратын алдыртуға өтінім берілді. Сондай-ақ, жуырда жергілікті кәсіпкерлер 32 оттегі концентраторын жеткізді. Оның 15 данасы аудандарға, 10 данасы облыстық жұқпалы аурулар және 7-еуі қалалық ауруханаларына берілді.


Мұнан соң облыс басшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен сенатор Мұрат Бахтиярұлы «Зерде» дәріханасына барды. Айта кетейік, «Зерде» ЖШС-нің облыс орталығында 3 дәріханасы бар. Аталған дәріханаларға аптасына екі мәрте қажетті дәрі-дәрмек жеткізіліп, толықтырылып отыр. Осы жұма күні дәріханалар желісіне халық көп іздеп жүрген «Эуфелин», «С» витамині, «Сумамед», «Ципролет», «В» витаминдер кешені, «Милгамма», «Ремаберин», «Полиоксидоний», «Офло» және т.б. дәрілік заттар келіп түсті.


Еске салайық, 8 шілдеден бастап Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мен өзге де құзырлы органдар және қоғам белсенділерінен құрылған мониторингтік топ жұмыс істеуде. Олар осы күнге дейін 8 емхана, 50-ден аса дәріхана мен СҚ «Фармация» ЖШС дәрілік қоймасына мониторинг жүргізді.


Одан кейін, өңір басшысы мен Сенат депутаты облыстық жұқпалы аурулар мен қалалық аурухананың және №6 емхананың жұмыстарымен танысты. Науқастарға амбулаторлы жағдайда медициналық көмектің қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында және динамикалық бақылауды қажет ететін науқастарды үй жағдайында бақылау үшін №6 емхана жанынан мобильді топ жұмыс жасауда.


Жалпы, қазіргі таңда облыс бойынша 125 мобильді топ бар. Оның 33 қалада, 28 аудан орталықтарында және 64 елді мекендерде халыққа қызмет көрсетуде. Мобильді топ құрамына 1 дәрігер, 1 орта буын қызметкері және 1 жүргізуші кіреді.

Мұнан бөлек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен осы жылдың 13 шілдесінен бастап пневмония диагнозы қойылып, амбулаторлы емді қажет ететін науқастарға «Үй жағдайындағы стационар» қызметі қосылды.


«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<