Шағанның шаруасы ширақ

2102

1

Таңның атысынан алқапқа аттанған жұмысшылар ауылға қас қарая бір-ақ келеді. Бірақ олардың біреуі де біз артық жұмыс істеп жатырмыз деп, сағатын даулап жүрген жоқ.

Ауылдың ағеден халқы ғой. Мойнындағы зор жауапкершілікті байыппен түсінеді. Көктем шыға тырбанғаннан күздің қара суығына дейін жүреді. Десе де, олардың еңбегі елеусіз емес. Жыл аяғына дейін Жер-Анаға маңдай терін төккен еңбеккерлер жүлделі орындардан көрініп жатады. Кейбірі тіпті жүлдесіне су жаңа темір тұлпар тізгіндейді. Ауыл өмірінде шаруашылықтың қаншалықты маңызды роль атқаратынын осыдан-ақ бағамдай беріңіз.


Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылындағы шаруашылықтың жай-күйімен танысып қайтқан едік. Айтпақшы, бұл ауылда ескі ұн диірмені әлі күнге жұмыс істеп тұр. Ауыл тұрғындарына ұн төмен бағамен беріледі.


«КІНДІК ҚАНЫҢ ТАМҒАН ЖЕРГЕ,
МАҢДАЙЫҢНЫҢ ТЕРІ СІҢСІН…»

«Шаған Жер» серіктестігі қызу жұмысқа кіріскен. Биыл жаңа директор Жеңісбек Сыздықов өзімен бірге жаңа­шылдық ала келді. Ә де­геннен шаруашылықтағы қо­сымша цехтарды жаңартуға, техникалық жабдықтарды за­ма­науи үлгіге ауыстыруға кірісті.


– Биыл 200 гектар бидай, 200 гектар жаңа жоңышқа ектік. 1000 гектар ескі жоңыш­қаны күтімге алып, тыр­маладық. Ал күрішті 3100 гектар жерге ектік. Мойнымызда жауап­кершілік бар. Енді туған елдің артып отырған сеніміне селкеу түсірмей, абыроймен жұмыс істеу – маңызды. Өз-өзін қаржыландыратын алып серіктестік құру – ең бірінші мақсат. Ойдағы жоспарлар осы мұрат жолында іске аса береді. «Кіндігіңнің қаны тамған жерге, маңдайыңның тері сіңсін» деген ғой. Елдің перзенті ретінде қызмет қылуды ойға алдық, – дейді серіктестік директоры Ж.Сыздықов.


Өткен жылы шаруашылықта 248 адам жұмыс істейтін. Биыл қызмет ауқымын кеңейткен, 360 адамды жұмыспен қамтып отыр. Науқан басталардағы халық жиналысында еңбекақы мәселесі көтерілген еді. Қазір жұмыс түріне қарай жалақы арта бастады. Жұртшылық тұрмыс-тіршілігін жөндеуге бет алды. Жұмысшылар егіс алқабында тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Ал егін егу, жинау науқандарында жұмысшылардың еңбегі еленетіні тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, Шағанның шаруасы шалқып тұр.


– Өзімізден ештеңені ая­май­мыз. Сырттан келіп жатқан ешкім жоқ. Барлығы – осы елдің азаматтары. Қазір ауылда шаруашылық құрамындағы наубайхана мен тойхана жұмыс істеп тұр. Мүмкіндік мол. Тек жұмысты тиімді үйлестіру керек. Халық жер үлестеріне сай көмек түрлерін алып тұрады. Егінді әртараптандыру бағыты бойынша күріш, бүркеме бидай, жоңышқа дәндерін ауыстырып егіп отырамыз. Биыл 1,5 гектар жер ашып, көкөніс және бақша өнімдерін ектік. Бұған да қосымша жұмысшылар қабылдадық. Өзімізді өніммен қамтамасыз етуіміз керек. Азық-түлік өнеркәсібінде не істеуге болады – соның бәрін іске асыруға әзірміз. Тек әр нәрсенің өз уақыты бар, – деді Жеңісбек Шәкімбайұлы.


Шаруашылық мемлекет қамқорлығын да сезініп отыр. Науқан кезінде дизель отынына әлдеқайда төмен бағада қол жеткізді. Сонымен қатар, тыңайтқышқа, тұқым мен аяқсуға субсидия төленіп отыр. Ал биыл инвестициялық субсидияға жоба тапсырмақшы.

«ШАҒЫН ЦЕХТАРДЫ КӨБЕЙТСЕК, ЭКОНОМИКАМЫЗ НЫҒАЯДЫ»

Шаруашылық тек егін ғана емес, мал өсіруді, күріш пен ұн ақтауды ұйымдастырып келеді. Диірмендер көнерген, бірақ кәдеге асып тұр. Болашақта технологияны жаңартып, жаңасын қолданысқа енгізбек. Әйтсе де, барлығын бірден игеруге шама келмесі анық. Тұралау алдында қалған шаруашылықты бұл күнде бастамашыл азаматтар аяғынан нық тұрғызуда. Мұның барлығы өз уақытында қолға алынады деп отыр басшылық.


– Бізде үш мың басқа арналған мал бордақылау алаңы, оған қосымша шұжық цехы да бар. Бірақ мүмкіндігін толық пайдалана алмай отыр­мыз. Пандемия әсерінен тоқ­тап қалдық, әйтпесе, шұ­­жық цехының қосалқы бөл­шек­терін Тараз қаласынан ал­дыруды жоспарлап едік. Ол жақ­тағылармен тәжірибе алмасып, өндірісті қолға алсақ, тағы біраз тұрғын жұ­мыспен қамтылады. Негі­зінен, шағын цехтарды кө­­бейту арқылы ауылды тү­ле­­туге, шаруашылықтың эко­­­но­­микасын өрістетуге бо­лады. Жылыжай салуға кіріс­кеніміз – осының айғағы. Қажетті жабдықтар қолда тұр десек те болады. Жер дайын. Қазір ғалым-агроном Рүстем Сматов егжей-тегжейлі зерттеумен айналысып жүр. Ауыл жастарын оқытып, керек мамандарды өзіміз даярлап аламыз, – дейді шаруашылық басшысы.

Ауылдағы ескі әуез мектебі қазір қолданыста емес. Бірнеше жыл бұрын жаңа мектеп бой көтергенде, барлығы сол жаққа ауыстырылды. Енді шаруашылық әуез мектебінің көне ғимаратын өз қарауына алып, қарияларға тынығу жайын жасауды ойластыруда. Ақсақалдарын ардақтаған ауылда үлкендерге осындай құрмет көрсетілмек. Ал бұрынғы моншаны жаңалап, күрделі жөндеуден өткізеді. Заманауи үлгіге лайықталған моншада ауыл халқына барлық жағдай жасалады деп отыр.


– Біз егінмен қатар эко­номиканы да әртарап­тан­дырамыз деп отырмыз. Күріш, ұн диірмендерін жаңғырту жоспарда бар. Шұжық цехы, мал бордақылау алаңы – барлығы экономиканы әр­тарап­тандыруға бағытталады, яғни, бұл арқылы біз елді мекеннен ауыл шаруашылығындағы барлық саланы қамти аламыз. Қазір диірменде тартылған ұнның дәмі тіл үйіреді. Халық алып жатыр. Бағасы да арзан. Күріштің келісі 160 теңге болса, ұн 52 теңгеден жұртшылыққа ұсынылуда, – дейді серік­тестіктің бас экономисі Қорғанбек Назымбаев.
Алдына үлкен мақсат қойған шаруашылық ғалымдармен тығыз қарым-қатынаста жұ­мыс істейді. Жаңашылдыққа бетбұрыстың дәлелі – алқапта дрон құралын пайдаланып отыр. Ал болашақта мемлекет пен жеке меншік арасындағы әріптестік аясында елден әлеуметтік нысандар салуды да қолға алмақшы.


Осы күні шаруашылық жұмысшыларына сүт беріп отыр. Бұл да қуанарлық жайт. Өзімізде өндіруге болатын өнімді сырттан алдырмай, еңбектеніп жатсақ, мақтанатын нәрсе емес пе?

«КҮРІШТІ АҚТАП САТПАСА, ПАЙДА БОЛМАЙДЫ»

Бір кездері серіктестікте бас бухгалтерлікке дейін кө­терілген Тілек Аяпов шаруа­шылық кеңсесінен музей ашып қойыпты. Зейнеткер тарихты таңбалап жазып жүр. Он үш жыл бойы бас бухгалтер болып, есеп-қисаптан есе жібермеген жанның руханият пен тарихқа да таласы бар.


Кірген бетте 1994-2000 жылдары шаруашылық бас­шысы болған Қожабек Дәдікбайдың суреті көзге түседі екен. Үлкен портрет. Иә, ол қиын кезеңдерде шаруашылықты шатқаяқтатпай, жұмысын жүргізді. Еңбегі ел аузында жүр. Ауыл халқы оның ел үшін еткен еңбегін ұмытқан жоқ. Тәуелсіздігін енді алған мемлекеттің басынан қиын күндер өтіп жатқан тұста Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей мемлекеттеріне Шағанның ақ күрішінің экспортталуына атсалысты. Бұл жетістігі үшін Қожабек Кенжебекұлы 1998 жылы Елбасы – ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың қолы­нан «Құрмет» орденін алған.


– Сейілбек Асқаров деген азамат болды. Сол басқарған тұста 13 шағын цех ашылды. Мәселен, сүт өнімдері, рожки, балық секілді тамақ өнеркәсібі дамыды. Цех ашылса, ол қосымша демеу болады серіктестікке. Ал күрішті ақтап сатпаса, одан пайда түспейтіні анық, – дейді шаруашылық ардагері Тілек Аяпов.

ЖАСТАР АУЫЛҒА КЕЛСЕ…

Рүстем Сматов – агро­ном. Оның үстіне, ауыл шаруа­шы­лығы ғылымдарының магистрі. Жоғары білімді жас маман егіс алқабында тер төгіп жүр. Төрт жыл табан аудармай бакалавриатта, тағы бір жылын магистратурада білім алуға жұмсаған ол бүгінде теория мен практиканы ұштастырып, ғылыми еңбегін де жазып жүр. «Шаған Жер» серіктестігінде тыңайтқыштарды үнемді пайдалану тақырыбында зерт­теу жасап жүрген оның алғашқы еңбегі жемісін бере бастады. Тыңайтқыштың бір емес, үш түрін бөлек-бөлек емес, қатар себу арқылы әжептәуір үнем жасауға болатынын дәлелдеп келеді.
– Әкем осы шаруашылықта бірнеше жыл қатарынан үздік механизатор атанған. Бірге оқыған достарым жақсы жерлерде жұмыс істейді. Олар әр сөйлескен сайын «ауылда қарайып қаласың. Қалаға кел, айлығы жоғары жұмыс бар» деп жатады. Ал мен үшін ауылдан артығы жоқ. Арман қуып, қалаға аттана берсек, туған жерді кім гүлдендіреді, кім түлетеді? Осыған дейін алған білімім мен білігімді ел дамуына жұмсасам деймін. Ауылдың да болашағы өз қолымызда. Бұрындары ауыл­шаруашылық саласында «Дип­ломмен ауылға» бағдар­ла­ма­сына ветеринария секілді бір­неше мамандық қана қосы­латын. Қазір агрономияны да қосты. Бағдарлама жемісін кө­ріп, елге келдік. Мен ауыл­дың баласы екенімді мақтан етемін, – дейді Рүстем Нұржанұлы.


Егіс алқабында агрономның жұмысы маңызды рөл атқарады. Әрбір бригадада кем дегенде 400-500 гектар жер көлемі бар. Оған қай дақылды қанша гектарға егетінін де солар шешеді. Ротацияны құрап, ауыспалы егістікке, егінді әртараптандыруға барын­ша мән беріп жататын да осы мамандар. Өйткені, жерді тыңайтатын жоңышқа өсімдігін күрішпен ауыстыру маңызды. Бұл – өнімнің мол болуына негіз.


Рүстемнің телефоны шы­рылдап қоя берді. Асығыс қоштасқан ол тағы да егіс алқабына аттанып барады. Өйткені, кейінгі егілген күрішті суға бастыру әлі жалғасуда. Мамандар кеңесіп пішкен тонның келте болмайтынын ұғынған.

АЛДА МАҚСАТ КӨП

– Шаруашылықты бір жол­ға қойсақ, алда мақсат көп. Асыраушы сала болған соң, ауылдағы барлық мәселені осы арқылы шешуге болады. Бірақ аяғынан нық тұрып, өз-өзін қаржыландыратын жағдайға жету үшін біраз уақыт керек. Ауылға әлеуметтік нысандар салатын қуанышты сәттерде кез­десейік, – деді серіктестік ди­ректоры Жеңісбек Сыз­дықов.
Жылы жымиыстың ар жағында айқын бағытқа бет алған қарқын жасырынып тұр­ғандай. Сол қарқынмен елді дамытуға, ауылды жан­дандыруға әбден болады.
– Біз шаруашылықты да­мыту үшін келдік. Мақса­тымыз бір, мүддеміз де бөлек емес, – дейді таяуда ғана Алматыдан көшіп келген ауыл перзенті Дархан есімді азамат.
Тулаған сезіммен туған жерге ат басын тіреген азамат­тарға қарап риза болдық.

Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы».

Сырдария ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<