«Таңның» тарихы

788

0

Атам қазақтан: «Әркімнің  туған жері – өзіне Мысыр шәрі» деген сөз қалған. Шындығы солай, қайда барсаң да, қайда жүрсең де туған ауыл естен кетпейді және оған ештеңе жетпейді. Өйткені кіндік қаның тамып, балалық бал дәуренің сонда өтті. Сол ауылда есейдің, өстің, ержеттің, ат жалын тартып мініп, қарымың жеткенше халқыңа қызмет еттің. Бұл – көптің де, менің де басымнан өткен жағдай.

Ауылым-құт мекенім  «Таң» деп қалай аталды екен? Соған келейік. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жыл­дары жаңадан ұйым­дас­қан серіктестікті қалай атау керек екенін ауыл бел­сенділері ойласып, белгілі бір тоқтамға келе алмай сыртқа шықса, жаздың қысқа таңы атып келеді екен. «Таң атып қалыпты ғой» дейді біреуі, қалғандары бір сәт көкжиекке қарап тұрып қалады. «Міне, серіктестікке ат табыл­ды, ол «Таң» болсын» дейді екіншісі. «Қай кезде де таңымыз арайланып ата берсін, серік­тестікті «Таң» деп атайық» дейді келесісі. Бәрі мақұлдай кетеді. Бізге жеткен дерек осындай.

Содан бері есептей бастасақ, бір ғасыр өткен екен. Аумалы-төкпелі кезең­дерде талай ауылдың атау­лары өзгеріске ұшырады, «Таң» атауы әлі сол күйінде келеді.

Ұжымшар болғанда да, кеңшар болғанда да, жекешеленгенде де өзгермеді. Мұны айтасыз, ауылдық округ те, ауылдағы орта мектепте те осы атаумен аталады. Мақаланың басын ауыл ортасында тұрған қасиетті мешіттен бастағым келеді. Осы Алланың үйі бір қауым елдің тұтастығы мен ауызбірлігін сақтап тұр-ау. Мешіт Әбжәли ишан есімімен аталады. Неге олай, сәл кейінірек тоқталамын.

1920 жылдың шамасында жұртының қамын күйттеген Сегізбай би бастаған ауыл азаматтары мешіт салдыруды ойластырады. Сол маңайдағы «Ұмтыл», «Қызылсая» серіктестіктеріндегі ағайынды Алланың имандылық үйін салуға үгіттейді. Ақыры үш ауыл түгелдей келіскесін ұста іздестіріп, таңдау Ақмешітте тұратын Өтесұлы Нұрпейіс ұстаға түседі. Біз білетін деректер бойынша 1921 жылы Нұрпейіс ұста көмекшісі Шәкіманұлы Байарыстан екеуі келіп, болашақ мешіттің орнын белгілейді. Көп ұзамай кірпіш күйдіретін шағын зауыттың құрылысы басталады. (Зауыттың орны 1958 жылға дейін жатты, мен сол маңайда ауыл балаларымен ойнап, оны көзіммен көргендердің бірімін. Т.Е.) «Таң», «Ұмтыл», «Қызылсая» серіктестігінің қарулы жігіттері кезектесіп асарға келіп тұрған. Олар негізінен балшық жатқызу, кесек құю сияқты ауыр жұмыстарды атқарады. Кесекті жергілікті саздан құйып, шеге құмға илеп-шайып, кепкен соң зауытқа апарып, шеңгел мен қарабараққа қыздырылған пешке қақтап-күйдірген. Жұмысшылардың тамағы үшін әр үйден бір пұт астық, бір уақ малдан жиналады. Ауқатты азаматтар Қоқыбайұлы Сейітжан, Мәмбетұлы Бедер, Тауұлы Итемір, Нұрымбетұлы Жұма және Сегізбай би бас болып, мешітке бір-бір сауын биеден береді. Осы аты аталған кісілердің ішінде Қоқыбайұлы Сейітжан атамызды көзім көрді.

1924 жылы мешіт салынып бітеді, сонымен қатар қосымша құрылыстары да сапалы аяқталады. Ұсталардың еңбек ақысына келісілген 300 бас уақ мал төленеді. 1924-1928 жылдары мешітке Әбжәли ишан алдырылады. Ол – Мырзабай ахунның туған інісі Қалымбеттің баласы. Жастайынан Мырзабай ахунның тәрбиесінде болған. Әбжәли Бұқарада оқып, ишан атағын алады. «Дін – апиын» деп санаған кеңестік идеология қуғын-сүргінге ұшыратқандардың бірі Әбжәли ишан көрінеді. Ишанды 1928 жылы бірінші рет, 1932 жылы екінші рет ұстап кетеді. Облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің деректі материалында жазылғандай, Әбжәли ишан үшінші рет 1937 жылдың маусым айында қамауға алынған. Бұл туралы 1904 жылы туып, 1972 жылы қайтыс болған Досқызы Қатира әжеміз былай депті:

– Қауын қызғалдақтап тұр­ған кез. Салт атты үш НКВД қыз­меткерлері келіп, «Әбеке, біз тағы келдік, бізбен бірге жүріңіз» деген. Қожайыным: «Жарайды, мен қамаудан қорықпаймын және ешқайда қашпаймын, отбасыммен қоштасуға мұрсат беріңіздер» деді де, бесікте жатқан Сәрупаны көтеріп алып, бетінен иіскеп, сонан соң менің маңдайымнан сүйіп тұрып, иншалла, келсем, 18 жыл өткен соң келермін, келмесем, қырық жылдан соң ақиретте кездесерміз, – деп әлгілермен кете барды.

Төрт жылдан кейін қожайы­ным­нан хат келді. Жыңғыл түбінде ешкі сауып отырғанымда үсті-басы алба-жұлба бір кісі келіп, әбден көнерген шинелінің жағасын тістеп-тістеп жіберіп, тігісін сөкті де бірнеше бүкте­лген қағазды суырып алып маған ұсынды. Оқысам, былай деп жазылыпты: «Қайда, немен кетіп бара жатқанымды білмеймін. Темір торлы бөшке сықылды, қа­раңғы қапастың ішіндеміз. Ештеңе естілмейді. Кеменің іші ме, білмедім. Хош, аман-сау болың­дар», – дейді. Содан кейін хабар-ошар болмаған. Қилы  кезеңде өзіне төнген қауіп-қатерге қарамастан, Алланың хақ жолынан таймай, ақыры осы жолда бақилық болған Әбжәли ишанның есімі кешеден бүгінге жетіп, ол туралы жазу тәуелсіздігіміздің арқасы екенін көзіқарақты оқыр­ман сезініп отырған болар. Әбжәли ишанның туған қарындасы Бибіпатымадан туған Сағаладдин Доспанов ағамыздың баласы Бүркіт Доспанов 2007 жылдан бері ауылдағы №118 «Таң» орта мектебінің директоры, енді бір баласы Таңатар Доспанов Жалағаш аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді.

2012 жылы мешіт қайта тіркеуден өткізіліп, күрделі жөн­деу жүргізілген. Қазір халыққа қызмет етуде, имамы – Рүстем ініміз. Серіктестіктерді ірілендіру саясатымен жоғарыда айтып кеткен «Ұмтыл» мен «Қызылсая» «Таңға» қосылып, «Таң» ұжым­шары атанған. Бұл шамамен 30-жылдардың басы болса керек. «Таң» ұжымшарын басқарғандардың ішінде ауыл азаматы Құлманов Қуаныш болғанын естиміз. Менің нақты білетінім, 1954 жылға дейін шаруашылықты ауылдың ардақты азаматы Мықтыбаев Ахмет  басқарды. Отан соғысына дейін де соғысқа барып, қолынан жарадар болып қайтқасын да, оның басшылығындағы «Таң» аудандағы алдыңғы қатарлы ұжымшар болған. Оның шет-жағасын кезінде бала болсақ та білеміз. 1954 жылы Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің ауыл шаруашылығын басшы кадр­лармен нығайту мақсатында арнайы қаулы қабылдағаны белгілі. Тарихта «отызмыңдықтар» деген атпен қалған кадрлардың бірі сонау Алматыдан біздің ауылға келіп, «Таң» ұжымшарына басқарма төрағасы болды. Жаңылмасам, төрағаның аты-жөні Исабеков Қожақан болуы керек. Осы жылы ауылдағы көне жетіжылдық мектеп  (мешіттің төңірегіне мектеп, ұжымшар кеңсесі, медпункт, байланыс бөлімшесі, аралас заттар дүкені бәрі-бәрі шоғырланған еді. Т.Е.) жаңа мектепке көшкен еді. Қожақан төраға босаған көне мектептің орнына әкімшілік үйін көшірді де, бұрынғы орнына балабақша ашқаны есімде қалыпты. Бұл үлкен қаладан келген төрағаның жаңалығы болатын. Тағы бір жаңалық, басқармаға арналып, ауылға су жаңа 8 орындық жеңіл мәшиненің келгені, оны Шәріпқұлов Әбдір ағамыз жүргізді.

«Таң» ұжымшарында дәнді дақылдар да, малазығындық да­қылдар да егілетін. Кеңшардың қоймасы бидайға лықа толып жататын. Менің шешем 1955 жылға дейін осы қойманың меңгерушісі болған еді. Ұжымшарда екі қой, бір жылқы мен түйе, бір ірі қара фермалары болды. Ерте көктемде малдың ірі қарадан басқасын «Қарақұмға» шығаратын. Әкем Әубәкір Есжанов мал дәрігері болғандықтан, жазғы каникулда екі жыл қатарынан «Қарақұмда» болғаным бар. 1956 жылы ауыл мен ауылдың арасында көркемөнерден байқау ұйымдастырылып, біздің ауыл өнерпаздары «Жалағаш» ұжымшарымен сынға түскен. Осы байқауда Қожақан басқарма бір қырынан көрінді. Ол домбыраны жақсы тартады екен, күй шалқытты. Ал әйелі Роза ауыл көркемөнерпаздарын ұйым­дас­тырып, бұрын-соңды жұрт көр­меген концерттік бағдарлама дайындапты. Сөйтсек, төрағаның зайыбы Алматының кәсіби әртіс­терінің бірі екен ғой. Концерт бұрыннан қалыптасып қалған партия, Ленин туралы хормен емес, қазақтың жайлауындағы той көрінісімен ашылды. Есімде қалғаны Розаның:

Ал, қанекей жолдастар,

кел біреуің, той басқар.

Той дегенде, демей ме,

домалайды қу бастар.

Бас-бас, басайық, аққан судай

тасайық.

Өлең айтып, би билеп, колхоз

тойын жасайық! –

деп өнерпаздарды ортаға ша­қырып әндеткені. Аудан ор­та­лығынан келген әділқазылар «Таң» көр­кем­өнер­паздарының өнеріне разы болған. Содан бері қаншама жылдар өтті, бірақ жадымда тұр.

Енді осы жерде «Таң» ұжым­шарына еңбегі сіңген, өзім білетін бірнеше кісілерді  есімдерін  атау­ды парыз санаймын. Аруақтары разы болсын, олар –  Ишанбек ұста, шопандар – «Қос медальді Қосуақов» атанған Сәмен, Дүйсенбиев Уәли, Төреев Пірмахан, кейін «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері болған Өтегенов Елемес, жылқышылар – Есіркепбаев Сүлеймен, Айма­ханов Сейітқасым, ірі қара фермасын басқарған Еспенбетов Байқуат, зоотехник Бекмолдаев Кәри, бас есепші Барлыбаев Ермахан. Ұжымшарда жауапты қызметтер атқарған Ержанов Мақтаған, Ізтілеуов Әбдәзи, Әбдиев Мешітбай. Халықты еңбекке жұмылдыра білген бригадирлер – Тұрғанбаев Тоба, Таңшаев Құдабай, бақташы Ақышев Тәжібай, (Тәжібай әкеміз «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталған) шофер Боранбаев Нағымбай. (Нәкең өзінің бүкіл саналы ғұмырын автокөлік жүргізуге арнады. «Таң» өз алдына кеңшар болғасын «Еңбек Қызыл Ту» орденін иеленді) Оқу-ағарту саласына келер бол­сақ, есімдегілер – Меңлібаев Елікбай, Табынбаев Болтай, Нұрмағанбетов Шермағанбет мектеп директоры, Сексенбаев Ерназар, Сейітжанов Сәруар оқу ісінің меңгерушілері болды. Табын­баев Төлеген, Бекпенбетов Асан және Зейнеш, Күлзада апайларымыз «Таң» мектебінде ұстаздық етті. Аталғандар арасынан көп жыл бойы «Таң» жетіжылдық мектебінің директоры қызметін абыройлы атқарған Меңлібаев Елікбайды ерекше атап кеткім келеді. Өскелең ұрпақты, оқыту мен тәрбиелеудегі лайықты еңбегі үшін  ол «Еңбектегі ерлігі үшін» және «Еңбекте үздік шық­қаны үшін» медальдарымен наг­радталған.

Партияның солақай саяса­ты­ның бірі деп түсінейік, «Таң» ұжымшары күтпеген жағдайға душар болды. Аудандағы жері кең, егістігі, шабындығы, жайы­лымы мол, төрт түлігі сай шаруашылықты 1957 жылы Сырдарияның терістік бетіндегі Молотов атындағы ұжымшарға қосып жіберді. Мыңғырған мал, материалдық-техникалық база тарап кетті. Халыққа қызмет ететін барлық мекемелер жабылып, мектеп бастауыш болып қалды. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі Молотовқа көшірілді, бірнеше үй қалаға, басқа ауылдарға қоныс аударды. Шопандардың біразы қойымен «Жалағаш» ұжым­шарына өтіп кетті. «Таңның» табанында оншақты ғана түтін қалды. 10 жылға жуық атақоныстан ажыраған ауыл тұрғындарына бұл, шындығына келсек, өте ауыр тиген.

1966 жылдың аяғында «Коммунизм» кеңшарының директоры Мөрәлі Шәменов пен кеңшар партия комитетінің хатшысы Асанбек Оспановты Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов шақырады. Қармақшы ауданымен шекаралас жатқан «Таң» ауылын дербес шаруашылық етіп қайта құру мәселесі көтеріле бастаған кез еді. Исекең: «Совхоздарың өсті, ұлғайды. Сендерден бір емес, бірнеше шаруашылыққа енші бөліп берсек, ойсырамайтындай дәрежеге жетіп отырсыңдар» деге­сін, «мұныңыз дұрыс ұсыныс екен» деп Мөрәлі Шәменов келіскен. Деректерге сүйенсек, Мөрәлі Шәменов бөлініп шыққан «Таң» кеңшарына 200 бас қой, 1400 бас ірі қара, 300 бас жылқы, 25 трактор, 10 комбайн, 10 автомашина берген. Арада 10 жыл өткенде, ағайындар туған топыраққа қайта оралды. Бұл 1967 жылдың басы еді. «Таң» кеңшарының алғашқы директоры болып Сахи Ыбраев тағайындалды. Алғашқы жылы кеңшар ұмытпасам, 400 гектар жерге күріш егіп үлгірді. Кеңшар партия комитетінің хатшылығына Жадырасын Күзенов, жұмыс­шы­лар комитетінің төрағалығына Төлеген Табынбаев, комсомол комитетінің хатшылығына Құттыбай Сыдықов, Құттыбайдан кейін Тұрсынғали Айғараев сай­ланды. Бас агроном Штаб Әбілдаев, бас инженер-механик Сұлтанбек Алдабергенов, бас экономист Назарбай Сыдықов сосын ол бас зоотехник, кейін бас экономист Жұмабек Шүйішбаев, бас мал дәрігері  Болат Тойлыбаев, прорабтыққа Самат Әренов, онан соң 1969 жылы Болат Жәнібеков келді. Сәл кештеу келген бас зоотехник Тұрсынбай Жаңабаев, бас есепші Әбжаппар Ысқақов пен бас гидротехник Орынбек Ма­таев, бас мал дәрігері Қабыланбек Нұрмағанбетов біршама жылдар лайықты қызмет етті. Менің мектепті бірге бітірген сыныптас­тарым – Атымтай Нәсиев, Мұрат Ойнаров, Жарылқасын Қуанышева механизатор, Бибісара Кәриева, Салиха Ниязова жұмысшы болды. Осылардың ішінде шынжыр табанды тракторды меңгеріп, біраз жыл ауданға, облысқа атын шығарған Жарылқасын Қуанышеваның ең­бегі зор. Қатарласымыз, кіш­кен­тай кезімізден бірге ойнап, бірге өскен Қуанышбай Шағыртаев автомашина руліне отырды. (Қуанышбай кейін, көп жылдар бойы өндіріс бри­гадирі болды. Өмірінің соңғы жылдары кеңшардың бас инженер-меха­нигі қызметін атқар­ған. «Еңбектегі ерлігі үшін» ме­далімен наградталып еді. 1991 жылы мейірімсіз ажал оны өмірден ерте алып кетті.) Мен жаңа келген «МТЗ-80» тракторын жүргізіп, шаруашылықтың сан салалы шаруасына аралас­тым. 1967 жылдың көктемінде Әбдірәки Наурызбаевтың бригадасында күріш сепкенім есте. (Сәл кейінірек Әбдірәки ағамыз «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері болған. Бригада механигі Ерасыл Оспанов болатын) Жазда тракторыма шөпорғыш(косилка) тіркеп, механик Шүйішбаев Әлібектің қарамағында шөп орғанмын.

Бірақ, оқу керек еді. Осы жылы Н.Гоголь атындағы Қызыл­орда педагогикалық институтына түсіп кеттім. Каникулға келге­німде ауылдың жағдайынан ха­бардар болып жүрдім. 1969 жылы кеңшарға директор болып Молдаш Мусаев тағайындалған. Ауылдың тумасы, Алматы ауыл шаруашылығы институтының тү­легі институт бітірген бойда Ақтөбе облысында өзінің агрономдық мамандығы бойынша алғашқы еңбек жолын бастаған. Сосын елге оралып, Қазақстанның ХХ жылдығы атындағы ұжымшарда (қазіргі Мырзабай ахун ауылы) төрағалық қызмет атқарған. Мұнан соң Қарауылтөбе тәжірибе стансасында бас агроном болған. Ақиқатын айтсақ, Молдекең кеңшарды өрге сүйреді. Ел еңсесін тіктеді. Менің туған нағашым, Нұрбай Улиев  өзіне бекітілген күріштің әрбір гектарынан 80 центнерге жуық өнім жинап, «Құрмет белгісі» орденімен наградталған. Күрішші Алуаш Шәріпқұлова облыстық кеңеске депутат болды. Ауданның «озат сауыншысы» атағына ие болған анам Есжанова Алтын Улықызы екі мәрте аудандық кеңестің депутаттығына сайланған. Жас қыз Ізбасова Райкүл де күріш егіп, көпке танымал болды. 1976 жылы «Таң» ауылдық кеңесі ашылып, Молдаш ағамыз атқару комитетінің төрағасы болып сайланған. Жоғарыда айтып кеткендей, кеңшарға әлі де жұмыс қолы жетіспеді. Ауылдық кеңестің төрағасы Молдаш Мусаев бастаған топ Арал ауданының елді мекендерін жағалап жүріп, 1976-1977 жылдары ауылға теңіз жағасынан 40-қа тарта отбасы көшіріп әкелді. Бұл тыңнан қосылған үлкен күш еді. Қоныс аударып келген ағайынға кеңшар әкімшілігі мен партия комитеті барлық жағдайды жасады.Мамандығы барлар қызметке орналасты. Айтар болсақ, Балымбетов Төрек есепші, Бисенов Амантай мектепке мұғалім, Ибрагимова Үйтолған кітапханашы болды. Балықшы қауым егін­ші­лікті меңгерді. Сөзіміз жалаң болмас үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденді балықшы Ескермесов Алпысбайдың №6 бригадада күріш еккенін айта кету артық болмайды. Молдекең өмірінің соңғы күніне дейін, яғни 1985 жылдың аяғына дейін ауылдық кеңесті басқарды. Молдаш ағамыздың баласы ­  ­Мусаев Алтынбек қазір «Таң» ауылында тұрады, ол – менің кеңшарда механик болған, кейін ауыл әкімі қызметін абыроймен атқарған інім Есжанов Оразбектің сыныптасы, досы. Ал өмірден тым ерте озған үлкен баласы Мусаев Орынбасармен өзімнен кейінгі інім Есжанов Маратбек бірге оқыды. 

Енді жылдар ретіне қарай шегініс жасайын. 1971 жылы инс­титутты бітіріп, ауылдағы №118 «Таң» орта мектебіне мұғалім болып орналастым. 1977 жылы Октябрь революциясының 60 жылдығы қарсаңында аудан ор­талығында ауыл клубтарының мерекеге арнап дайындаған кон­церттік конкурсы өтетін бол­ған. Жалағаш кентінде тұратын «Таңның» тумасы, ақын Жақсыбай Сарбалаев қасына режиссер Тынымбай Мәдиевті ертіп, мерекелік шараға 10 күн қалғанда ауылға келді. Тақырыпқа сай сценарий жазып, «Таң нұры» атты ансамбль ұйымдастырды. Үлкен мерекелік сайыс қорытындысында, аудан­ның барлық ауылдарынан барған өнер ұжымдарынан «Таң нұры» басым түсіп, бас жүлдеге ие болған едік. 1983 жылдың қаңтарында «Таң» кең­шары кәсіподақ комитетінің төр­аға­лығына сайландым. Міне, енді мектептен-шаруашылыққа қыз­мет ауыстырып, кеңшардың ұланғайыр жұмысына аралас­тым. «Коммунизм мектебі» делі­нетін кәсіподақтың кеңестік кезеңде ролі күшті. Жұмысшы-қызметкерлердің құқығын қор­ғайтын да, мәдени-тұрмыстық қызметті іске асыратын да, еңбек қорғау да кәсіподақтың еншісінде болатын. Ең бастысы, еңбеккерлердің арасындағы социалистік жарыс, моральдық-материалдық ынталандыру – кәсіп­одақтың төл міндеті.

1983 жылдың қазан айы еді. Осы жылы күріш бітік шығып, бұрын-соңды қол жетпеген та­бысқа кенелдік. 1700 гектар күріш­тің әрбір гектарынан 48 центнердің үстінде өнім жинап, жүзіміз жарқын болып жүрген күндердің бірінде кеңшар директоры Садық Әлиев екеуміз соңғы тонналар тиелген автокөліктердің алдына түсіп, аудан орталығы Жалағашқа жол тарттық. Егін жинау мен мемлекетке астық тапсыруды тікелей қадағалап, басқарып отырған элеватордағы штаб бастығы, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Мақсұт Әбдіразақовқа ауыл ең­бек­керлерінің қабылдаған мін­деттемені абыроймен орында­ғаны жайлы баяндадық.

1985 жылдың аяғына таман кеңшар директоры Садық Әлиев аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына бастық болып кетті де, орнына Төлеген Ізтілеуов келді. Ауыл шаруашылығы қыз­мет­керлері кәсіподағы аудандық комитетіне төраға болып қызмет ауыстырған партком хатшысы Жадырасын Кү­зенов­тың орнына Тәжібек Қой­шыбаев отырды.

1987 жылдың мамыр айында аудандық партия комитетіне шақырды. Аупарткомның бірінші хатшысы Оңалбек Сәпиев кезекті еңбек демалысына кеткендіктен, екінші хатшы Ермағанбет Тұра­баевтың қабылдауында болдым. Ол кісінің кабинетінде аудандық кеңес атқару комитетінің төр­ағасы Мақсұт Әбдіразақов бар екен.

– Үшінші айға бара жатыр «Таң» ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметі бос тұр. Біз Мақаң екеуміз ақылдаса келе сол орынға сені лайық көріп, шақырып отырмыз, – деді Ерекең.

Күтпеген ұсынысқа сәл бөгеліп қалдым білем, осы сәтте Әбдіразақов маған:

– Сары бала, неге үндемей қалдың, (Жезделігі бар Мақсұт ағамыз кейде мені осылай атаушы еді. Т.Е.) кәсіподақты дөңгеленттің, енді кеңес қызметін де атқарып көруің керек, өзіңнің ауылың, сен істемегенде кім істейді?! – деп жылы қарады.

– Иә, Мақаң дұрыс айтады, мұндай мүмкіндік бола бермейді, – деп Ерекең бір қоз­ғалып қойды.

Сол күні барлық бюро мүше­лерінің алдынан өтіп, келісімдерін алғасын, ертесіне ауылдық кеңес­тің кезектен тыс сессиясы мені төраға етіп бірауыздан сайлады. Бұлай тез болғаны, ауылдық кеңестің депутаты едім. Сол жылдарда елімізде «Азық-түлік» бағдарламасы қабылданып, жан басына шаққанда ет, сүт, жұ­мырт­қа, көкөніс пайдаланудың есебі сұрала бастаған. Бұл үшін жеке қожалықтардағы мал саны ауылдық кеңестің бас кітабына түгел тіркелуі қажет. Небір қилы заманды бастан кешкен халық емеспіз бе, жұрт қолындағы ұстап отырған малын толық жаздырмайтын. Жұмыс осы жерден басталды. Ерінбей, ертелі-кеш ауылдың, әр үйінде болып, бұрынғыдай жылқы, сиыр қамап, басы артық мал деп, еріксіз етке мал алу тоқтағанын, енді кім қанша мал ұстаймын десе де ерікті екенін, тек жеке иеліктегі малдың толық тіркелу керектігі түсіндірілді. Екі ай шамасында есеп жаңартылды. Мұнан соң, аудандық дайындау мекемесімен келісіп, ет өткізудің тоқсандық, жылдық кестелерін жасадық. Қыс аяғында және ерте көктемге жос­пар қоймадық, себебі бұл кезеңде мал арық болатыны белгілі, ал арық мал арзанға кетеді. Етке өткізілетін жеке қожалық малының ортадан жоғары және жоғары қоңдылықта өтуіне мүмкіндік бердік. Ет бағасы көтерілді. Міне, енді жұрт қаражат керек болса, бізге келіп дайындау мекемесінің ет қабылдайтын адамын шақырып беруді сұрайтын болды. Кеңшар әкімшілігімен шартқа отырып, жеке қожалықтың өздерінен артылған сүтін жинап, арнайы бөлінген машина мен бір қызметкер арқылы сауын базадағы қоғамдық сүтке апарып қосу қалыптасты. Әр айдың соңында сүт өткізгендер кеңшар кассасынан тиісті ақшасын алып тұрды. Осылайша жеке қожалықтың өздерінен артылған ет, сүтін мемлекетке өткізу қиындығынан құтылып, кейде ауданнан түскен тапсырма асыра орындалып та жүрді.

1987 жылдың бірінші жел­тоқ­саны еді. Түнде қыстың алғашқы қары жауып, таңертең тұрсақ, дала ақ көрпеге оранып қалыпты. Аяқ астынан абыр-сабыр күй кештік. «Әуелбеков келе жатыр» деген хабар тиген соң, директор Төлеген Ізтілеуов ауыл шекарасынан күтіп алуға шығып кетті. Әуелі мал қыстауларын аралайтын болған. Сол жылы жеті жерде мал қыстатып жатқанбыз. Оның үстіне сауын база және бар. Әуелбеков сырттағы «Бораншы», «Тайызкөл», «Мақпал», «Естек» малшы қыстауларында болып, жағдай білген, қора-қопсысын түгел аралап, мұнан соң орталық сауын базасына келеді. Мұнда біршама аялдап, бақташы-сауын­шылармен сөйлескен. Дайын­дал­ған пішен-шөпті, азықтандыру цехының қысқа дайындығын қараған. Емдеу-санитарлық пунк­тін­де болған. Осыдан соң, түс­­те орталыққа келді. Асханадан тамақтанып, ауыл клубына жиналған тұрғындармен кездесті. Екі жылдан бері қызметі ауыздан түспей, аңызға айналған облыс басшысын көруге келгендер залға сыймай кетті. Кеңшар директоры Төлеген Ізтілеуов шаруашылықтың жалпы жағдайы жайлы, партком хатшысы Тәжібек Қойшыбаев саяси-идеологиялық тәр­бие жұ­мыстары туралы, мен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы туралы баян­дадық. Кездесуде ауыл ардагерлері сөз алды. Кем-кетікке көмектесуін сұрады. Әуел­беков сұрақтарға нақты жауап беріп, кейбір маңызды мәсе­лелерге тоқталды. Жиналыс аяқтал­ғасын, қонақасыға қараған жоқ. Бізге кеңес беріп, қайтып кетті.

1990 жылдың қазан айында «Таң» кеңшарының директоры Төлеген Ізтілеуов «Еңбек» кеңшарына директор болып қызмет ауыстырды да, орнына Ахметулла Үмбетов отырды. 1991 жылдың жазы еді. Сәскелікте қасына әйгілі «Қан мен тердің» авторы, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовті ертіп, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Биғали Қаюпов келді. Аралдан шыққан атышулы қаламгер «Ақбасты» мен «Қаратереңнен» қоныс аударып көшіп келген ағайындарының үлкендері – Бисенов Әлімжан, Ибрагимов Омарғали, Қарта­мысов Шәріп ақсақалдарға сәлем беріп, түске салым бір сағат көлемінде клубқа жиналған оқырмандарымен кездескен. Жазушыны Сырдария жағасының бір қолайлы иініне апарып, таза ауада демалдырдық. Біршама уақыт өткенде, сол маңайды жайлап отырған жылқышы ағамыз Сейітжан Тәжібаев келіп, қонақты үйіне шақырды. Аупартком хатшысы Биғали мен кеңшар директоры Ахметулладан аудан-ауылдың тіршіліктерін білгісі келіп, сұрақтар беріп қояды. Олар қысқа-қысқа мағлұмат айтады, шамасы кездесе бермейтін қонақтың өзін сөйлетпекші. Өткенге ой жіберіп, әңгіме сабақтаған Әбдіжәміл ағаға қарай құлақ түреміз. Болашақ жазушы ерте жастан-ақ, Сәбит Мұқановтың «Ботагөз», Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын оқыған. «Кітапқа деген құмарлық мені ақыры кітапшы қылды ғой» деп күлімсірегені есімде. Сол жолы білгенімдей, Әбдіжәміл ағамыз «Қан мен терді» 15 жыл жазыпты. Үш-төрт жылда бітіріп тастауға болады екен, алайда әрбір сөзіне, әрбір сөйлеміне жіті қараған, әрбір тарауды әрлеген, мақсаты – «тозбайтын дүние жасау» болған. Трилогия 30 елдің тіліне аударылған.

1992 жылдың басында кеңшар директоры Ахметулла Үмбетов Арал ауданы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне көтеріліп кетті. Облыс әкімі Сейілбек Шау­хама­новтың қабылдауында болып қайтқасын, мені аудан басшылары 1992 жылдың 3 наурызы күні «Таң» кеңшарының директоры етіп отырғызып кеткен. Бұл өте ауыр кез еді. Егемендік алдық дегенмен, әлі өзіміздің төл теңгеміз шықпаған, ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс аз, күріш тауар есебінде өтімсіз, мал өнімдері де арзан саудаланатын. Бұрынғыдай емес, жанар-жағармайдың да тапшылығы қол қысатын. Десе де, ел орнында, шаруашылықта 3897 гектар инженерлік жүйеге келтірілген жер бар, адам күші, техника бар, тәуекел деп іске кірістік. Әуелгі жұмысты халыққа нан болатын бидай егуден бастап, 200 гектар жерге таза бидай септік. Оны тартып, ұн шығаратын цех аштық. 20 гектар құнарлы жерге әлі аудан, облыс халқы біле бермейтін майлы дақыл – мақсары егілді. Іздестіріп жүріп, мақсары дәнінен май сығып шығаратын қондырғы тауып алдық. 1700 гектар күрішті суға бастырдық. Шаруашылықта 1600 бастың үстінде ірі қара, 300 бас жылқы болғандықтан, малазығындық дақыл жоңышқа, жүгері көлемі де кеміген жоқ. Бұл жұмыстарды ұйымдастыруда бас агрономдар Қауынбай Жәмиев, Кенжебек Есжанов, гидротехниктер Өмірбек Бекмолдаев Алтынбек Мусаев, т.б. елеулі еңбектерін айта кету керек. Өндіріс бригадирлері Науша Мырзабаев, Дауылбай Ақбергенов, Қонысбай Өтегенов, Жалғасбай Өмірбаев (Кейін Жалғасбай аға диспетчер болды), Асқар Отаров қарамағындағы күрішші-механизаторларды еселі еңбекке жұмылдыра білді. «Дала қосы – егіншінің екінші үйі» деген дәрежеде тұрды. Озат жаткистер Әлиев Нұртас, Серікбаев Қуанышқан, Ағыбаев Сабырбай маусымда 130-150 гектарға дейін күрішті дестеге түсірсе, комбайнер «Құрмет белгісі» орденінің иегері Арықбаев Шағдар, «Еңбек даңқы» орденінің иегері Тоқбергенов Серік және жас комбайнер Өтегенов Серік 10000 центнерге дейін астық бас­тырып, алдыңғы шептен көрінді. Сондай-ақ, дәнекерлеуші Қуанышев Серіктің, токарь Отаров Көпжа­сар­дың қызметі атай кетуге лайық. Көкөніс-бақша өсірумен айналысатын арнайы бригада жасақталып, бригадирлігіне Қанатбай Наурыз­баев бекітілді. Кеңшардағы кірпіш зауыты, күріш ақтайтын цех жұмысын тоқтатқан жоқ. Арнайы цехта дайындалған мақсарының майы үй-үйге, жан басына шақтап таратылды. Мақ­сары дақылының көлемін келесі жылдарда арттырып отырдық. Ауыл халқы ұн іздеген жоқ. Бидайды тартып ұн етіп, ол да еңбекақы есебінен берілетін. Бұл жұмысты Дүйсенбаев Шалқар атқарды. Қорасында малы жоқ ондаған үйге қоғамдық малдан бір-бір сауын сиыр берілді. Қармақшы ауданының Ленин атындағы кеңшарынан (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) қаздың жұмыртқасын күрішке айырбас­тап әкеліп, шағын инкубаторда балапан шығардық. Міне, сол бір қиын-қыстау кезеңде осындай қарекеттер жасалғандықтан, ауыл халқы таршылық көре қойған жоқ. Алдыңғы қатарлы бақташылар Көзбергенов Әб­жәли, Ысқақов Аманкелді мал басын аман сақтап, төл алу тапсырмасын үнемі орындап отырды. Сауыншылар Садықова Зейнекүл, Сүлейменова Ақылша өздеріне бекітілген сауын сиырлардан жоспарға сай сүт сауып, алдыңғы шептен көрінді. Ферма меңгерушілері Байтөреев Төребек, Майжанов Кәжденбек, Смағұлов Оралбек, бас мал дәрігері Байнақатов Қодар, кейін Бегімов Жанат тыңғылықты қызмет етті. Емдеу-санитарлық пункттің дәрігері Әліпбаев Жа­рылқап зейнеткерлікке шы­ғамын дегенше, пункт меңгерушісі болды. Осы жылдары бас зоотехник Тұрсынбаев Сахи, зоотехник Оспанов Нұрлан, құрылыс, коммуналдық-тұрғын үй саласында Жәнібеков Болат, Айғараев Тұрсынғали, Тәжібаев Серік, кәсіподақ комитетінің төрағасы Бисенов Сайлаубай, директордың орынбасары Сасықбаев Қаршыға, аға диспетчер Өмірбаев Жалғасбай қызмет етті. Бас инженер-механик Ақбергенов Балтабай кейін Әмитов Бегалы, автогараж меңгерушісі Шәріпқұлов Әбдір, автомеханик Жәнібеков Ақтау, орталық қырман механигі Әбдіхалықов Жақсылық, бригада механиктері Тәшенов Сахи, Ойнаров Қалдыбек, Шөменов Дүйсенғали өз қызметтеріне лайықты кадрлар еді. Бас есепші Жұбанов Нұрадин, бас экономист Әбдіхалықов Хамит, қоғамдық тамақтандыру жөніндегі инженер Қуанышев Өмірзақ, экспедитор Рашбаев Молдахмет, орталық қоймада Үрметов Шадымахан, мұнай базасының меңгерушісі Өтегенов Бәкірамбек еді. Ауылдық кеңеске 1992 жылдан бастап Тайбасаров Шәмшәдин, онан соң Ойнаров Мұрат төрағалық жасады.

1992 жылдың қазан айының басы. Аудандағы күріш тұқымын дайындайтын бірден-бір шаруа­шы­лық болғандықтан, негізгі жұмыс – күріш тазалаумен күні-түні айналысып жатқан кезіміз болатын. Екі күн бұрын жаңбыр жауып, ашық аспан астындағы суланып қалған жал-жал астықты кептіру үшін, аударыстырып әлек­тенудеміз. Сәскеге таман аудан әкімі телефон соғып: «кешке ауылыңа Роза Бағланова барады, ол кісі сенің ауылыңа баруды өзі қалап отыр» деді. Қауырт шақ болғанымен, халықтың бір мезгіл көңіл көтергені дұрыс болар, оның үстіне келе жатқан әлемге әйгілі Роза апамыз болса, қалай қарсы алмасқа?! Кеңшардың мәдениет үйі көрерменге лықа толды. Ауыл адамдарының жезтаңдай әншіге ықыласы ерекше болды. Әрбір әнінен соң, алақандар дуылдата соғылды. Әнші де шабыттанып, қазақтың халық әндерімен қоса, белгілі композиторлардың әуезді әндерін нақышына келтіре шырқады. Алдыңғы қатарға соғыс ардагерлерін отырғызғанбыз. Роза Бағланова соғыс жылдары майдан даласында орындаған «Темная ночь» әнінен бастап, біраз көңіл толқытатын әндерді шырқағанда бір ардагер сахнаға шығып, әншіге гүл сыйлады. «Ах, Самара городокты» құбылтып айтқанда, арқасы қозбаған тыңдарман болмаған да шығар?! Әнші апамызды ақ дас­тарханыма шақырғам. Үйге кіріп, орындыққа отырған сәтте қазанға жабылып, дайындалған ыстық нанға көзі түсіп: «Мынау біздің Қазалының қазанжаппайы ғой» деп қуанып кетіп, дереу шетінен қолымен сындырып, бір үзімін аузына салды. Отбасымызды білетін ақын Қомшабай Сүйенішев: «Осы үйдің хозяйкасы – қазалылық дегесін, Роза апамыз сіңлісімен танысып:

– Азаматыңды ардақтай біл, оған қара, бақытты бол. Қазір ел басқару дегенің оңай болып тұрған жоқ, – деп ақыл-кеңесін айтты. Ертесіне аудан орталығында концерт беретінін білсе де, әнші түн жарымы ауғанша еркін отырды. Сонау Алматыда жүріп «Сыр бойы халқы аман болса екен, егіндері бітік шығып, малдары шығын болмаса екен» деп тілек тілейтінін айтты.

– Бірсікүні жаңбыр жауғанда, бітпеген күріштері жаңбыр астында қалатын болды-ау деп қиналып едім, тоқтады ғой, – деді де, маған қарап:

– Айналайын ­уайымдама, асты­ғыңды тазалап аласың, ойлағаның болады. «Құдай біледі» деп айтайын, қарашаның төртінші жұлдызына дейін жаңбыр жауа қоймас, – деген. «Әйт деген атанға қуат» демекші, асыл апамыздың мына сөзі біраз жеңілдетіп тас­тады. Жаңбыр тамған жоқ. Бұл сөзді естіп, шындығын көрген ауыл еңбеккерлері «Роза, әнші ғана емес, көріпкелдік қасиеті бар әулие екен» деп, көпке дейін айтып жүрді. Біздер бірінші қарашаға дейін аудан шаруашылықтарына 33000 центнер екінші класты «Ақмаржан» күрішінің тұқымын сатып, шаруашылықтың шығындарын жапқасын да, миллион сомның үстінде таза пайда таптық. (Ол кезде бұл аз ақша емес. Т.Е) Еңбекші қауым қосымша ақшаға кенелді. «Жақсы келді дегенше жарық келді десейші, жақсылығын дүниенің алып келді десейші» деген осы екен ғой.

1994-1995 жылдар көптеген қиындығымен есімде қалды, бірақ ұзатып жазғым жоқ. «Таң» кеңшары 1995 жылдың 20 қарашасы күні жекешеленді. Ширек ғасыр болды, Қызылорда қаласында тұрамын. Осы жазбамда аттары аталған азаматтардың көпшілігі бұл пәниден көшкен, ал олардың ұрпақтары бүгінде тәуелсіз Қазақстанның бір бөлшегі – «Таң» ауылын түлетіп жатыр. Біраз жылдардан бері шаруашылықты облыстық мәслихаттың депутаты Имамзада Шағыртаев басқарады. Дүние тұрғанша тұр, ауылым!

Темірбек ЕСЖАНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<