Ұсыныстар ұдайы назарда болады

594

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі депутат әйелдер қауымымен кездесті. Кездесуге әртүрлі салада жемісті еңбек еткен, әр жылдары басшы қызметте, облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары болған ардагерлер мен іскер әйелдер қатысты.

Облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жүргізген жиында әйелдердің қоғамдағы орны және түрлі салаларда қызмет ететін әйелдердің еңбегін мемлекет тарапынан бағалау, аймақты дамыту бағытындағы келелі ұсыныстар айтылды.

Басқосу барысында өңір басшысы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық белесінде халықпен етене жақын араласатын әртүрлі саладағы нәзікжандылардың табанды еңбегін жоғары бағалап, өңірді өркендету бағытындағы алға қойған мақсат-міндеттерді бірге орындауға шақырды.

– Биыл – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі кезеңі. Осы жылдар ішіндегі еліміздің толағай табыстары мен Сыр өлкесінің қол жеткен жетістіктерінің барлығында әйелдер қауымының қолтаңбасы бар. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне әйелдердің қосқан үлесі шексіз» деп ерекше атап көрсетуі де сондықтан. Бүгінде әйелдер қауымы отбасының ұйытқысы болып ғана қоймай, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени салада табысты еңбек етіп келеді. Мәселен, медицина қызметкерлерінің 87 проценті, педагогтардың 73 проценті, жалпы бюджеттік сала қызметкерлерінің 60, мемлекеттік қызметшілердің 37 проценті – нәзікжандылар.

Әйелдерді экономикаға тарту процесінің кешенді мәселелері менің тұрақты бақылауымда. Осы мақсатта аудандарды аралау барысында да, жеке қабылдаулар аясында да олармен кездесулерді тұрақты түрде өткіземін. Бір жылдан астам уақыт ішінде 92 ауылдық округке бардым. Кәсіпкер әйелдермен жеке кездесіп, олардың жұмыстарымен таныстым. Әрбір ұтымды ұсыныс қараусыз қалмайды, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Кездесуде сала ардагерлері, облыс және аудандық мәслихат депутаттары өздерінің ұсыныстарын жеткізіп, түрлі тақырыпта пікір алмасты. Қызылорда облысының құрметті азаматы, облыстық мәслихаттың ІІ, ІІІ, ІV шақырылымының депутаты Алмагүл Божанова іскер әйелдердің белсенділігін арттыру, оларды қоғамдық істерге ұдайы тарту қажеттігін айтып, ортақ мәселе көтеруде бірлескен шешімдер қабылдауға шақырды. Сондай-ақ, әлеуметтік мәселелерді көтеруде депутаттық корпустағы әйелдер ұсыныстарының маңызды екенін алға тартты.

Кездесуде Арал өңіріндегі су тапшылығы, қуаңшылық, «Көкарал» су қоймасын жаңғырту, әйелдердің әлеуметтік жобалармен айналысуы сынды өзекті мәселелер қозғалды. Сондай-ақ, Арал аудандық мәслихатының депутаты, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ақыл Сәдуақасова, Шиелі аудандық мәслихатының VІ, VІІ шақырылым депутаты Нәйла Палымбет өз кәсібін бастаған нәзікжандылардың бизнесін қолдау және оның аясын кеңейту мәселелерін көтерді. Облыстық мәслихат депутаты Сәрсенкүл Биқожа мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамдық ортаға бейімдеу және қимыл-қозғалысын реттеу, әлеуметтік қолдау мәселелерін назарға ұсынды. Ал, облыстық мәслихат депутаты, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Аида Әбибуллаева өңірде отбасы мәселелерін қарайтын арнайы басқарма құру керектігін жеткізді.  Облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова әйелдердің кадрлық резервін даярлау және көшбасшы әйелдер клубын құру идеясын ортаға салды. Мұнан бөлек, кәсіпкер қыз-келіншектердің өндірген тауарлары мен бұйымдарына арнайы көрме  өткізуді ұсынды.

Кездесуде әрбір ұсыныс-пікірді тыңдаған облыс әкімі басқосуда көтерілген мәселелерге нақты жауап берді.

– Бүгінгі еркін кездесу алдағы міндеттерді тағы бір саралауға жол ашты деп есептеймін. Әрине, ұсыныстардың әрбірі өзекті. Оның ішінде су тапшылығы проблемасы Үкімет деңгейінде қаралып, уақытылы шешім қабылдануда. Мәселен, «Көкарал» су қоймасы бойынша биыл жоба-сметалық құжаттар толық аяқталды. Сараптамадан өткізу үшін мемлекет тарапынан қаржы да бөлінетін болды. Нәтижесінде келер жылы «Көкаралға» реконструкция жасау жұмыстары басталады деген сенімдеміз. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыстар менің тікелей бақылауымда болады. Қуаңшылық жағдайында Арал өңірінде төтенше жағдай режимін уақытылы жариялап, қажетті қадамдарды іске асырдық. Көрші облыстардың көмегі де мәселені реттеуді жеделдетті. Үкімет деңгейіндегі қолдау шараларының нәтижесі шаруалардың жағдайына оң әсер етті дей аламыз.

Ал, отбасы басқармасы жөніндегі идеяны елордада Ұлттық комиссия ісін жүзеге асырып жүргенде пилоттық жоба ретінде Шымкент қаласына енгізген едік. Бұл ретте басқа өңірлердің тәжірибесін қарау керек. Қолдауға болатын ұсыныс. Сондай-ақ, әйелдер кадрлық резервін құру туралы идея бұрыннан ойымда жүрген еді. Оны өткен аптада өткен халықаралық әйелдер энергетикалық клубының V форумында ұсыныс ретінде жолдадым. Сондықтан айтылғандарды ескеріп, саралайтын боламыз, – деді облыс әкімі.

Жиын соңында Гүлшара Әбдіқалықова өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан сала ардагерлері мен депутаттарды Алғыс хатпен марапаттап, ілтипат көрсетті.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<