Ынтымақты елде ырыс тұрақты

441

0

Бейсенбі және жұма күндері облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарына барып, ондағы бірқатар нысандарды аралады. Аталған өңірлердегі қазіргі ахуалға байланысты жағдайды сараптап, Covid-19 індетімен күресудегі жұмыс барысымен де танысты.

Аймақ басшысы алдымен Арал ауданында болды. Аудан орталығы – Арал қаласына аялдап, осындағы теміржол үстінен салынатын аспалы көпір орнына барды.

Аралдықтарды толғандырып жүрген ең өзекті мәселелердің бірі осы. Себебі пойыз өткенде екі жақ беттегі тұрғындар үшін ұзын­сонар кептеліс пайда болатын. Көлік қозғалысына қиындық тудырғанымен қоймай, кезек күттірмейтін жедел жәрдем мен өрт сөндіруші қызметінің де қатынасына оңай соқпай тұр. Пойыз жүрген уақытта өткел жабылып, 2-2,5 шақырымға дейін кептеліс түзіледі. Өткел құрылысы салынған жағдайда аталған мәселе шешілері анық. Сондықтан теміржол үстінен көпір салу аудан халқы үшін өте маңызды.

– Мұндай мәселе бізде екі ау­данда болды. Бірі – Шиелі болса, екін­шісі осы – Арал. Шиелідегі көпір мәселесі былтыр шешілді. Қазір Арал қаласының өзінде қырық мың халық бар. Теміржолдың екі жағында орналасқан тұрғындар үшін бұл қиындық туғызып тұр. Өйткені, қаладағы көлік қатынасы бір ғана теміржол өткелі арқылы жүргізілуде. Жоба-сметалық құ­жат­­­та­масын дайын­дауға қаржы бө­лінді. Көпір құры­лысына бюд­жет­тен ақша бөлінсе, бұл мәселе түбегейлі шешіледі, – дейді облыс­­­тық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қар­­масы­ның басшысы Мұрат Тілеуім­бетов.

Бүгінде аудан бюджетінен бөлінген 9,8 млн теңгеге көпірдің тех­никалық-экономикалық негіз­демесі әзірленіп, мемлекеттік са­рап­­тамадан өткізілген. Ұзын­дығы 83 метр болатын аспалы көпірдің жоба-сметалық құжат­та­масын да­йын­дауға 33 млн теңге қаржы қажет.

Облыс әкімінің Арал ауда­нындағы сапары «Бар­сакелмес» мемлекеттік табиғи қорығында жалғасты. Қорық Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесінің шешімі бойынша 1939 жылы құрылған. Өткен жылдың тамыз айында Үкімет қаулысымен Сырдария өзенінің Арал теңізіне құяр сағасынан 2300 гектар жер қорық меншігіне беріліп, бүгінде жалпы аумағы 163 126 гектарды құрайды. Мұнда қазір 57 адам қызмет атқарады.

– Дәл бүгінде осы жердің бас­ты байлығы – 630 бас құлан қо­рық шекарасын мекендейді. Не­­гізін­де үш бөлікке бөлінген. Сек­сеуіл орманы жеткілікті. Жа­нуар­­лар көбіне Қасқақұлан айма­­ғында жүреді. Мұнда үш су сква­­жи­насы орналасқан. Құлан, сирек кездесетін ақбөкен, қара­құйрық осындағы суаттан су ішіп, үнемі қадағаланып тұрады, – дей­ді қорық директоры Зәуреш Әлімбетова.

«Барсакелместе» өзекті өсімдік­тер флорасына жататын шөптің 325 түрі бар. Жылдың әр мезгілінде 250 түрлі құстар кездеседі, оның ішінде 33 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген.

Мұнан соң аймақ басшысы А.Байтұрсынов ауылдық емха­насының жұмысымен танысты. Ал­ғашқы медициналық-санитар­лық көмек көрсететін емдеу меке­месінің 140 маманы 15 мыңнан аса тұрғынға қызмет етеді. Айта кету керек, мұнда COVID көрсеткіші күрт көбейген жағдайда қосымша жабдықталған 100 төсек-орын дайындалған. Емхананың үшінші қабатында 2 егу бөлмесі, егуге дейінгі және егуден кейінгі зал және 2 дәрігер бөлмесі ор­на­ласқан. Облыс әкімі емхана дәрі­­герлеріне індетпен күресті ба­рын­ша белсенді жүргізуді және тұр­ғындар арасында екпе жа­йындағы түсіндірме жұмыс­тарын жандандыруды нықтап тапсырды.

Өңір басшысы Арал ауданындағы индустриялық аймақты да аралады. Ондағы «QAZAQ CAMEL» ЖШС-ның «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау» зауытының құрылысымен танысты. Атал­ған нысан – түйе сүтін өңдейтін облыстағы алғашқы зауыт. Жобаның құны – 1,5 млрд теңге. Қазір цех құрылысы толық аяқталған. Енді құрылғыларды орнату жұмыстарын жүргізетін ма­мандарды күтіп отыр. Биыл қыркүйек айында толық іске қосылатын зауытта 23 адам жұмыспен қамтылады деген жоспар да бар.

Сапар аудан орталығында салынып жатқан №71 мектеп-интернатының құрылыс ор­нында жалғасты. Бас мердігер «SCS Инжиниринг» ЖШС құрылысты осы сәуір айынан бастаған. Мектеп-интернат жыл аяғына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Аймақ басшысы мердігер мекемеге құрылысты уақы­тында әрі сапалы аяқтауды жүктеді.

Былтыр Арал қаласында салынған 4 пәтерден тұратын 1 қабатты 10 тұрғын үй де назардан тыс қалған жоқ. Мердігер мекемелер «Арал-су-құрылысы» мен «Наурыз құрылыс» ЖШС үйлердің құрылысын былтыр уақытында бастап, толық аяқтаған.

Облыс әкімі «Қазақстан Аква­культура ЛТД» ЖШС-ның «Балықты тереңнен өңдеу және пластик қайық дайындау» цехының жұмысымен де танысты. Бұл өндіріс орны іске қосылса, жылына 4 мың тонна балық өнімдерін дайындай алады. Ал өнім ішкі нарық пен ТМД елдерінен келетін сұранысқа сай жөнелтіп отырады. Жергілікті жерден 50 адамды тұрақты жұмысқа тұрғызу көзделген.

Осы сапарында облыс бас­шысы Сексеуіл кентіне бар­ды. 13 мың халқы бар кентте бала санының өсімі бай­қалады. Оған дәлел – биыл ақпан айында құрылысы аяқ­тал­ған 300 орындық мек­теп. Темір жолдың бергі бе­тін­де орналасқан тұрғындар ұсы­нысы әу баста ескеріліп, жаңа №283 орта мектеп құ­рылысы дер уақытында аяқ­тал­ды. Алдағы оқу жы­лын­­да балалар жаңа білім шаңы­­­рағының табалдырығын аттайды.

Одан әрі Гүлшара Әбдіқалықова «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ-ның темір­жол­шыларға арнап салып жатқан 38 екі пәтерлі тұрғын үйге барды. Бас мердігер «Базис СК» ЖШС тұрғын үйлердің құрылысын 2014 жылы бастаған. Қазіргі уақытта 8 үй пайдалануға берілсе, қал­ған 30 үйдің құрылысы аяқсыз қалған. Өңір басшысы аталған мәселенің шешу жолдарын талқылады.

Облыс әкімі бастаған делегация Жақсықылыш кен­­­тіндегі «АралТұз» АҚ-да болды. Ас тұзы және техни­калық тұз өндірумен айна­лысатын кәсіпорын осыған дейін екі испан цехын іске қосқан еді. Бұл зауыттағы еңбек өнімділігін екі есе арттыруға, 1200-ден астам адамды жұмыспен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Өндіру және өткізу көлемі үш еседен асты, экспорттық өнімнің үлесі 75%-ке жетті. Былтыр құны 8,8 млрд теңгені құрайтын 480,2 мың тоннаның өнімі өндірілсе, 6,7 млрд теңгенің 317 мың тоннадан аса өнімі экспортталған. Бүгінде үшінші испан цехы­ның құрылысын жүргізіп жат­қан өндіріс бас­шылығы бұл цехтың жы­лына 120 мың тонна тұз өн­діруге қабілетті екенін айтып отыр.

– Үшінші цехтың құрылысы бітуге таяу, алдағы айларда іске қосылады. Қазіргі кезде тұтынушылардың өнімге қояр талабы зор екенін байқап, сапасына баса мән беріп келеміз. Испан технологиясын пайда­ланып, осы цехты іске қоссақ тағы да 200 адам жұ­мысқа алынады. Ал бұдан шыққан өнімнің 20 проценті ішкі нарыққа бағытталса, қалған 80 проценті шетелге экспортталады, – деді кәсіп­орынның әлеуметтік мәсе­лелер жөніндегі директоры Нағашыбай Әуесханов.

Жақсықылыштағы сапар бары­сында зауыт­тың перс­пективалық жос­пар­лары­мен танысқан аймақ басшысы облыс­тық ин­дустриалдық-ин­но­­вациялық даму бас­қар­масы­ның басшысына жобаның іске асырылуына барынша қол­­дау көрсетуді тапсырды. Ин­весторға қолайлы жағдай жа­сап, зауыттың дер кезінде іске қосылуына атсалысу қажет.

Гүлшара Әбдіқалықованың Арал ауданындағы жұмыс сапары Сапақ елді мекені мен Аралқұм ауылдық округінде қорытындыланды. Облыс әкімі бұл ауылдарда ардагерлермен және тұрғындармен кездесіп, ауыл­дық округтердің әлеу­меттік-эко­номикалық көр­сет­­кіштерімен танысты. Сон­дай-ақ тұрғындарға пан­демия жағдайында сақтану шара­лары туралы айтып, екпе індетті жеңудегі жалғыз жол екенін сөз етті.

Арал сапарын қорытын­ды­лаған облыс әкімі тілшілерге сұхбат берді.  Атқарылып жатқан жұмыстарды саралай келе, аудандағы өндіріс пен құрылыс саласындағы шешілуі тиіс мәселерді  де қозғап өтті.

– Жұмыс сапарымның бас­ты мақсаты COVID-19 інде­тіне қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстарды өз көзіммен көру еді. Қазір Арал ауданына мыңға жуық вакцина келіп, халық арасында түсіндірме жүргізілуінің арқасында екпе егу басталып кетті. Со­нымен қатар, аудан бойын­ша 200 төсек-орын дайын­далған. Дәрі мен керекті медициналық заттар жет­кілік­ті. Ал мектептердегі ахуал бірқалыпты. Бастысы – халық пен балаларымыздың ден­саулығын ұдайы назарда ұстау, – дейді облыс әкімі.

***

Қазалы ауданында облыс әкімі алдымен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің «Қашқансу» учаскесіндегі көпсалалы қызмет көрсету кешенінің құрылыс жұмысымен танысты. Қазір нысан құрылысының 90 проценті біткен. Құны 377 млн теңгені құрайтын демалыс кешені аяқталса, 30 адам жұмыспен қамтылады.

Аймақ басшысы Басықара ауы­лында орналасқан Ә.Ты­ныбаев атындағы су тора­бының жұмысын көрді. Сон­дай-ақ, ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұ­мыстармен танысып, сол жерде шаруа­шылық басшы­ларымен де кездесті.

– Қазір жоғарыдан осы су тоспасына секундына 187 текше метр су түсуде. Оның 80 текше метрі төменгі ағысқа, оң және сол жағаға 20 текше метр бөлініп ағуда.  Тоспаның жағдайы жақсы, жыл сайын жөндеуден өтіп тұр. Мұнда 22 адам жұмыс істейді. Су тапшылығына қатысты біз ақпарат беріп отырамыз, жергілікті билік егін егудің үлесін соған сай ыңғайластырып жатыр, – дейді «Қазалы су торабы» өндірістік учаскесінің басшысы Болатбек Асербаев.

Мұнан соң өңір басшысы «РЗА» АҚ-ның егіс алқабына барып, себелеп суғару тәсі­лімен егіліп жатқан жүгері алқабын көрді. Қазір егіндікте Германиядан алынған құны 41,3 млн теңге тұратын дре­наж­ды құбырлар мен 25,7 млн теңгеге арнайы со­қа және испандық «RAESA» ком­паниясының құны 206,3 млн теңгені құрайтын суару қондырғысы бар. Жаңа тех­нология мамыр айында толық іске қосылып, дайын жерге малазықтық жүгері дақылы өсірілмек.

– Бұл – аймақта ең алғаш басталып отырған жоба. 87 гектар жерге шетелдік технология арқылы мал азығын өсіріп, оның құнарын бұрынғыдан да арттыру басты мақсатымыз болып отыр. Сол арқылы нарыққа сай, сапаға жауап беретіндей өнім жасау. Екіншіден, айналымнан шығып қалған жерлерді қайта қалпына келтіріп, соны суармалы жерге айналдыру. Үшіншіден су тапшылығына бейімделу, мысалы біз ек­келі отырған дақылға суды бес есеге дейін үнемдей аламыз, – дейді «РЗА» АҚ-ның президенті Самұрат Имандосов.

Облыс әкімі жаңа жобаның маңызы зор екенін, өзге шаруа­шылықтар да қолға алу керегін айтты.

– Қазір, өздеріңіз біле­сіз­дер, Сырдария өзенінде су азайып кетті. Осыған орай біз ауылшаруашылық сала­сын әртараптандыруды қол­ға алдық. Суды көп қажет ететін күріш егісін азайттық. Сондықтан «РЗА» АҚ-ның бүгінгі қолға алған жобасы өте тиімді іс деп білемін. Өзге шаруашылықтар да осы жобаны қолға алса, ауыл шаруашылығында ілгері­леу­шілік болары сөзсіз, – деді аймақ басшысы.

Қазалыға сапар барысында облыс әкімі аудандық ауру­ханаға барып, COVID-19 инфек­циясына қарсы шара­ларды көрді. Аурухана дәрігерлеріне індетпен күрес жұмыстарын  ұдайы назарда ұстау қажеттігін баса айтты. Вакцинациялау жұмыстарын да дер кезінде атқарып,  халыққа түсіндіру  шараларын кеңінен жүргізуді тапсырды.

– Қазір еліміз бойынша корона­вирус инфекциясының таралуы қайтадан кең етек алды. Кейінгі мәліметтер бо­­йынша аймақта ең көп індет Қазалы ауданында тір­келді. Сондықтан COVID-19 вирусына қарсы күрес шара­ларын күшейтуді қатаң тап­сырамын. Тұрғындарға вак­ци­нацияның тиімділігін жан-жақты түсіндіріңіздер. Ін­детті тоқтатудың барлық шараларын қарастырыңыздар, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Ауданда сол жаға ма­гистралды каналы жанында «Әйтеке би-Қазалы» аралы­ғындағы аудандық маңыздағы автомобиль жолын қайта жаңғырту жобасы облыс бас­шысының назарына ұсы­нылды. Жоба аясында автомобиль жолын 4 жолаққа дейін кеңейту, 2 темір-бетон көпірін, 2 су өткізгіш құбырын қайта жаңарту, жарықшамдар мен аялдамалар орнату жұ­мыстары жүргізіледі. Құры­лыс биыл аяқталады деп күтілуде.

Облыс әкімі мұнан соң «Шағала» балаларды сауық­тыру-демалыс орта­лы­ғына барып, «Жол картасы» бағ­дарламасы аясын­да жасал­ған жөндеу жұмыс­тарымен танысты.  

Мұнан соң Сырдария өзені арқылы өтетін «Қарлан» учас­кесіндегі қалқымалы кө­пірді көрді. Аудандық маңыз­дағы және елді мекенішілік жол­дардың жағдайына стенд арқылы қанықты. Қазіргі таңда бұл аумаққа темірбетон көпір салу жобасы мемлекеттік са­раптамадан өткізілуде. Жоба­ның құны – 4 536,5 млн теңге.

Өңір басшысы осы са­парында Өркендеу ауылдық округіндегі Көне Жанкент қала­шығын да назардан тыс қалдырмады. Жанкент қала­шығы – Қазалы ауда­нын­дағы республикалық са­нат­тағы археологиялық ескерт­кiштердiң бiрi. 2018 жылы жалпыхалықтық маңызы бар киелі орын санатына енгізілді.  Жалпы аумағы 45 гектар жерді қамтиды. Қалашыққа 2005 жылдан зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. 2014 жыл­дан бүгінгі күнге дейін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситеті арасындағы келісім-шарт негізінде архео­логиялық қазба жұмыстары жалғасуда. 2019 жылы рес­пуб­ликалық бюджет есе­бінен қорғанның оңтүстік-шығыс қабырғалары қайта жаңғыртылды.

Аймақ басшысы Әйтеке би кентіндегі жылыжай жұ­мы­сымен де танысты. Жылыжай өткен жылы іске қосылған. Кешен негізі 6  секцияға бөлінеді. Қазіргі таңда 4 секциясында, қияр, қызанақ өсірілуде. Алдағы уақытта 2 секцияны салу көзделуде. Жобаның жалпы құны 40 млн теңгені құрайды.

***

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қармақшыға сапарында Жосалы кентіне аялдап, ауданның коронавирус инфекциясына қарсы күрес шараларымен танысты. Медицина қызметкерлерімен кездесуде қазіргі жағдайда босаңсуға болмайтынын айтып, індетті ауыздықтауға бағытталған шараларды күшейтуді тағы бір шегелей түсті.

– Соңғы уақытта COVID-19 вирусы бүкіл әлемде қайта өршіп, адам өміріне үлкен қауіп төндіруде. Біздің облыс жақында «cары аймаққа» енді. Сондықтан індетке қарсы жұмыстарды күшейтуді талап етуде. Тұрғындарға сақтық шаралары мен вакциналау туралы ақпараттарды кеңі­нен таратып, оларға вирус­тың қауіпті екенін әлі де түсіндіруіміз керек. Әлем ғалымдары коронавирусты жеңудің жалғыз жолы екпе  екенін мойындап отыр. Сол себепті, халықтың вакцинаға деген оң көзқарасын тез арада қалыптастыру міндеті тұр, – деді облыс әкімі.

Ауданға сапар барысында өңір басшысы Жосалы кен­тіндегі Абай көшесі мен орталық алаңдағы абат­тандыру жұмыстарын көрді. Жалпы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдар­ламасы аясында ауданда 3 млрд теңге қаржыға 40 жоба іске асқан болатын.

Сондай-ақ аймақ бас­шысының назарынан кәсіп­керлік нысандары да тыс қал­мады. Кенттегі сауда үйі­нің жұмысын көріп, кә­сіп­кердің пандемия уа­қы­тындағы жұмысымен та­нысты. Айта кету керек, өткен жылдың басында бас­­тал­ған әлемдік індет көпте­ген кәсіпкерге қиындық келтірді. Әсіресе, тойханалар жұмысын тоқтатып, кейбір кәсіптік нысандар бағытын өзге салаға бұрды. Мысалы, Жосалыдағы жеке кәсіпкер Ж.Бұқпанованың 300 орын­дық мейрамханасы бүгінде бала­лар ойын-сауық кешеніне айналыпты. Мұны көрген соң кәсіпкердің жұмысына оң бағасын беріп, мемлекет тара­пынан кәсіпкерлерге қолдау болып жатқанын жеткізді.

– Пандемияның бар­лық салаға кері әсерін тигі­зіп отырғаны жасырын емес. Қыз­мет көрсету орта­лық­та­рының көбі жұмысын тоқтатты. Біз осы саладағы кәсіпкерлерге кәсібін өзге бағытқа ауыстыру жөнінде ұсыныс жасадық. Бүгінде кәсіп иелері кафе мен тойханаларды өндірістік орын­дарға ауыстыруда. Мем­лекет тарапынан да оларға қолайлы жағдайлар жасалды. Сондықтан, бұл шараларды өзге де кәсіпкелер түсінуі тиіс, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы Қармақшы ауылына да барды. Ондағы «Жұмыспен қамту жол кар­тасы» бағдарламасы ая­сында ағымдағы жөндеуден өткен №13 «Балбөбек» бө­бек­­­жайының жұмысын көр­ді. Одан соң ауылдық округ­­тегі №113 мектепте ауыл тұрғындары және бел­­­­сен­ді жастармен кез­де­­сіп, елді мекеннің әлеу­мет­­­тік-экономикалық көр­сет­­кіштерімен танысты. Тұр­­­­­­ғын­­­дармен коронавирус ин­­­фек­­­­­­ция­сынан сақтану, екпе сал­­­дыру мәселелерін  де тал­қылады.

Облыс әкімі аудандағы балалар демалысына арналған лагерь құрылысын да назарға алды. Мердігер мекеме мен салалық басқарма басшысы атқарылған жұмыстар жайлы баяндады.

– 120 балаға арналған лагерь жыл он екі ай қызмет етеді. 2017 жылы басталған құрылыстың осы кезге дейін бөлінген 430 млн теңгеден астам қаржысын игеріп болдық. Инженерлік желілер де тартылып бітті. Қазір қалған қаржысы бөлініп тұр, құрылыс қыркүйек айын­да тапсырылатын бола­ды, – дейді мердігер ме­кеме басшысы Манарбек Еспен­бетов.

Айта кетсек, балалар күткен лагерь құрылысын аяқтау үшін биыл облыстық бюджеттен 783,3 млн теңге қаржы бөлінген. Аймақ басшысы мердігер мекемеге құрылысты уақытында әрі сапалы жүргізуді нықтап тап­сырды.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<