Жол апатын қайтсек азайтамыз?

462

0

Жыл сайын көлік апатының, одан құрбан болғандар санының ұлғаюы автокөліктің көбеюімен де байланысты. Статистика өңірде де оқыс оқиғалардың азаймағанын көрсетіп отыр. Маңызды мәселе облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалымен өткен алқа отырысында күн тәртібіне шықты.

Жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеуімбетов пен облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Әмитов түйткілді тарқатты. Нақты дерек пен себеп-салдарды ашып айтты. Облыстық полиция департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, өңірде жыл басынан бері 248 көлік апатынан 56 азамат қайтыс болған. Ал, 313 жолаушының жарақат алғаны белгілі болды. Талдау көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі қарсы бағытқа шығу, маневр ережесін бұзу, жылдамдықты асыру, арнайы белгіленген жаяу жүргіншілер жолынан өту ережесін бұзу және арақашықтықты сақтамау салдарынан орын алған. Проблеманың алдын алу назарда.

Өткен жылы қала орталығында 13 «Арқан» автоматтандырылған стационарлы жылдамдық өлшегіш құралы іске қосылған. Құрылғы орнатылған аумақта адам өлімі немесе дене жарақатына байланысты жол-көлік оқиғалары тіркелмеген. Биыл да жергілікті бюджет есебінен 7 стационарлы құралды орнату жалғасуда. Оған 260 млн теңгеге жуық қаржы қаралған және құрылғылар әл Фараби, Марал ишан, Т.Рысқұлов көшелерінің тұсына, «Мерей» шағын ауданы, Жаппасбай батыр көшесіндегі күріш зауытының, Назарбаев даңғылындағы облыстық кірістер департаментінің жанына қойылады.

– Осыдан 2 жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласында 3900 камерасы бар 400 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені іске қосылып, нәтижесінде былтыр жол-көлік оқиғалары 40 процентке, жарақат алғандар мен қайтыс болғандар саны 2 есеге, қоғамдық орындағы қылмыс 44 процентке төмендеген. Бұл орайда біздің өңірді де 200 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенімен кезең-кезең бойынша қамту ұсынылады. оған 2022 жылы Қызылорда қаласында орнату жоспарланған 1000 бақылау камерасын біріктіру мүмкіндігі бар. Елді мекендер тұсында үй жануарларының жолға шығуына тосқауыл болатын қоршаулар, макеттер орнату мен жарықтандыру мәселесін толыққанды шешу кезек күттірмейді, – деді Ш.Әмитов.

Оқыс оқиғаның алдын алуда жол сапасының рөлі зор. Бұл ретте М.Тілеуімбетов қазір жол-көлік оқиғасы жиі орын алатын, ұзындығы 91 шақырымды құрайтын «Қызылорда-Жалағаш» жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бұған қоса, биыл 35 шақырым жол бөлігі жөндеуден өткізіледі деген жоспар бар. Жол жүрісін реттейтін техникалық құрылғылар 947 рет тексеруден өткізіліп, анықталған кемшілік бойынша жауапты мекемелерге 1152 нұсқама берілген. Нәтижесінде олқылыққа жол берген 158 лауазым иесіне 4 млн 608 мың теңге айыппұл салынды. Аймақ басшысы өз кезегінде профилактикалық шараларды жалғастыру қажет екенін алға тартты.

– Аудандарға іс сапармен барған уақытта қараусыз қалған үй жануарларының жолға шығу жағдайын жиі байқаймын. Мұндай келеңсіздік орын алмас үшін жауапты басшылар жұмыстың жүйелі жүруіне күш салу керек. Сондай-ақ, халықты заңсыз тасымалдап, салық төлеуден жалтарып жүрген көлік иелеріне де шара қолдану назардан түспеуі тиіс, – деді Гүлшара Наушақызы.

Өңір басшысы облыс орталығындағы автобус аялдамаларында жол блокираторларын орнату мәселесін де көтерді. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы басшысына республикалық маңызы бар жолдардағы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бағытында тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Ал, тұтынушылардың құқығын қорғау – күн тәртібіндегі екінші мәселе. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов жыл басынан бері департаментке 200-ге жуық өтініш түскенін баяндады. Нәтижесінде 2,1 млн теңге қаржы тұтынушыларға қайтарылған. Аймақ басшысы тұтынушылардың құқықтарын ескеруде нақты мәселелерге мән беріп, сын-ескертпелерді ескеру қажеттігін атап өтті, жауапты сала басшысына бірқатар тапсырма берді.

– Тұтынушылар мәселесінің заң шеңберінде шешілуіне көмек көрсетіп, түсіндірме жұмыстарын одан әрі ширату қажет. Сондай-ақ, тұрғын үйлерде орналасқан газ есептегіш құралын уақытылы жаңартып отыру жөніндегі хабарламалар жауапты мекеменің әлеуметтік желілерінде, БАҚ-та тұрақты түрде жариялануын назарға алу маңызды, – деп қорытындылады жиынды облыс әкімі.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<