Қуаңшылықта туған құлыншақ

1472

0

Таңертең Аралдан шыққалы ақ «Нива» бір тынбады. Өзі де сәлден соң ұзақ жолды ауырсынғандай жүйкеге тиер сырыл қосты. Жолсерік жігіт газды ышқынта басса да, «бар қауқарым осы» дегендей жүрісін өндітпеді. Ал мендегі асығыс – кешке дейін Сырдағы қуаңшылық қысқан ауылдарды аралап үлгерем бе деген ой.

Тағы да тілшілік тіршілік. Тағы да сусыз көл мен отсыз жердің жайы. Ал осы екеуі қосылғанда мал бабы жайлы жайбарақат айту тым қиын-ау. Иә, сапар көңілсіздеу бас­талған еді.

Азанмен Сапақ, Аралқұм, Қамыстыбас ауылының үс­тімен өткенбіз. Ұлы жолдың екі жағы көк атаулыдан биыл жұрдай. «Бұл байғұстар не тауып жүр екен» деп кездескен төрт түліктің бәріне жабырқай қарайсың. Әсіресе, түйе көп мұнда. Жерден бірдеңе шалып жеген болады. Былтыр ғана бес жасар баладай көрінген бұлардың қос өркеші қазір тым салбыраңқы. Ал өлі жүні биыл түспейтін секілді…

Қамыстыбастағы темір жол өткелінен өткенде бір үйір жылқы жол жиегінде тұр. Саяқ жүрген деуге де келмейді. Мен де үйір деп жұмсарта салдым-ау, әйтпесе, мұндағы Қамбар ата тұқымының қатары селдір.

Апырмай, үйірге ерген құлын аз екен-ау. Үш-ақ төл. Тірсегі майыса қалтырайды. Қалтырамай қайтсін, биеде сүт жоқ. Әлсін-әлсін енесінің бауырын түрткенмен, езуі көбіктенбейтінін құлыншақ қайдан білер?! Әсіресе, шеткері тұрған қасқа құлынның қимылы әлсіз. Көкке тойып, ойнақ салар оның «балалығы» жұтаңдық арасында жүр.

Рас, көргеніміз қоңды емес. Құйрық-жалы сұйылған. Бір сөзбен айтқанда, жүдеу малдың сиқынан менің денем тоңазиды. Тіпті, күн шақырайып тұрса да. Құм суыра беретін мұндағы ыстық жел аузы-мұрнымды әлдеқашан бітеп еді. Қышырлата тісте­несің. Оның да кімге екені белгісіз…

481 бас мал өлген, бірақ…

Қуаңшылық кесірінен қы­рылған малдың дерегін көр­сетер цифрға әлсін-әлсін қа­раймыз. Қорек іздеп, тартылған көл мен дария жиегіндегі қалың батпаққа батқан біздегі шығын дәл осындай ма?! Тоқтай тұрыңыз, елді мекендерді аралауда бұдан көп шығын барын жергілікті тұрғындардың өзі-ақ айтып берер еді.

Бірақ, жоғарыдағы есепті түгендеп алсақ қайтеді?! Жақында ғана Аралға қарасты кент және ауылдық округ әкімдерінің мәліметімен өлген малдың есебі шығарылған. 321 бас жылқы, 159 мүйізді ірі қара, бір түйе. Осыларды қоссаңыз, тақырыптағы цифр шыға қояды. Ойдан алмағанымызға осы дәлел.

Ал, мал өлімінің бұдан да көп болуы мүмкін деген күдігімізді ауылдағы ағайынның өзі де растап берді.

«Білмейміз, қалай боларын ауа дұрыс емес пе, әлде басқалай себебі бар ма?! Әйтеуір, шаңды дауыл, суырған құмнан көз ашпаймыз. Табиғаттың тосын мінезіне төзіп-ақ келеміз. Биыл қар да болмады, жаңбыр да жаумады. Қара бұлт үйіріліп келіп, булыққан күйі жөңкіле басқа жаққа көшеді. «Жауса ғой» дейтін жұрттың тілегі бос қалып жатыр. Бұрынғы ата-баба дәстүрімен тасаттық та берілді. Халық судан, мал оттан тарықса, алдағы он жылда мұнда ел қалмауы да мүмкін. Үдере көшіп, қолдағы барын аз пұлға сатады. Сата алса жақсы ғой. Қазір ауылда қозылы қой не бұзаулы сиырын өткізе алмай жүрген адам көп. Құр өлтіріп алғаннан, аз болса да ақшаға айналдырам деген ой ғой. Басқа амал не?!»  дейді Жаңақұрылыс ауылының тұрғындары.

Рас, қырдағы көп ауыл қолдағы малына жем-шөп таппай қиналуда. Мысалы, Құланды, Беларан, Мергенсай ауылдық округтерінде жылқы, сиыр және қойды нарықтағыдан төмен бағада сатып жатқанын да есіттік. Онда да алушы адам аз. Ал жұтаған малдың өлімі де, өлексесі ен далада көп болып тұр.

– Өзімнің шаруашылықтағы малдың өлімі жетерлік. 150 бастан астам жылқы шығыны бар. Қыста қар жоқ, сәл жауған қарды қарлаймын деп, ішіне топырақ кеткен жылқы көп. Одан қалды, бізде қара суық бар. Жүдеу малдың өкпесі зақымданса, белгілі ғой. Өкпесіне су толған жылқы кешегі ыстықта өз-өзінен құлайды емес пе? Соңғы күні өлген бес-алты байталдың жағдайы дәл осындай. Өкпесі суға толы. Ал 50-60 бас сиыр, 40 шақты бұзаудың өлімі жұрттағыдай. Жүдеу мал өзінің тамағын таппай жүргенде, төлін қайдан жарылқайды?! Балшыққа батып, қоңын жимай кеткен мал бұл ауылда жетерлік, – дейді Жаңақұрылыс ауылындағы «Қожағұл ата» шаруа қожа­лығының төрағасы Елнұр Елшекенов.

Әр ауылдағы жауаптылар әлі де өлген малдың санын дұрыс жүргізбейтіндей көрінеді бізге. Өйткені, елді мекендерден сұрас­тыр­ға­ны­мыздай, төрт түліктің шығы­нын есепте­генімізде олар көрсеткен жоғарыдағы цифрдан асып кетері анық. Екінші жағынан, көбісі қорасындағы малын есепке қоймайды немесе тіркеуден шығармайды. Шығынның нақты санын дүдәмәл күйге түсіретіні де осыдан.

– Бір ғана Бекбауыл ауыл­дық округіне Құмбазар, Үкілісай сияқты елді мекендер кіреді. 10 мыңдай төрт түлік бар мұнда. Ауданда мал шығыны бойынша біздің округ алда тұр. 64 сиыр, 47 жылқы өлімін тіркедік. Бұның ішінде шаруа қожалығының да, жеке адамның да малы бар. Барлығын актілеп, есебін бердік. Малдың өлімінің бір ғана себебі – көтерем болуы. Ақпан айында қай-қайсысында да тым қатты жүдеуі басталды. Соңы осындай жағдайға тірелгенін бәріңіз де білесіздер, – дейді ауылдағы ветеринарлық пункт меңгерушісі Солдатбай Түрікпенов.

Ветеринар маманның ай­т­­уынша, өлген малда ешқандай жұқпалы ауру бел­гілері болмаған. Сонда да барлығы талапқа сай мал қоры­мында өртеліп, көмілген. Әзірше ендігі амал – қалған малдың амандығын сақтау үшін жақсы жайылым ауыс­тыру және жем-шөп қорын көбейту.

Көтерем көп, көкке ілінбеген…

Қазір Аралдағы ауыл әкімдері шөпке тапсырыс беру жұмысымен шапқылап жүр. Жақында ғана Қамбаш пен Аманөткел ауылында шөп сату жәрмеңкесі өткені белгілі. Жоңышқаның бумасы 1000 теңгеден сатылды. Қымбат болса да, қолындағы қарасын сақтап қалуға ұмтылған жұрт көп мұнда. Тіпті, аса жағдайы болмаса да 5-10 түйірлеп сатып алғандар бар. Өйткені, осы малдың рақатын көрем деп отырған ауылдағы ағайынның өзге амалы да жоқ еді.

Ал Аманөткел ауылдық округінің әкімі Қайрат Әбдірамановтың сөзіне сенсек, ауылдың айналасындағы көлшік атаулының барлығы тартылып кеткен. Жұрттың да, түліктің де мазасы қашқан.

– Бар мәселе белгілі ғой. Қуаңшылық құртып тұр. Біздің ауылдың өзінен 46 бас жылқы, 35 бас сиыр көтерем болып өлді. Бұл тіркеуде тұрғандары ғана. Ал негізгі көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін. Дұрысы, су жағалап, балшыққа батқан мал көп. Тартылған көлдің ұлтанынан кері шыға алмайды. Неге десеңіз, тым жүдеу малдың батпақтан өз-өзін суырып алар күші жоқ. Әрі қыстан әлсіз шыққан мал бұл маңайдан не тауып жейді?! Айналаның бәрі ай тақыр. Аймақта қуаңшылық пен су тапшылығы қатты сезіліп тұр. Есімде әлі, 2017 жылы осы ауыл айналысындағы көлдің бәрі шіреп тұрды. Одан кейінгі жылдары дария деңгейі біртіндеп төмендей бастады. Бұған қар мен жаңбырдың болмауын тағы қосыңыз, – дейді ауыл әкімі.

Ол осы жағдайдан соң тұрғындар арасынан кезекшілік ұйым­дастырыпты. Екі адам болып ауыл айналасындағы сорға батқан малды қарап жүреді. Көрген жағдайда иелеріне хабар беріп, әлдері келгенше шығарып алып жатыр. Ал шөп жеткізу бойынша әкім Жалағаш, Қармақшы ауданындағы кәсіпкерлермен өзі сөйлесіп жүр. Өйткені, шаруа қожалықтарын есептемегенде, ауыл тұрғындарына 600 тоннадай шөп қажет.

– Әр тұрғын, мысалы, біреуге 200, енді біреуге 50 дана жоңышқа керек болуы мүмкін. Аманөткелдіктердің шөпке деген тапсырысы 1000 данаға жеткенде арнайы көлік тіркемесімен келеді. Жем де солай. Біз соны делдалсыз, жерінен арзан бағада жеткізуге тырысамыз. Бұл мәселе облыс, аудан әкімдігінің жіті назарында тұр, – дейді Қайрат Әбдіраманов.

«Қызғаншақ» қожалықтар

Бұлай деуіміздің себебі бар. Қазір көп ауыл маңайындағы жайылымдық жерлердің көбі осындай қожалықтардың қа­рамағында тұр. Жайылым жері мен көлі бар мұндай аймаққа жеке тұрғындардың малы аттап баспайды. Дұрысы, бастырмайды. Өйткені, олар жерді ұзақ мерзімге жалға алған. Әрі мынадай қиындықта оның өз малына су да, шабындық шөп те жетпеуі мүмкін. Амал жоқ, тарылуға, яғни, «қызғануға» тура келеді.

– Олар мемлекетке белгілі салығын төлеп отырған соң, жерін сақтауға тырысады, бірақ, бұл жерде екінші мәселе бар. Ол ауыл адамдарының азын-аулақ түлігі қайда барып жайылады деген сұрақ. Көп ауылға қиындық тудырып жүрген мәселе – осы. Бірақ, біздегі шаруашылықтармен ауыл әкімі сөйлесіп, шөп ша­буға, қыстық мал азығын алуға өзара келісіп отыр. Сосын мына ауыл маңына «Барсакелмес» мемлекеттік қорығының шекарасы тақалып тұр. Оған мал да кіргізе алмайсың, отын да шаба алмайсың. Ауыл маңында жайылымға тарлық ететін осындай мәселелер бар, – дейді Қаратерең ауылының ақсақалы Мінәжат Биманов.

Қаратереңде 300-ден аса үй болса, төрт мың бас ірілі-уақты малы бар. Ауыл маңындағы «Жыланды» мен «Ақкөл» каналдары әбден бітелген. Дариядан бастау алатын өзектегі су суармалы жерге жылымшылап әзер барып тұр. Егер бұларды тереңдете қазып берсе, Қаратереңге де, көрші Жаңақұрылысқа да жететін шөп шабуға болады.

– Ауыл сыртында «Сарша» дейтін жеріміз бар. Оған су апарар 4 шақырымнан асатын «Жыланды» каналы да бітелген, арнасын құм басқан. Ол арыққа түскен су екі айдан соң шабындық жерге әзер барды. Егер толық қазсақ, 15 күнде барар еді. Алдағы уақытта каналды тереңдетуге аудандық бюджеттен қаржы сұратып отырмыз. Техникалық құжаттарды да жасатып үл­гердік.

Жалпы 6100 гектар жа­йылымдық жер бар. Қолдан келгенше шабындық жерге барар суды ұстап қалу үшін елді ұйымдастырып, жас жігіттерді тартып, «Құйылыс» деп аталар алқаптың қорғаныс бөгетін бір метрден жоғары биіктеттік. Тіпті, су асып кетер деген қауіппен бір көздік шлюз де тас­тап кеттік. Өйткені, мұндағы бар шөп жұрттың малының қыстық азығы болмақ, – дейді Қаратерең ауылының әкімі Серікбай Жұбаниязов.

Ауыл тізгінін ұстағалы жылдан енді асқан Қара­те­реңнің әкімі су көздерін тартуда әлінше әрекет етіп келеді. Абырой болғанда, бұл ауылда да, көрші Қарашалаң, Бөген жерінде де айтарлықтай мал шығыны жоқ. Серікбай Жұбаниязовтың айтуынша, каналды қазып, су барғаннан кейін жайылымдық жерде шөп қоры бар. Сондай-ақ, әкім ауылдағы мал шар­уа­шылығымен айналысып жүр­ген қожалық басшыларымен де келіскен. «Ауыл тұрғындары да олардың иелігіндегі жерден қыстық шөбін орып алуына болады. Әрине, олар бірінші өздерін қамтамасыз етері анық. Тіпті, көл маңындағы құрақ ауысса, көрші ауылдарға да көмектесер едік» дейді ол.

Іскерлігі арқасында қа­ра­мағындағылардың мәселесін оң шешіп жүрген ауыл әкіміне біздің де көңіліміз тоғайғаны рас.

Сырдария сарқылды деп жайбарақат отырмаймыз

Ел ішіне кірмес бұрын аудандық әкімдікке аялда­ғанбыз. Аралға басшы болғалы ай толмаған Серік Сермағамбетовтің дәл қазір жайбарақат отыратын уақыты жоқ секілді. Қолы сәл қалт еткенде кездесіп үлгердік. Осындағы ахуал жайлы пікірін білдік.

– Биыл орын алып отырған қуаңшылық аудандағы ауыл шаруашылығы саласын да­мытуға кері әсерін тигізіп отыр. Дария деңгейінің тө­мендеуі, қар мен жаңбырдың түспеуі біздегі малдың күйін шаршатып тұр.

Барлығына белгілі, біз­дегі негізгі кәсіп – мал шаруашылығы. Статис­тикалық есепте 931-ден аса шаруа қожалық болса, оның 700-ден астамы мал шаруашылығына тиесілі. Судың болмауы шабындық жерлерге өз әсерін тигізуде. Қосымша күннің аптап ысуы да шаруаға оңай болмай тұр, – дейді Арал ауданының әкімі.

Ауданда төтенше жағ­дай­дың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өткен. Малдың азығын дайындау жөнінде мәселе әлі де күн тәртібінде тұр.

– Бірінші кезекте елді мекендер бойынша мал қыстату үшін жем-шөп қорын жасақтау жұмыстарын тоқтатпау. Осы бойынша көршілес Ақ­тө­беге қарасты Ырғыз бен өзі­міздің көрші аудандармен келісім жасау үшін тиісті шара ұйымдастырып жатырмыз. Кешегі күнге дейін 576 тонна жоңышқа сатылды. Қосымша 502 тоннаға тапсырыс берілді. 120 тонна жем жолда келе жатыр. Еріктілер және ветеринарлық топ құрып, ауылдық жерлерде қосымша жұмыс істеуде. Ескеретін нәрсе, біздегі мал шығыны белгілі бір індеттен емес, осы қуаңшылықтың кесірі, – дейді аудан әкімі.

Айтпақшы, былтыр осы ауданда жайылымдық жерлерді суландыру үшін бұрынғы су көздеріне түгендеу жұмыстары жүргізілген  еді. Нағыз суды қажет ететін ауылдардағы 49 су ұңғымаларының (скважина) координаттары алыныпты.

– Қазір бұлақтың көзін ашқанмен, оны заңды түрде құжаттандыруымыз қажет. Ол бойынша жауапты бөлімдер айналысып жатыр. Су ұңғымаларын қайта қазсақ, малшы қауымға көп көмек болары анық.  Мойындау керек, мал басының азаюы орын алады. Ол анық нәрсе. Бірақ, жем-шөппен қамту мәселесі күзге дейін, қажет болса, одан әрі де жалғаса береді. Су азайды деп жайбарақат отыра алмаймыз. Төрт түлікті жақсы жайылым жерлерге ауыстыру, көрші аудандармен келісіп, өріс сұрау мәселесін де шешіп жатырмыз, – дейді Серік Сермағамбетов.

 «Кәсіп аш, мал өсір, өнімін сат» деп айтармыз-ау. Бірақ елдегі қуаңшылық бұған деген ықыласыңды төмендетіп тұр. Неге? Күні кешеге дейін кәсіпкерлік арқылы несие алып, 10-15 жылқы, сиырмен тірлігін бастаған кейбір тұрғындар «енді қайтеміз?» деп дағдарады. Шөптің бағасы тым асқақтап тұр. Ал, жемнің нарқы одан да қымбат. Ащы мысқылмен айтсақ, екеуінің де құны ауылдағы ағайынның «сәлемін алмайды». Дәл қазіргі уақытта Аралдағы төрт түлікке 7 жарым мың тоннадан астам шөп керек. Бұған қоса, 64 мың тонна жем қоры жиналуы тиіс.

Елдегілердің тілегі біреу ғана. Әлі де арзан мал азығын көбейту. Иә, ірі қожалықтар мұндайда амалын табары анық. Қолдағы жарамды малын сатып, көрші аудандардан тапсырыспен тонналап алдырып та жатыр. Бірақ, бәрібір өз жерінде құнығып жайылмаған малдың қоңы мұнымен жақсы болып кете ме деген сұрақ жиі мазалайды. Барлығында да осы ауыр ой ғана…

…Ақ «Нива» кері қайтты. Сағат кешкі жеті болса да, мұндағы аптап қайта қоймаған. Қуаңшылық кеулеп тұр. Қасқа құлынның халі қалай болар екен?!

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<