Сотталғандарды тәрбиелеудің тиімді тетігі – еңбек

468

0

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің           ЗК-169/1  мекемесіндегі шаруашылық бөліміне қалдырылған сотталған азаматтар, арнайы ғимарат ауласында көгалдандыру, тазалық жұмыстарын жүргізді. Қазақстан Республикасының  Қылмыстық- атқару кодексінің 121-бабында сотталғандар кезектік тәртібімен, ұзақтығы  аптасына  екі сағаттан аспайтын мекеме аумағына  және оған іргелес  жатқан аумақты абаттандыру жұмыстарына тартылады делінген. Заңның осы бабын негізге ала отырып,    5 сотталған  азамат жатақхана алдындағы көгеріштендіруге арналған  жерде, ерікті түрде еңбек етті. Жұмыс барысында алдымен, белгіленген төңіректі  күз бен қыстан қалған күл-қоқыстан тазартты. Артынша қураған шөп-шаламды тырмалап, күрек алып, бөлінген аймақтағы жерді аударды. Енді бірі, гүл отырғызатын қоршаудың төңірегін әктеп шықты.

«Бүгінгі көктемгі шаруашылық, ауылымды еске түсірді. Үйімнің артында бау-бақшам бар еді. Мен кеткелі қараусыз қалды. Жаза мерзімімнің аяқталуына 1 жылдан астам уақыт қалды. Тезірек темір тордан шығып, отбасыма оралсам, екі ұлыммен бірге  жеміс ағаштарын отырғызып, адал еңбекпен отбасымды асыраймын. Жасаған қылмысыма қатты өкінемін»,- деді сотталған С.есімді азамат.

«Сотталғандарды түзетудің бірден-бір құралы еңбек. Еңбек- олардың  бойларындағы салақтық, жалқаулық, салғырттық пен өзімшілдік  сияқты мінез дертінен арылтады. Саналы түрде құқық бұзып, қылмыскер атанған ересек адамдарды, осылайша еңбекке тарта отырып, біз оларды қайта тәрбиелеп, түзелу жолына бағыттаймыз»,- деді мекеме  бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары , әділет майоры Қайрат Олжабаев.

Қызылорда облысы бойынша

Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<