Түс көру – бұл…

401

0

Әлеуметтік желіге сүйенсек, түс көру қиял процесінің ұйқы кезіндегі енжар бейнесі екен. Мұның өзі, алға қойған мақсаттарыңа деген сенім болуы мүмкін. Не болмаса, келешегіңді көрсетер алтын көпір іспеттес. Жазуға болмайтын жоспарды, жек көретін адамыңды, шиеленісіп жатқан күйбең тірлігіңді түсіңде көру-заңдылық та шығар. Кейде өңіңде қайталанған дүниеге көз жұма қарауға болмас. Ал, кейде зерігу мен шаршаудан қиял әлеміне еніп, шытырман оқиғалы әсер алатын сәттің де өзіндік берері мол.

Аспанды қалың  бұлт торлап, күн ұясына батқан сәтті сөзбен көркемдеу мүмкін емес. Шұғылалы айдың сәулесі ақ шарбы бұлттардың арасынан сығалап келе жатқан уақытты қазақ халқы «ымырт» деп атайды екен. Осындай ғажайыптың жетегінде кетіп, жастыққа бас қойған сәттен түрлі армандардың есігі әрдайым ашық тұрары сөзсіз. Сол мезетте жанарыңды жылулық торлап қалың ұйқыға масайрағанда көз алдыңа құбылыстар мен неше түрлі бейнелер кеп жатады. Кей жағдайда оны оянған соң, есте сақтап қалу әсте мүмкін емес.

           Мен жиі түс көрушілердің қатарынанмын. Кейде өзімнің жиі түс көретінімнен қорқатын сәттер көп болады.  Соңғы уақыттары түс көрмесем ұйықтай алмайтын «дертке» шалдықтым. Бас-аяғы бар, толық бөлімді «кино», «хикая», тіпті шындыққа жанаспайтын бейнелер.

25-нен 26-на қараған түн

  Дүкенге кіріп барамын, артымша қара киімді бір кісі кіріп келді. Мән бермедім. Алар затымды алып бола сала, сыртқа шықпастан қап-қара үңгір тектес бөлме іші пайда бола кетті. Аң-таңмын. Кенет адам аяғының жүріп келе жатқан үні естілді. Мен шошып кеттім. Үстінде ақ жейде мен қара шалбары болған.  Дәл қазіргі қалпы.  Дүрдиген ерні мен нұр төгіліп тұрған жанары жылт етіп бірінші көрінді. Жымиысының өзі қандай ерекше десеңізші?! Шашы желке тұсына жетсе де оны артына қарай қайырып қойған. Бұрынғы қалпы. Жәйлап қасыма кеп, құлағымның түбінен сыбырлап өлең оқуға кіріскен. Мен болмасам, оның әрбір алған тынысына жаныммен рахаттанып барамын. Одан сайын жақындап келіп, ұят пен қорқыныштың ортасындағы «бекініс» бола тұрған  ып-ыстық бетімнен алақанымен ұстап, құшырлана сүйген болатын. Мен не істерімді білмей, әрі қарай не болар екен деумен жатыр едім, мұнымнан түк шықпады.

      Оятқыштың даусы құлақ етімді жеп біткен. 04:41. Соңғы кездері «кумирім» ретінде санап жүрген, поэзиясын оқығанда арқама қанат бітіп, пыраққа айналатындай сезім сыйлап жүрген сүйікті ақынымды көргеніме өз-өзіме сенбедім.  Мүмкін, көп ойлағандықтан болар деп жобаладым.

27-нен 28-не қараған түн

Ауылдағы мектепке мұғалім боп барған екенмін деймін. Амандассам, апайларым мені танымайды да. Менсінбегендей кейіп танытып барады. Анадай жерде сыныптастарымның біразы жиналып алыпты. Жасым 40-50 шамасындағы абыройлы, ауыл тұрғындарына танымал, біршама жетістікке жеткен әйел екенімді көрдім. Үстімде күлгін түстес костюм мен қара юбка. Аяғымда қара биікөкшелі аяқ киім мен әппақ жылтыраған ақ кофтам бар. Дәлізде өтіп бара жатып, сынып жетекшісімен сөйлесуге сыныпқа кіріппін. Ортаңғы партаның ең соңында біз екеуміздің сөзімізді бөліп екі қыз отыр екен. Бірі-шашын алқызыл түске бояп алған. Мінезі де адам шыдайтын мінез емес.  Мен орнымнан тұра сап, бір рет ескерту жасадым. Қояр емес. Екінші ескерту жасадым: менің бетімнен алып, маған қарсы сөйледі. Орнымнан тұрып, бері шақырып алып, өзімнің мұғалім екеніммен қоймай жұдырық ала жүгірдім. Бет сүйегі мен мұрны сынды. Көлдей боп еденге қаны ағып жатыр. Менің ернімнің ішкі беті қанталап кеткен. Оны көрген білгендер айтып жатыр. Дереу әжетханаға барып, жуынып, айнаға қарап тұрып түкіргенім,  өңімде өзімнің үстіме шашырапты. (Осындай оқиғалар жиі болып тұрады) Оянып кеттім. Сағатқа қарасам 06:24.Түсім екен ғой деген оймен сабаққа баруға кірісе кеттім.

      Осы секілді қаншама адам ойына кіріп шықпайтын құбылыстар мен бейнелерді тек қана жақсы жағына қарай жори білу керек. Дегенмен, «түс-түлкінің тезегі» деген де бар емес пе?!

 Гүлжанат ҚАДЫРБЕКОВА,

Қорқыт ата атындағы ҚУ 4-курс студенті

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз