«Ақылды адамның жемісі»

410

0

БАНАН БАПТАҒАН БАҒБАН

Әлем жұртшылығы табиғи азық-түлік өнімдерін тұтынуға ден қоя бастаған. Осы жолда ғалымдар терең ізденіске түсіп, сан түрлі идеялар мен ұсыныстар айтуда. Соның бірі – нидерландтық ізденушілер көп қабатты тұрғын үйлердің жертөлесінен өнім алу тәсілін ойлап тапса, АҚШ ғалымдары алақандай жерден аз күнде көкөніс түрлерін өсіру арқылы, оның пайдалылығын 40 пайызға дейін арттыру жобасын таныстырды. Әлемге әлі кең тарай қоймаған бұл жобалардың жүзеге асуы бүгінде Қазақстанда да қызу қолға алына бастағаны қуантады. Атап айтқанда Ақай ауылында жылусыз-ақ жайқалып тұрған жылыжай бар. Жергілікті кәсіпкер Ерлан Жаппасбаев малдың қиынан алынған биогаздың көмегімен экзотикалық жемісті жерсіндіріп жатыр. Ізденімпаз бағбан бұл жұмысын жақын арада патенттеп алмақшы.

Жылыжайдың ішінде қияр, қызанақ, салат жапырақтарының жайқалып тұрғанын көрдік. Бірақ бізді таңғалдырған банан болды. Иә, көз көріп үйренбеген, тек шетелдік кинолардан ғана көретін өсімдік Ақай ауылындағы жылыжайда өсіп тұр. Биіктігі екі жарым метр болған. Бар болғаны алты-жеті айда кісі бойындай өскен жеміс ағашынан түсетін пайда оның көшеттерінде дейді бағбан.

– Мен бананды Өзбекстаннан әкелдім. Бұйырса, екі жылда өнім береді. Зерттеуім бойынша, бананның жемісін сатқаннан, көшетін сатқан әлдеқайда тиімді. Өйткені бір банан жыл сайын 15-20 көшет береді. Оның әр түбін он-он бес мыңнан сатамыз.

Тропикалық өсімдік біздің ыстықта әдемі өседі. Түркістан облысымен салыстырдық, оларда біздегідей бап жоқ. Күн қаншалықты ыстық болған сайын, банан соғұрлым жақсы өседі. Біз Африка болып тұрмыз ғой. Өйткені, банандар жылуға тойып, биік бой көтерді.

Қазір бес түп бананым бар. Алғашқы жемісін келер жылы береді. Әр түптен 20 келіден өнім алуға болады, – деді Ерлан Жаппасбаев.

Бананның отаны – Оңтүстік-Шығыс Азия. Десек те, банан қазір елдегі тұтынылатын жемістердің арасында бесінші орында тұр.

Көпшілік бананды жемістер қатарына жатқызады. Алайда, ол – жидек. Әлемдегі ең үлкен банан ағашының биіктігі, орташа есеппен 10 метр, ал диаметрі 50 сантиметрге жетеді. Оның бір сабағында 300 бананға дейін болады. Бұл, шамамен, 500 келіге дейін тартады.

Бағбанның айтуынша бананның ең бірінші денсаулыққа пайдасы мол.

– Көңіл-күйді реттейтін В6 дәрумені басқа жемістерге қарағанда бананда көп болады. Қызығы – банан диетасы да бар. Алайда оның нәрлілігі картопқа қарағанда бір жарым есеге көп. Егер бананды кептірсе, калориясы 5 есеге дейін өседі. Сондай-ақ, оның құрамында калий болады. Ол адамның қалыпты қысымда жүруі үшін өте қажет. Сонымен қатар, калий жүрек бұлшық етін қатайтады.

Банан сөзін латын тілінен аударғанда «musa sapientum», яғни «ақылды адамның жемісі» деген мағынаны білдіреді, – дейді бағбан.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

Қызылорда-Ақай-Қызылорда

Суретті түсірген Н.Нұржаубай

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<