Бағымы келіскен бал арасы

697

0

Қайдан оқығаным есімде жоқ, бал арасының 76 сезім мүшесі барын білгенде таңғалдым. Шыны керек, бұлардың тіршілігі адамзаттың өмір сүру салтына келіңкірейді. Ұжымдаса еңбек қылады. Қызығы сол, аралардың әр тайпасының өз патшайымы, оның күтушісі мен күзетшісі болады. Тіпті патшайымды тамақтандыратын аспаз аралар бар екен.

 Айтайын дегеніміз, бал арасының бабын тапқандар біздің өңірде жетерлік. Бағуын келістіріп, табыс тауып отырған жігіттерді де білетінбіз. Соның бірі – сырдариялық Антон Кокшаров. Тереңөзек кентінде тұратын ол 2020 жылдан бері отбасылық бизнесін өркендетіп отыр. Анасы Гүлюзумнің айтуынша, оған әкесі Александр көп көмек көрсеткен.

– Кәсіппен айналысам десең, тек ізденіс пен еңбек керек. Сондай-ақ үйренуден жалықпау қажет. Сонда ғана істің берекесі болады. Ұлымыз Антон колледж бітірген соң осы ара шаруашылығымен айналысуға бет бұрды. Бізбен ақылдасып, кеңес сұрады. Біз, әрине, қолдау білдірдік. Сөйтсек, ол оқу орнында оқып жүріп, шәкіртақысын жинапты. Сол қаржыға біз де ақша қосып, қажетті материалдар мен Шымкент қаласынан араның ұясын сатып алдық. Әкесі ұяны өз қолымен істеп те берді. Әдепкіде он екі болды, сонда баға бастадық. Үш жылдан бері бұл кәсіпті ұлғайтып, омарта шаруашылығын отбасымыз болып дамытып келеміз. Пайда бар, сұраныс жыл санап артуда,– дейді Г.Кокшарова.

Омарташы Антонның негізгі мамандығы – дәнекерлеуші. Оның айтуынша, қазіргі тіршілігінің табысы жап-жақсы. Бірақ бал арасының бағуын келістірмесеңіз, шығын да болады. Өзі 11 жасынан бері атасының ара шаруашылығымен айналысқанын көріп, қызығушылығы артқан. Бүгінде ол 35-тен аса ұя ұстап отыр. Шағын шаруашылыққа ата-анасынан бөлек, ағасы Сергей де көмектеседі. Ал анасы балды өңдеп, 1500 теңгеден Қызылорда қаласы мен аудан тұрғындарына өткізеді. Тұрақты тұтынушылары мен сатып алушылары бар.

– Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаларға сүйеніп, бұл кәсіпті кеңейткім келеді. Отбасымызбен бірге айналысып отырған шаруашылықты әр қарай жандандыру – басты мақсатым. Әзірге ата-анам несие алып, бізге қолдау көрсетіп отыр. Алдағы қыста тағы да омартаға 10 ара ұясын қоссам деп отырмын, – дейді Антон.

Иә, бұл кәсіптің қыр-сырын тану қиынның қиыны. Белгілісі, балдың адам денсаулығына мың дауасы бар. Бір ғана мысал, араның қанатының суылы бізге байқалмаса да, онымен демалған адамға күш-қуат беретін қасиеті бар екен. Айтпақшы, Альберт Эйнштейн: «Егер бал арасы болмаса, адамзат 4 жылдан соң жойылады» депті. Кім білсін?!

Е.БЕКМЫРЗАҰЛЫ,

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<