Бөденеге сұраныс артып келеді

530

0

Кейінгі кезде Сыр өңірінде құс шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Соның бірі – «Бесарық» ауылындағы бөдене фирмасы. Күні кеше біз де Сырдария ауданына қарасты елді мекенде болып, құс шаруашылығының қым-қуыт тіршілігімен танысып қайттық.

Аймақта алғаш қолға алынған кәсіпорынның ашылуына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы қатысып, өндіріс жұмысына оң бағасын берген болатын.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Елімізде сапалы ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған жобаларға басымдық берген абзал. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар ашу арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет», – деген болатын. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында маңызды жобаны қолға алып, бөдене фермасын салған кәсіпкер Мұрат Абайұлына Сыр жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын, – деді облыс әкімі. 

«Абай-Дәулет» ЖШС қолға алған шаруашылық аз уақыт ішінде ширап, жұмысы жолға қойылған. Бүгінде мұнда 3000-нан аса бөдене өсірілуде. Жұдырықтай құстың бабы аса қиын көрінбейді. Қажетті жем, суы күнделікті беріліп тұрса жеткілікті.

Бөдене – қырғауыл тұқымына жататын құс. Түсі ақшыл жолақты немесе сұрлау келеді. Көбіне өсімдікпен кейде жәндікпен қоректенеді. Бүгінде бөдене шаруашылығы – берекелі кәсіптің бірі.

Ферма жылына 1500 тонна құс етін өндіре алады.  Сыйымдылығы 80000 бас, оның ішінде 40000 бас ет бағытына, 40000 бас жұмыртқа бағытына арналған. Кәсіпорын толық қуаттылыққа шыққанда 160 адамды жұмыспен қамтымақ ниетте.

Ферма басшысы Абай Дидар Маратұлы межелі мекенжайдан күтіп алып, алақандай құстың балапан кезінен қалай үйретілгенін, санамызға сіңіріп әлек.

– Бөдене аса күтімді қажет ететін құс. Бұлар суық жерде жұмыртқаламайды. Ыстықты да ұната қоймайды. Тұрақты температура қажет. Жұмыс барысы толыққанды автоматтандырылған. Қол күші аса қажет етілмейді. Еті мен жұмыртқасының пайдасы мол. Әзірше шыққан өніммен қала көлемін қамтып отырмыз. Алдағы уақытта нарық ауқымын кеңейту жоспарда бар, – дейді ол.

Кәсіпорында күн бойы құстардың тыныс-тіршілігін бақылап отырған маманның бірі оператор-технолог Қайрат Кәрімбаев. Жем, суының уақытылы беріліп отыруы, жұмыртқасының үздіксіз терілуі бәрі-бәрі осы жігіттің жауапкершілігінде. Ауыл баласы шаруаға бейім ғой, ә дегеннен ферма жұмысын дөңгелентіп әкетіпті.

Айтпақшы, қазір фермада «Гигант», «Манджир», «Эстон», «Техас» тұқымына жататын балапандар өсіп бапталуда. Бәрі темір тордың ішінде. Бөденені қамап ұстамаса, бос жүріп табыс әкелмейді. Барлығы бір ғимараттың ішінде орналасқан үш қатарлы автоматтандырылған қондырғыға жайғасқан. Әр қондырғыда арнайы құс жәшігі бар. Бір бөдене 16 сағат сайын жұмыртқалайды.

– Жиналған жұмыртқаларды арнайы жәшікке салып, қала орталығына жеткіземіз. Сонымен қатар ет бағытына да ұсынылуда. Жаз мезгіліне таяу жем зауытын салуды жоспарлап отырмыз. Құс азығына қажетті өнімді өзіміз өндірсек, шығын соншалықты аз болмақ. Бұл өз кезегінде өнім көлемінің артуына септігін тигізбек. Жақсы өнім болу үшін құс жарақты болу керек. Инкубаторда 20 күнге жуық, брудер де 25-30 күн тұрады. Сосын сеткаға саламыз. 35-40 күн толғанда алғашқы жұмыртқа бере бастайды. Оның 65-70 пайызы жұмыртқадан балапандар жарып шығады. Олардың 50 пайызы мекен, қораз болып бөлінеді. Мекендерін қалдырып, қораздарының жартысын алып, қалғанын ет бағытына сойысқа жіберіп отырамыз. Осындай баппен шектеулі уақытта 80000 басқа жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз.  Әр құстың салмағы 170-200 грамм болғанда сорпа дайындауға беріледі. Ал тиісінше 250-350 грамм бөденелер гриль бағытына жіберіледі, – деп түсіндірді фермер.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<