Ешкінің сүті – ем–дәру

787

0

Өткен апта Жаңақорған ауданындағы тілшілік сапарда ешкі баққан отбасыға жолыққаным бар. Ешкі болғанда, біздің байырғыдан келе жатқан тынымсыз әрі сүзеген тұқым емес. Бұл – «Заанен» деп алатын сүтті ешкі. Ешкінің осы түрі Жаңақорған жеріне қалай келді? Кейіпкердің өзін сөйлетіп көрелік, ендеше.

– Өзім мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарынанмын. Үшінші топқа жатамын. Күйеуім Жантөре Сүлейменов ІІ топта, – деп бастады әңгімесін жаңақорғандық Гүлназ Сүлейменова. – Ол 2019 жылы инсульт алып, жұмысқа жарамай қалды. Миына қан құйылып, талай уақыт аурухана төсегіне таңылды. Сол кезде күйеуіме ешкі сүтін ішкізуге кеңес берген. Ешкі болғанда, өзіміздің емес, халық арасында «орыс ешкі» атанған, өзіңіз көргендей, асылтұқымды «Заанен» ешкісінің сүтін беру керегін айтты. Дәрігерлер де осыған кеңес берді. Мұны естіген қайынағам осы ешкі тұқымын тауып, уақытша болса да сауып ішуге көмегін көрсетті. Айтпақшы, ол уақытта жолдасым жүре алмайтын, арбаға таңылған. Күнде ешкіні сауып, сүтін қыл-қыбырдан сүзіп, жылылай ашқарынға беріп жүрдім. Содан бері нәтижесі көрінді. Күйеуім үш айдан соң арбадан құтылып, өз аяғымен қайтадан жер басып кетті. Бірақ, әлі де жұмысқа жарамсыз. Міне, осыдан соң ой келіп, асылтұқымды ешкі асырауды жөн көрдік. Өйткені, мен де, күйеуім де мүгедектікке қатысты жәрдемақыға ғана қарап отыруға болмайтынын түсіндік. Балалар да өсіп келеді. Олардың да қажеттілігі көбейіп тұр…

Осылайша Гүлназ былтыр қазан айында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында конкурсқа қатысып, 1 млн 225 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтқан. «Төре» жеке кәсіпкерлігін құрып, 10 бас асылтұқымды ешкі сатып алып, кәсібін бастапты. Бір қызығы, дәл осы «Заанен» тұқымды ешкілердің кейбірінің бағасы бір сиырдың құнына жетеқабыл.

– Қазір аналық ешкілердің барлығы буаз. Жылына бір мәрте лақтайды. Кейде біреу, кейде егіз. Лақтаған соң сүтін жергілікті тұрғындарға сатпақпыз. Көршілер де күтіп жүр. Оған қосымша балабақшалар мен шипажайлардан тапсырыс түседі деп ойлаймын. Мұны туған соң 10 айға дейін, тіпті жыл бойы саууға болады. Күніне әрқайсысы 4 литрге дейін сүт береді. Жем-шөбі жақсы болса, өз-өзін ақтайды. Алдағы уақытта ешкі санын көбейтіп, сүтін көбірек сатылымға шығарсақ деген жоспарымыз бар, – дейді кәсіпкер келіншек.

Гүлназдың айтуынша, сүтті мол беретін «Заанен» ешкілерінің адам денсаулығына пайдасы зор. Жүректің, бүйрек пен бауыр, асқазан жұмысын реттейді. Сондай-ақ сынған сүйекті қалпына келтіруге көмегі көп. Жаңа туған сәбилерге ана сүтін алмастыра алатын да бірден-бір өнім. Бұдан бөлек, қарт кісілер де жиі ішіп тұрса, денсаулығына оң өзгеріс әкеледі екен.

Айтпақшы, оқырманға түсінікті болуы үшін мынаны айта кеткенді жөн көрдік. Жоғарыда айтқандай, «Заанен» ешкісінің отаны – Швейцариядағы Зане өзенінің бойы. Тарихи деректер осылай дейді. Бұл ешкі тұқымының көбісі тоқал болып келеді. Терісі жұқа болғанымен сүтті. Аталығының өзі 70-80 келі салмақ тартса, ешкісі 50-60, ал жаңа туған лағының салмағы төрт келіден асады.

Шет мемлекеттердің шипажайларында көбіне-көп ешкі сүтін пайдаланады екен. Мысалы, туберкулез, анемия, рахит ауруына шалдыққандарды осымен емдеген. Дәрігерлер де бұған қосымша тері мен буын дертіне жақсы әсер беріп, ішкі құрылысты жақсартуға шипасы мол екенін айтады.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<